Қала қазынасынан 476,7 млн теңге бөлінді

20 Наурыз 2017 19:00

Баспана мәселесін шешудің бір жолы – үй салам дегендерді жеке тұрғын-үй құрылысын жүргізетін жер телімдерімен қамтамасыз ету. Биыл Жезқазғанда 670 адамға осындай мақсаттағы жер телімдерін беру жоспарланып отыр, деп хабарлады egemen.kz.

Ол үшін қаланың батыс аймағындағы арнайы белгіленген жер телімдерін қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтуды аяқтау үшін биыл инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында қазынадан 476,7 миллион теңге бөлініп отыр. Аталған қаражатқа ұзындығы – 14,2 шақырым кәріз желілері, 29,4 шақырым электр желілері салу жоспарлануда. Құрылыс жұмыстарының бас мердігері – «Қазбайлық Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.  Қазір 18,5 шақырым су құбыры және 10 кВт электр желілері құрылысы толығымен аяқталды. Жұмыс кестесі бекітіліп, 0,4 кВт желілерінің тіреулерін орнату бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Қала әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2017 жылдың наурыз айына дейін Жезқазған қаласы бойынша жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерін алуға 2415 азамат өтініш берген. Осы орайда, барлығы 144 пәтерлік төрт көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына қажет жобалық-сметалық құжаттама дайындауға 47,7 миллион теңге бөлініп, мердігер іске кіріскенін айта кеткен жөн. Аталған жоба іске асқан жағдайда, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде тұрған 2002 азаматтың тізімі де 1878 адамға қысқармақ.