Елбасы: ЭКСПО қонақтарын қабылдауға жан-жақты дайындалу қажет

21 Сәуір 2017 17:40

Елбасы Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері және «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық барысы жөніндегі кеңеске қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Кеңесте елорданың өзекті проблемалары мен даму перспективасы, сондай-ақ халықаралық көрмені ұйымдастыру мәселесі талқыланды.

Мемлекет басшысы еліміз бен халқымыз үшін алдағы «ЭКСПО-2017» көрмесінің маңыздылығын атап өтіп, шетелдік қонақтар мен Қазақстанның барлық өңірінен келетін туристерді қабылдауға жан-жақты дайындалу қажет екеніне назар аударды.

«Біз дайындықтың соңғы кезеңіне жеттік, ауқымды жұмыс атқарылды. Елорда көп адамды қарсы алуға дайын болуға тиіс. Инфрақұрылымды, қонақ үйлерді, мәдениет ошақтарын, қалалық қызмет көрсету мекемелерін әзірлеп қою қажет», – дейді президент.

Нұрсұлтан Назарбаев Астананың тұрғындар үшін қолайлы әрі жайлы, сондай-ақ әлемнің үздік қаласының біріне айналуға тиіс екенін атап өтті. Осы орайда, мемлекет басшысы елорданы одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

«Қаланың басқарудың барлық саласында қазіргі заманғы цифрлық технологияларды енгізу қажет. Үкімет Астананы цифрлық технологиялар енгізілетін негізгі алаңға айналдыруы керек. Менің тапсырмаммен «ЭКСПО» аумағында IT-стартаптардың халықаралық технопаркі ашылады», – дейді елбасы.