Астанаға екі жылда 42 млрд теңгенің азық-түлігі импортталды

21 Сәуір 2017 18:20

Өткен екі жылда Астанаға 42 млрд теңгеден астам қаржыға азық-түлік импортталды. Мұны мемлекет басшысы Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы елорданы азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмысының кемшін тұстарына тоқталды.

«Қалада салынған көкөніс қоймасы, коммуналды рынок, сауда павильондары желісі әлі де толық пайдаланылмай отыр. Мәселен, сегіз көкөніс қоймасының екеуі жұмыс істемейді, ал қалғанының төрттен бір бөлігі ғана толтырылған. Өткен екі жыл ішінде ғана Астанаға құны 42 млрд теңгеден астам қаржыға импорттық азық-түлік әкелінген. Оның көбісі – өзіміз өндіре алатын өнім. Мұның бәрі, түптеп келгенде Астана төңірегінде азық-түлік белдеуін дамыту жөніндегі жұмыстың сәтсіз болғанын білдіреді», – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы автокөлікпен келетін туристерге жол бойында қызмет көрсету ісін ұйымдастыру қажеттігін де атап өтті.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы көрме өтетін күндері мәдени-көпшілік және ерекше маңызы бар іс-шаралар ұйымдастыруға, ақпараттық жұмысқа, Астана қонақтары мен тұрғындарының қауіпсіздігі мәселелеріне назар аударып, қонақтарды қарсы алуға волонтерлердің дайындық дәрежесі жөнінде сауал қойды.

«Енді көрмені мазмұндық жағынан толтыру мәселесіне келейік. Қатысушы елдер экспозиция жобаларын әлі бекітіп болған жоқ. Барлық шетелдік қатысушының өз павильонын мазмұндық жағынан толтыру процесін тездетуді «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы мен Сыртқы істер министрлігіне тапсырамын. Қазақстанның павильонына да ерекше назар аударылады. Оған отандық 28 әзірлеме, соның ішінде жоғары оқу орындарының жобалары іріктеп алынды. Біздің экспонаттар жәдігерлердің халықаралық экспонаттардан кем түспеуге тиіс», – дейді президент.