Қыркүйекте электронды еңбек биржасы iске қосылады

21 Сәуір 2017 18:41

Қыркүйек айында электронды еңбек биржасы iске қосылатын болды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау вице-министрi Бiржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды baq.kz.

«Электронды еңбек биржасын 2017 жылдың қыркүйек айында iске қосуды жоспарлап отырмыз. Жалпы оны құру арқылы, бiрiншiден, бұған дейiн жұмыссыздар мен бос жұмыс орындарын ғаламтордан iздемеген жұмыс берушi мен жұмысшыyы, сондай-ақ жеке жұмыспен қамту агенттiктерiн ортақ арнада тоғыстыруға жол ашылады. Екiншiден, жұмыспен қамту орталығы, iс жүзiнде HR – қызмет, яғни насихат мiндетiн тегiн атқармақ. Үшiншiден, электронды биржа, жұмыс iздеу мен оны ұсынудың ең жеңiл әрi үйреншiктi тәсiлiне айналмақ», – дейдi Біржан Нұрымбетов.

Вице-министрдiң айтуынша, электронды еңбек биржасын құрумен қатар, жұмыспен қамту орталықтарын жаңғыртуда белсендi iс-қимыл жасалып отыр. Мәселен, қызмет көрсетудiң жаңа стандарттары түзiлiп, жұмыспен қамту орталықтарын мемлекеттiк мекеме сипатынан шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк коммуналды кәсiпорын етiп өзгерту қарастырылған.

«Бұл арқылы, жекеменшiк саладағыдай, орталық қызметкерлерiнiң еңбегi түпкi нәтижесiне қарай төленеді. Сонымен бiрге, жұмыспен қамту орталықтары жаңа компьютерлермен жабдықталып, министрлiктiң бүкіл ақпарат жүйесiне және эталон базаларына қолжетiмдiлiктi қамтамасыз ететiн бағдарламалық кешендер орнатылады. Көрсетiлетiн қызметтер сапасын жақсарту мақсатында биыл Астана, Алматы және Шымкент қалаларында электронды кезек енгiзудi көздеп отырмыз. Жыл соңына дейiн электронды кезек елiмiздiң барлық облыс орталықтарында енгiзiледі», – дейдi вице-министр.

Мекеме өкiлiнiң айтуынша, азаматтардың жұмыспен қамту орталығының қызметiне қолжетiмдiлiгiн арттыру мақсатында 237 халыққа қызмет көрсету орталығында 272 жұмыс орны ашылды. Вице-министр, азаматтарды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуге арналған «е-Халық» жүйесi туралы әңгiмелеп бердi.