Бақытжан Сағынтаев ҚР АШМ ұжымына жаңа министрді таныстырды

1197

Бақытжан Сағынтаев ҚР АШМ ұжымына жаңа министрді таныстырды

Бүгін ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР АШМ ұжымына ауыл шаруашылығы жаңа министрі Өмірзақ Шөкеевті таныстырды, деп хабарлайды primeminister.kz.

"Мемлекет басшысының жарлығымен Өмірзақ Естайұлы Шөкеев ҚР премьер-министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды", — деп мәлімдеді премьер-министр.

Бақытжан Сағынтаев Асқар Мырзахметовке бірлесіп атқарған нәтижелі жұмысы үшін алғыс білдіріп, еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.

"Министрліктің алдында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру секілді өте маңызды міндеттер тұр", — деді премьер-министр Өмірзақ Шөкеевті таныстыра отырып. — Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында аграрлық сектор экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналуы тиіс екенін айтып өтті. Президент ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, түсімді арттыру, еңбек өнімділігін ұлғайту және саланың экспорттық мүмкіндіктерін дамытуды қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыс қарқынын күшейтіп, жеделдетуі керек. Негізгі басымдық — жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнім өндіру".

Бақытжан Сағынтаев жаңа министрге және министрлік ұжымына табыс тілеп, алға қойылған міндеттерді іске асыруға белсене араласып, барынша күш жұмылдыру қажеттігін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу