Биыл ауызсумен қамтуға 67 миллиардтан аса теңге бөлінеді

877

Биыл ауызсумен қамтуға 67 миллиардтан аса теңге бөлінеді

Халықты ауызсумен қамтамасыз ету үшін биыл 67,9 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы ҚР инвестициялар және даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов айтты, деп хабарлайды ҚР ИДМ баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Мархабат Жайымбетов 2017 жылдың қорытындысы бойынша орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділік жоспарланған көрсеткіштен асып, қалаларда - 93,8% (белгіленген жоспар 90%), ауылдарда 57,4%-ды (белгіленген жоспар 55% болатын) құрағанын айтты.

Оның айтуынша, ауыл тұрғындарының 80,7%-ы орталықтандырылған сумен жабдықталған (7,7 млн адамның 6,2 млн адамы). Бұл көрсеткіш су тарту жұмыстары ең алдымен халық саны көп елді мекендерде жүргізілетіндігін көрсетеді.

"2018 жылы халықты ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша диспропорцияны азайту мақсатында қаржыландыру көлемі 21,7% -ға артып, 67,9 млрд теңгені (193 жоба) құрады. Қаржыландыру көбінесе қолжетімділігі төмен өңірлерге бағытталған. Биыл қалалық жерлерді сумен қамтамасыз ету және су тарту жұмыстарына 22,7 млрд теңге қарастырылған. Бұл сомаға 40 жоба іске асырылатын болады. Ал, ауылдық жерлерде сумен жабдықтау және су тарту үшін 45,2 млрд теңгенің 153 жобасы жүзеге асырылады. Бұл жұмыстардың нәтижесі бойынша орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділікті елдімекендерде 59%-ға дейін, ал қалаларда 94%-ға дейін арттыру көзделіп отыр", - деді комитет төрағасы Мархабат Жайымбетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу