Даниал Ахметов ШҚО-дағы бірқатар ірі жобаны іске асыру үшін ЕДБ-ден қарыз сұрады

698

Даниал Ахметов ШҚО-дағы бірқатар ірі жобаны іске асыру үшін ЕДБ-ден қарыз сұрады

Облысқа арнайы сапармен келген Еуразиялық даму банкінің өкілдері Шығыстағы бірқатар ірі жобаға қызығушылық танытып отыр. Бұл жөнінде меймандарды облыс әкімі Даниал Ахметовтің қабылдауы кезінде белгілі болды, деп хабарлайды altaynews.kz.

Экономистерді қабылдаған өңір басшысы Даниал Ахметов қонақтарға алдымен аймақтың экономикалық-әлеуметтік дамуы жайлы қысқаша әңгімелеп, Шығыста өндірілетін негізгі өнеркәсіптік, өндірістік және ауылшаруашылығы өнімдері түрлерін таныстырды. Экономиканы дамытуға серпін беретін негізгі салаларға тоқталып, аймақта қолға алынған ТҮКШ, баламалы қуат көздері, кәсіпкерлікті дамыту салаларындағы ірі жобаларды айтып өтті. Сонымен қатар, алда жоспарланған, қаржыландыру мәселесін шешуді қажет етіп тұрған бірнеше ірі жобаларға тоқталды.

Облыс басшысының айтуынша, өңірге қазіргі таңда екі ірі заманауи көпір қажет. Оның бірін Бұқтырма су қоймасының үстінен салу жоспарлануда. Ол жоба тау-кен саласын дамытуда аса маңызға ие. Себебі, арғы беттегі Күршім ауданынан құрамында мыс бар бірнеше кен орындары табылып отыр. Алайда, заманауи көліктік инфрақұрылымның жоқтығы, аталған бастаманы дамытуға қолбайлау болуда.

Ал екінші көпір облыс орталығының өзіне қажет. Өскемен қаласындағы Виноградов және Карбышев көшелерінің тұсынан өткел салынатын болса, бұл қаланың орталық көшелеріндегі жүктемені азайтып, көлік ағынының бір бөлігін Өскемен – Семей тасжолына тікелей бағыттауға мүмкіндік бермек.

"Бұқтырма үстінен салынатын көпірге 30 млрд, ал Ертіс үстінен өтетін өткелге 62 млрд теңге қажет. Қажетті құжаттамалары әзірленген, барлық сараптамалар алынған. Енді барлығы сіздердің шешімдеріңізге байланысты, -  деді кездесу барысында Даниал Ахметов.

Сондай-ақ, кездесу барысында тараптар арасында өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды. Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Андрей Бельянинов өз кезегінде таныстырылған жобаларды мұқият зерделейтіндіктерін жеткізді. Онымен бірге келген банк өкілдері де несиелеу шарттары көңілден шығатындығын, оның үстіне қаржыны қайтаруда ел үкіметі кепіл болатындығын атап өтті.

"Еуразиялық даму банкіндегі Қазақстанның жарғылық капитал үлесі 42 пайызды құрайды. Сондықтан, сіздің елдегі инвестициялау саясатына бізде ерекше қарым-қатынас қалыптасқан", — деді кездесуде Андрей Бельянинов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу