Данияр Елеусіновтің кәсіпқой бокстағы алғашқы қарсыласы белгілі болды

587

Данияр Елеусіновтің кәсіпқой бокстағы алғашқы қарсыласы белгілі болды

Қазақстандық боксшы, Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің кәсіпқой бокстағы алғашқы қарсыласы белгілі болды. Отандасымыз америкалық боксшы Ноа Киддпен жұдырықтасады, деп хабарлайды vesti.kz.
Данияр Елеусінов шаршы алаңға шығатын бокс кеші 28-сәуір күні Нью-Йорктегі "Барклайс" аренада өтеді. Басты кездесуде орта салмақтағы Дэниэль Джейкобспен поляк Мацей Сулецки қолғап түйістіреді.
Жартылай орта салмақта өтетін Данияр Елеусінов пен Ноа Кидд жекпе-жегі 6 раундқа жоспарланған. Америкалық боксшы кәсіпқой бокстағы мансабын 2016 жылы бастаған. 4 жекпе-жек өткізіп, 3-уінде жеңіске жеткен. 1 кездесуінде қарсыласымен тең түскен. Барлық жекпе-жектерін туған өлкесі Миссури штатында өткізген.
Данияр Елеусінов кәсіпқой боксқа түбегейлі наурыз айының басында ауысты. Ұлыбританиялық промоутер Эдди Хирнмен үшжылдық келісімшартқа қол қойып, кәсіпқой бокстағы мансабына жол ашылды.
Қазіргі таңда Эдди Хирн басқаратын компания құрамында аса ауыр салмақта WBA Super, IBF және IBO чемпиондық атақтарына ие Энтони Джошуа бар. Сондай-ақ британдық промоутер Райан Барнетт (18-0, 9 КО) (WBA Super және IBF), Джейми Макдоннелл (29-2-1, 13 КО) (WBA), Халид Яфай (23-0, 14 КО) (WBA Super), Келл Брук (37-2, 26 КО), Дэниэл Джейкобс (33-2, 29 КО) сынды боксшылармен жұмыс жасайды.
Айта кетейік, 28-сәуірдегі бокс кешінде Нью-Йорктегі қазақстандық полицей Димаш Ниязов (13-0-3, 6 КО) та шаршы алаңға шығады. Ол мексикалық боксшы Анхель Саринанмен (7-7-2, 3 КО) жұдырықтасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу