ХХІ ғасырда жылдамдық өркениет дамуының қуатты қозғалтқышына айналды - Назарбаев

1394

ХХІ ғасырда жылдамдық өркениет дамуының қуатты қозғалтқышына айналды - Назарбаев

ХХІ ғасырда жылдамдық өркениет дамуының қуатты қозғалтқышына айналды.  Бұл туралы бүгін  "Астана" клубының екінші отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды "ҚазАқпарат".

"Бүгінгі адамзат баласы тағдыршешті дәуірді бастан кешуде. ХХІ ғасырда жылдамдық өркениет дамуының қуатты қозғалтқышына айналған. Көптеген жалпыәлемдік және өңірлік процестер керемет жоғары динамикаға ие болып отыр. Индустриялды қоғамның бір мезетте постиндустриялды, ал ақпараттық постақпараттыққа айналғанын ешкім де байқамай қалды", – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Осы ретте Қазақстан Президенті әлем ұлы ғылыми жаңалықтардың жаңа дәуірі табалдырығында тұрғанын баса айтты. "Бүгінде таяу он жылдықта қоршаған әлем мен қоғам өмірі қаншалық түбегейлі өзгеріске ұшырайтындығын болжауға ғана болады. Информатиканың дамуының арқасында жаһандық кеңістік виртуалды желімен барынша мығым жалғана түсуде. Бұл ұлттық, өңірлік және жаһандық даму мәселелерінде жаңа әдістерді талап ететіндігі сөзсіз. Дәл осы жайтқа айрықша назар аударуды талап ететін байыпты сын-қатерлер негізделіп отыр", –  деді Назарбаев.

Айта кетейік, халықаралық деңгейдегі шараға әлемнің 50-ден астам сарапшысы, саяси және қоғам қайраткерлері, 21 елдің ғалымдары, сонымен бірге жетекші қазақстандық сарапшылар қатысуда. "Астана" клубы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының жетекші халықаралық ғылыми орталықтар - Қытай қазіргі заманғы халықаралық қатынастар академиясы, Германия сыртқы саясат кеңесі, Ресей халықаралық істер кеңесі және Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорымен бірлесіп құрған халықаралық пікірталас алаңы саналады. "Астана" клубының бірінші отырысы 2015 жылғы қарашада әлемнің 15 елінен келген 47 сарапшының қатысуымен өткен еді. Оның барысында Еуразия геоэкономикасының негізгі аспектілері, ғаламдық және өңірлік ойыншылардың мүдделері, экономикалық қауіп-қатерлер мен мүмкіндіктер талқыланған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу