banner

Қазақстан мен Германия аграрлық салада ынтымақтаспақ

1005

Қазақстан мен Германия аграрлық салада ынтымақтаспақ

Берлинде "Ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіп кешені ілгерілеуде – неміс бизнесі үшін мүмкіндіктер" атты "дөңгелек үстел" өтті. Шара "Жасыл апта – 2018" халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шара ГФР-дағы ҚР елшілігінің және Қазақстан-Германия аграрлық-саяси диалогының ұйымдастырушылық қолдауымен Германия компаниялары мен ауылшаруашылық бірлестіктері өкілдерінің қатысуымен өткен.  

Германиядағы Қазақстан елшісі Болат Нүсіпов неміс серіктестеріне мемлекет басшысының "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" жолдауындағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту бөліміндегі негізгі мақсаттар мен міндеттермен таныстырды.

"Германияның аграрлық-саяси диалог арқылы ауыл шаруашылығы әлеуетін қолдану мен Қазақстанның агроөнеркәсіп саласын тұрақты дамыту үдерісіндегі білімі және тәжірибесімен Қазақстанға белсенді қолдау көрсетіп отырғанын атап өткім келеді", – деді қазақстандық дипломат.

Өз кезегінде, С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университеттің ректоры Ақылбек Күрішбаев Дүниежүзілік азық-түлік ұйымының "Қазақстанды азық-түлікпен әлемді қамтамасыз ету әлеуеті бар үздік бес елдің ішіне қосқанын" атап өтті.

"Қазақстан-Германия аграрлық-саяси диалогы" жобасының жетекшісі Дитхард Рудерт ҚР мен ГФР арасындағы ынтымақтастықтың берік екендігін тілге тиек етіп, оның негізгі бағыттары туралы айтты.

Оның айтуынша, Қазақстан-Германия аграрлық-саяси диалогының басты міндеті ҚР мен ГФР жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми ынтымақтастықты қамтамасыз ету және заңнама жасап шығаруға көмектесу болып табылады.

Жалпы алғанда, дөңгелек үстелдің қатысушылары Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын атап өтіп, ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіптік машина жасау салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты.

Айта кетейік, "Жасыл апта 2018" халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі аясында Берлинде 67 елдің 1600 жәдігері таныстырылды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу