Назарбаев Университеті ең көп дәйектеме келтірілетін ғылыми ұйымдар арасында жеңімпаз атанды

1105

Назарбаев Университеті ең көп дәйектеме келтірілетін ғылыми ұйымдар арасында жеңімпаз атанды

Назарбаев Университеті Thomson Reuters-тің деректері бойынша Қазақстанның ең көп дәйектеме келтірілетін ғылыми ұйымдарының арасында ең үздігі болып табылды, деп хабарлайды Назарбаев Университетінің баспасөз қызметі.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі "Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы" АҚ және "Thomson Reuters" компаниясы бірлесіп өткізетін "Ғылым және инновациялар – экономикалық дамудың негізі" атты форумның шеңберінде  ағымдағы жылы 18 қарашада өтеді.

Web of Science (Thomson Reuters) ақпараттық ресурстарының деректері бойынша жарияланымдар белсенділігі мен дәйектеме келтірілген жарияланымдардың жоғары көрсеткіштері үшін Назарбаев Университетінің зерттеушілері Алмагүл Ментбаева, Әділ Әшірбеков және Марина Кішкентаева "Leader of Science-2016" ("Ғылым көшбасшысы-2016") тәуелсіз наградасының иегерлері атанды.  

Жас ғалымдар "Импакт-факторы жоғары журналдардағы Қазақстан мақалалары" номинациясында жеңіске ие болды: Назарбаев Университетінің National Laboratory Astana компаниясының аға ғылыми  қызметкері Алмагүл Ментбаева импакт-факторы 8,77 "NPG Asia Materials" журналында "Бактерияларға төмен молекулярлық толтырғыштары мен мульти қайтарымы бар нанокомпозиттік пленкалар" атты жарияланымы үшін;  Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебінің кіші ғылыми қызметкері Әділ Әшірбеков және Назарбаев Университетінің аға  менеджері Марина Кішкентаева – импакт-факторы 3,05 "Educational Researcher" журналында "Адам капиталының дамуына көмектесу: жоғары білім саласындағы халықаралық стипендиялық бағдарламалардың типологиясы" атты мақаласы үшін   марапатталды.

Сондай-ақ 2015 жылы Назарбаев Университетінің белгілі ғалымдары Жұмабай Бәкенов және Әсия Ермұхамбетова  Канаданың ғалымдарымен бірлесіп аккумуляторлық батареяларға арналған жаңа композиттік катодтарды жасаған жұмысы үшін Thomson Reuters-тің деректері бойынша "Leader of Science" ("Ғылым көшбасшысы-2015") наградасының иегерлері болғаны туралы естеріңізге саламыз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу