Өскеменде биыл 1,8 мыңнан аса адам жедел жәрдем жеткенше көз жұмған

733

Өскеменде биыл 1,8 мыңнан аса адам жедел жәрдем жеткенше көз жұмған

Өскемен қаласының тұрғындары 103 қызметіне қоңырау шалған соң, кемінде 20-25 минут күтетіндерін айтып, шағымдануда, деп хабарлайды Хабар арнасы.
Ал жауапты мамандар жедел бригаданың діттеген жерге дереу жете алмауы қаладағы көлік нөпірімен байланысты деп отыр. 
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, тек биылдың өзінде 1820 адам жедел жәрдем қызметі жеткенше көз жұмған. Көбісі жүрек талмасына шалдыққандар. Облыстық жедел жәрдем стансасының телефоны бір минут бос емес. 5-6 маман үздіксіз қоңырау қабылдап отыр. Әрбір жедел жәрдем көлігі шақырылған жерге неше минутта жетті? Науқасқа қанша уақыт медициналық көмек көрсетті? Оның бәрін орталық стансадағы диспетчер навигатор арқылы бақылап отырады. Бірақ дәрігерлердің уақытының көбі жолда өтеді. 

"Қыс уақытында қарды дұрыстап тазаламайды. Жете алмаған соң, жаяу барады. 100 метрге дейін. Машина кіре алмайды. Жедел жәрдемнің жұмысын жетілдіру үшін бірнеше шағын ауданда қосымша тірек бөлімдер ашылды. Келешекте олардың саны тағы көбейтілмек", - дейді облыстық медициналық жедел қызмет станциясының бас дәрігері Марат Ластаев.

Тағы бір басты мәселенің бірі, жедел жәрдем стансасының қызметі тиімді болу үшін, көлік паркі толық жаңалануға тиіс. Өскемендегі орталық стансада қазір 39 көлік болса, оның тең жартысының пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Биыл 45 көлік алынбақ. Ал есесіне облыстағы полиция қызметкерлерінің қызметтік көлігі медицина саласынан 3 есе көп.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу