Павлодарда мүмкіндігі шектеулі 191 бала инватакси қызметін пайдаланады

866

Павлодарда мүмкіндігі шектеулі 191 бала инватакси қызметін пайдаланады

Биыл Павлодар қаласының спорт бөлімі мүмкіндігі шектеулі балаларды спорттық секцияларға тасымалдау мақсатында арнайы ГАЗель көлігін сатып алды. Бұл туралы агенттікке дене шынықтыру және спорт бөлімі секторының меңгерушісі Күмісай Асаинова айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

"Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде спорттың ойын түрінен және мүгедектер спорты бойынша 191 бала оқиды, - дейді Күмісай Асаинова. – Олар жеңіл атлетика, таеквондо, жүзу, тоғызқұмалақ, дойбы, үстел теннисі, футбол және пауэрлифтингпен айналысады. Жеткіншектер түрлі ауытқуы бар балаларға арналған алты мектепте білім алатындықтан, бұл балаларды спорттық мектептердегі секцияларға жеткізу бойынша қиындықтар болған. Сондықтан биыл балаларды тасымалдауға 8,9 миллион теңге арнайы көлік сатып алуға бөлінген".

Оның айтуынша, балалар үздік нәтижелерімен мақтана алады. Мәселен, биыл Карен Овсепян паратаеквондо бойынша әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған. Өткен жылы Еуропа чемпионы болған. Виктория Протокопова таеквондо бойынша 13 сурдоолимпиадалық ойындарда бесінші орын алды. Бүгінде екеуі де халықаралық дәрежедегі шеберлер.

Болашақта мүгедектер спортын дамыту назарға қойылған. Келесі жылы спорттық жабдықтар сатып алынады, оқушылар арасында сұранысқа ие секциялар ашылады. Биыл 1,6 млн теңгеге дойбы, шахмат, теннис добы, ракетка және басқа құралдар сатып алынған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу