Сібір жарасынан өлген мал көмілген аймақты су шайып кету қаупі бар

1190

Сібір жарасынан өлген мал көмілген аймақты су шайып кету қаупі бар

Жер қойнауын заңсыз пайдаланушылардың кесірінен Сайрам ауданында төтенше жағдай жарияланды. Себебі тас қиыршықтарын қазып жатқандар Ақсу, Сайрамсу өзенінің арнасын бұзып жіберген. Салдарынан сібір жарасынан өлген өлексе көмілген аймақты су шайып кету қаупі туындап отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен кезекті жиын кезінде белгілі болды, деп хабарлайды tvk-uko.kz.

Сан рет рейдтік іс-шаралар өткізіліп, айыппұл салынып жатқанымен жер қойнауын пайдаланатындар заңсыз әрекетін доғарар емес. Керісінше, құрылысқа қажетті тас пен құмды өзен жағасынан қазып алып, емін -еркін сататындар көбейген. Тіпті, кейбір кәсіпкерлер өзіне тиесілі жер учаскесін нысаналы мақсатында пайдаланбай, қоршаған ортаға кері әсерін тигізіп жатыр. Құзырлы органдар мұны біледі. Біле тұра қатаң жаза қолдана алмайды. Өйткені заң солай.

"Жергілікті әкімдік, учаскелік полицейлерге бұл орындар белгілі. Алайда, заңсыз тасу деректері тоқтамай жатыр. Әкімшілік жаза шараларын көретін экология департаменті тек ғана ішкі істер органдары жолдаған хаттама бойынша немесе арыз негізінде жұмыс жүргізеді. Өз тарапынан заңсыз қазу деректерін анықтауға бастама танытпайды", - дейді ОҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ильяс Құрамысов.

Заңсыз жер қазып, тас қиыршықтарын өндіретіндердің әрекеті облыс әкімінің де ашуына тиді. Мұндай фактілер өңірдегі кез-келген аудан қалаларда бар екенін айтқан Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласының маңында заңсыз жер қазу түнгі уақыттада жүріп жатқанын мәлімдеді. "Әсіресе, Сайрам ауданы Қарамұрт ауылында жағдай ушығып тұр", - деді аймақ басшысы.

"Сайрамсу, Ақсу өзенінің бойында сау жер қалмаған. Заңсыз жер қойнауын пайдаланушылардың кесірінен сібір жарасын қорғау аймағын су шайып кету қаупі төніп тұр. Егер сол жерді су шайса не болады? Бүкіл облыс құриды", - дейді ОҚО әкімі Жансейіт Түймебав.

Аудан әкімі қазір Сайрамда төтенше жағдай жарияланып, арнасы бұзылған өзен жағасында қарқынды құрылыс басталғанын айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу