Сұлтан Бейбарыс жайлы араб тіліндегі құнды еңбек қазақшаға аударылды

1255

Сұлтан Бейбарыс жайлы араб тіліндегі құнды еңбек қазақшаға аударылды

"Сұлтан Заһир Бейбарыстың өмірбаяны" – бұл қазақ елінде туылып, қапыда құлдыққа түсіп, жат елде жүріп сол қамыттан арылып сұлтандыққа дейін көтерілген бабамыз жайлы арабтардың тамсана жазған еңбегі. Мысыр мен Шам елдерінің тәуелсіздігін сақтауымен, мұсылман әлемінде білім-ғылымның, мәдениеттің дамуына елеулі үлес қосуымен тарихта өшпес із қалдырған Бейбарыс бабамыз жайлы шығармалар өте көп, соның ішінде ең қомақтысының бірі Сұлтан сирасы (өмірбаяны) жайлы араб тілінде 5 томдық кітап жазылған. Енді сол құнды еңбектің алғашқысы ана тілінде "Ақ Жайық" баспасынан екі кітап болып жарыққа шықты, деп хабарлайды "Нұр-Мүбарак" университетінің баспасөз қызметі.

Араб эпосын қазақша сөйлеткендер: Ы.Палтөре, Қ.Сандыбаев, Ж.Сариев, Ж.Омарбеков. Монғол шапқыншылығы мен крест жорықтарына тойтарыс беріп, мұсылман елін қорғап қалған Мәмлүктер мемлекетінің даңқты сұлтандарының атақтысына, тарихи тұлғасына айналған Бейбарыс бабамызға Мысыр халқының алғысы өлшеусіз. Сол себепті Сұлтан Бейбарыс – бүгінде Қазақстан мен Мысырға ортақ тұлға.

Ол дүниеден өткеннен кейін де Мысырда ел жадынан шықпай, көптеген аңыз-әңгіменің өзегіне айналды, даңқы арта түскен. Әлі күнге Бейбарыс жайлы туынды мысырлықтардың аса сүйіп оқитын, дәріптейтін туындысы. Алайда осы дара тұлғаның өмірінің жұмбақ, беймәлім жақтары аз емес. Кейде осындай тұстарды айғақтайтын құжаттар сирек болғанымен, керісінше, ауызша әңгімелер баршылық. Сол ел аузындағы әңгіме-аңыздар жинақтала келе, басы құралып, көркемдік бояу жамалған, тұтас, ауқымды сира пайда болған. Онда ұлттық батыр, қаһарман деңгейінде қастерленіп, дәріптелген.

"Сұлтан Бейбарыс" сирасы ағылшын зерттеушілерінің назарын аудартып, француз, орыс тілі секілді бірнеше тілге аударылған. Осы кезге дейін өзімізде бабамыз жайлы еңбектер орыс тілінен тәржімаланса, жаңа кітап түпнұсқадан, яғни араб тілінен тікелей аударылды.

"Мысыр халқының "Сұлтан Бейбарыс" сирасы сынды аса құнды, ғажайып мұрасының толықтай қазақша сөйлеуі рухани қазынамызды байыта түспек. Енді эпостың қалған томдары ана тілімізге аударылып, жарық көрсе дейміз", – дейді филология ғылымының докторы, профессор Шамшәдин Керім кітап жайлы пікірінде.

Бес томның алғашқысы ғана көлемді екі кітап болып оқырманға жол тартқан. Сұлтан Заһир Бейбарыстың өмірбаяны жайлы әлі түртілмеген 4 томы да бабамыздың туған халқымен қайта қауышатын күн жақын болса деген ниеттеміз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу