Сыр өңірінде ауыз су сапасы жақсарды

849

Сыр өңірінде ауыз су сапасы жақсарды

Сыр өңіріндегі барлық 268 ауылдың 199-ы топтық су құбырлар мен скважиналар арқылы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Бұл оң нәтиже республикалық көрсеткіште алдыңғы қатарда екенін айғақтайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыста сапалы ауызсумен қамту бағытында 2002-2010 жылдар аралығында республикалық "Ауызсу" салалық бағдарламасы іске асырылды. Бағдарлама негізінде аудан орталықтары мен елді мекендерін сумен қамту өз деңгейінде жүзеге асты. Сонымен қатар, ауыз су жүйелерін күрделі жөндеу, жаңарту шаралары қолға алынды. 2015 жылдан бері көптеген салалық бағдарламалар 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламасына біріктірілді.

"2011 жылдан бері 38 елді мекеннің су жүйелері жаңарды. Ал  қалалық елді мекендер толықтай ауызсумен қамтылған", - дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин.

Қазіргі таңда халықты сумен қамтамасыз ету бағытында "Нұрлы жол", "Өңірлерді дамыту" мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асуда. Атап айтқанда, 2016 жылы "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша Қызылорда қаласы мен бірқатар аудандарда су желілері жөндеуден өткізілді. Осыған қатысты  5 жобаға қаржы тартылды.

Алдағы уақытта облыстағы 10 елді мекенді сумен жабдықтау қолға алынбақшы. Қазір осы бағытта жоба-сметалық құжаттары жасалуда. Мамандардың айтуынша,  олардың арасында 5-ін топтық су құбырына қосуға мүмкіндік бар. Мәселен, Арал ауданындағы Ақбасты, Тоқабай, Абай және Жаңақорған ауданындағы Кеңес, Құттықожа ауылдары осындай игіліктің оң нәтижесін көреді деп күтілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу