Үкіметте жабылып қалған зауыт-кәсіпорындардың кейінгі тағдыры жария етілді

761

Үкіметте жабылып қалған зауыт-кәсіпорындардың кейінгі тағдыры жария етілді

Үкіметтің отырысында кезінде "Индустрияландыру күнінде" сән-салтанатпен ашылған, бірақ артынша жабылып қалған зауыт-кәсіпорындардың кейінгі тағдыры жария етілді, деп хабарлайды abctv.kz.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бүгінгі таңда осындай 72 проблемалық жобаның жұмысы ерекше бақылауға алынған. Әрбір жоба бойынша жеке-жеке  "Жол картасы" әзірленген.

"Кәсіпорындарға инвесторлар іздестіру, жер пайдалануға келісімге отыру, екінші деңгейдегі банктер арқылы несиелендіру, өңір кәсіпорындарына өнімдерді өткізуге жәрдемдесу секілді мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылды", – деді министр.

Ол биылғы сегіз айдағы жұмыс нәтижесінде 40 жоба (бұл барлық проблемалы жобалардың 56%-ы) бойынша "барлық мәселелер шешілгенін" және "олардың тұрақты жұмыс істеп тұрғанын" жария етті. Яғни, олардың қуаттылығының жүктелуі 50 пайыздан асқан.

"Тағы 13 жоба немесе 18%-ы әзірше 50%-дан төмен жүктелген. Бұл жобалар бойынша әкімдіктермен бірлесіп, толықтай жүктеу бағытында жұмыстар жүргізілуде. 8 жоба немесе 11%-ы мүлдем тоқтап тұр. Бұған олардың кредиторлармен арадағы қаржылық проблемалары, тапсырыстардың жоқтығы, әлемдегі бағалардың құлдырауы, айналымдық қаражаттың жоқтығы проблемалары ықпал етуде. 11 жобаны ары қарай жүзеге асырудан олардың меншік иелері өздері бас тартты. Атап айтқанда, екеуі банкротқа ұшырады, төртеуі – өндірістерін басқа салаға қайта бейімдеді, төртеуі – бұл қызметті ары қарай жүргізуді экономикалық тұрғыдан ұтымсыз деп тапты. Біреуі – қаржылық қиыншылықтарға ұшыраған. Бұлар бойынша біз әкімдіктермен тізе қосып, ол өндірістерді басқа бағытқа қайта бейімдеу бойынша жұмыс жүргізудеміз", – деді инвестициялар және даму министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу