"Әйелдерді еркектерден көп дейді..."

30594

Еліміздегі жар таппай жүрген кәрі қыздар мен жесір әйелдердің 5 қорқынышы.

"Әйелдерді еркектерден көп дейді..."

Қаланы паналаған кәрі қыз, ажырасқан келіншек көп. Астана мен Алматы әлемнің өзге мегаполистері секілді дәл осы әлеуметтік мәселесінің ошағына айналып үлгерді. Бүгінгі таңда 30-34 жастағы 100 әйелге 83 ер кіндікті келеді, ал 35-39 жастағы әйелдер арасында бұл көрсеткіш 100-дің 63-ке қатынасын құрайды.

1. "Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан"

Психологтардың интернет-форумында отыздан асқан қыз: "Адам жалғыз өмір сүруі мүмкін бе?"  – деген сауал қойыпты. Біреулер оған: "Өзіңе ұнаса, неге жалғыз өмір сүрмеске?" деп жазыпты. Ал қырықты алқымдаған келіншек өзінің кәрі қыз екенін айта келіп: "Жұрттың біреуде не шаруасы бар екен, қоғамның маған деген көзқарасы шымбайыма батады", – деп назаланыпты.

Жалпы, жалғыздықтың сыры тым тереңде. Сондықтан ол үнемі пікірталас туғызады. Жоғарыдағы форумның бұдан ары қалай өршігенін көрелік. Жалғыздықты жеке бас азаттығымен теңестірген пікір білдірушілер сөзіне дәлел келтіре қоймаған. Олар: "Басың бос, өміріңді қай арнаға бұрам, қашан тұрам, қашан жатам десең, өз еркің. Күйеуге қызмет қылу, бала табу тіршіліктің мәні емес", – дегенді судыртып шыққан. Осының өзі қоғам мүшелерінің кәрі қыздар мен жесір әйелдердің проблемасына атүсті қарайтынын көрсетеді. Ал олардың жанын жалғыздық жегідей жейді.

Шет мемлекеттер кәрі қыз құбылысы құпталмайтын көрінеді. Мысалы Оңтүстік Кореяда тұрмысқа шықпай бақи болған әйел қорқынышты әруаққа айналатынына сенген. Бүгінгі таңда Швеция, Ұлыбритания, Германия, Франция елдерінде әрбір алтыншы тұрғын алпыс бес жасты еңсерген. Швецияда неке жасындағы ересектердің дені жарсыз, баласыз өмір сүріп жатыр. Ғаламның бұл бөлігінде тұрмысқа құрмаған не ерінен ажыраған әйелдерге мүсіркеушілік немесе аяушылықпен қарамайды. Мұндай құбылысты қалыпты жағдай санайды.

Шынтуайтында жалғызбасты әйелдің психологиясы уақыт өте келе өзгереді. Ол мейірімнен, махаббаттан айырылып, қатыгезденіп кетеді. Мұнан шығатын қорытынды: еркек пен әйелдің жұптасып жүргеніне ешнәрсе жетпейді. Себебі жалғыздық еркекті де, әйелді де жарға жығады.

2. Тағдырдың маңдайыма жазғаны болар...

Кәрі қыздар мен жесір әйелдердің басым бөлігінде тағдырға көндігу қасиеті пайда болады. Соның салдарынан олар жалғыздықтың қамытын киюге даяр тұрады. Бұл туралы психолог Айгүл Дүйсенбаева: "Қандай да бір маңызды оқиғалар ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Әйел жалғыздығының жалғастығы да осы тізбектен табылады. Мұндай жағдайда генограмма құрып, бабаларыңның тарихын білген, шыққан тегіңе құрметпен қараған жөн. Әулет шежіресінде ақтаңдақ, құпия мен жасырған нәрсе неғұрлым аз болса – өз бетіңше өмір сүру мүмкіндігі соғұрлым артады. Эрик Берн, "Транзактілі талдау" теориясының негізін қалаушы, "ұрпақтар шеруі" ұғымын қолданады. Бұл қарапайым тілмен айтқандағы "тағдыр" ұғымына жақын деп ойлаймын. Мысалы, әжесі қызын жалғыз өсірді делік. Қызы өсті, өзі қыз тапты және ер адаммен қарым-қатынас орната алмады. Немересі "ұрпақтар шеруін" жалғастырады. Бұл жерде мәселе "соқыр" тағдырда не болмаса жолы болу не болмауда еместігін түсіну маңызды. Қарым-қатынас орнату тәсілі беріледі. Рөлдік репертуар беріледі. Бейқам (ғылым тілімен, инфантильді) немесе жалғызбасты ана тәрбиелеген қыздың бұл "шеруден" шығу мүмкіндігі барын ұғынуымыз керек. Бұған іс-әрекетін, мақсатын салмақтап, отбасында сіңірілмеген дағды мен рөлдерді меңгеру арқылы қол жеткізуге болады.

Жеке өмірінде "жолы болмаушылықтың" себебі ұрпақтан ұрпаққа берілетін нанымдар болуы мүмкін. Мысалы "ер адамға сенуге болмайды", "жақсы еркек қалмады", "айнала толы опасыздар" деген сияқты. Жалғыздықтың негізінде не тұрғанын түйсіну қажет. Шектеуші көзқарасты табу керек.
Бұл жердегі түйткіл тағдырдың жазуы емес, әйел адам саналы түрде немесе ойдың елегінен өткізбестен жасаған таңдау болып тұр", – деді.

3. Махаббат көктемі орала ма?

Көңіл қартаймайды, бірақ уақыт өз дегенін қылады. Ақнұрдың жасы биыл  32-ге келді. Ол әлі жалғыз. "Бұрынғы жігітіммен 4 жыл жүрдік. Бірде әйел адамға тән дертке шалдықтым, ота жасады. Мен жазылып шыққанша ол үйленіп үлгеріпті. Кейін хабарласты, кешірім сұрады, тіпті қайтадан бірге болуға ниет білдірді. Кешірмедім, жібімедім. Ата-анасына да ренішім болды. Анасы мені қызындай көретінін айтатын. Олар мені сатып кетті, ал жүрегімдегі жара әлі күнге дейін жазылған жоқ. 

Қазір басқа жігітім бар. Оған бастан кешкенімді, адамға сенуден қалғанымды жасырмай айттым. Ол да өмірде шалыс басқан. Кезінде жұмысыма көмегі болады деген оймен үйленген. Бірақ анасы қатерлі ісікпен ауырғанда, жұбайы қарамай қойған. Болашақта бір боламыз ба, жоқ па, білмеймін", – деп сырымен бөлісті Ақнұр.

Мәселенің түйінін тарқату үшін психология ғылымының магистрі Әсел Әбілдинованы тілге тарттық. Ол: "Ақнұр менен көмек сұрап келсе, ең бірінші бұрынғы жігітімен болған оқиғаның кінәсын өзінен іздеуді қой дер едім. Екіншіден, оның қазіргі жігіті бұрынғы жігітінің қателігі үшін жауап беруге тиіс емес", – деді ол.

Айтпақшы британдық психологтар адам баласы өмірде екі рет шын ғашық болады деген тұжырым жасаған. Біріншісі, алғашқы махаббат. Ынтықтырар, еліктірер сезім. Алғашқы махаббат сақталып қала бермейтіндіктен, уақыт өте келе оның орнын байсалды сезім басады екен.    

4. Эмоционалдық жақындық жетіспейді

Фрейдтің болжамынша, абстиненция (табиғи қажеттіліктен өз еркімен бас тарту) адам төзгісіз дүние. Психоанализдің атасы жеңсікқұмарлық туа бітті психикалық энергияның (либидо) танылуы деп кәміл сенген. Бұл қажеттілік өтелмеген жағдайда, психика және тән жайсыздығы орын алады, адам қапаланып, өзін тығырыққа тірелгендей сезінетін көрінеді. Мұндай күреске  тіршілікке қажетті энергия көп жұмсалады, сондықтан оған екінің бірі төтеп бере алмайды.  

Омар Хайямның: "Екі ережені мықтап ұстан: Кім көрінгенмен ас ішкенше, аш қал. Кім көрінген бірге болғанша, жалғыз бол" деген сөзі бар. Жалғызбасты қыз-келіншектерге осы қағиданы темірқазық тұту қиынның қиыны.

Мұндайда ең әуелі ересектерге арналған дүкен ойға келеді. Несін жасырайық, бұл жерге қазақтың қыз-келіншектері де барады. Мәселе, әйел затының психикасына ер адамды дүкендегі ойыншықтармен алмастырудың зардабы бар ма, жоқ па дегеннен туындайды. Тақырыпты тарқату үшін Алматы қаласындағы Идеал адамды дамыту қорының маманы Нұрия Бекалаевамен сұхбат құрдық. Ол ересектер дүкеніндегі ойыншықтар психикаға әсер ететінін бірден айтты.

"Әйел адам қарым-қатынастан тек тән қажеттілігінің өтелуін күтпейді. Интимді-тәндік жағын қарастырсақ, жақсы көрген адам жаныңнан табылғанының, құшақтағанының өзі маңызды. Себебі энергия алмасу орын алады. Бұдан бөлек эмоционалдық жақындық деген түсінік бар. Осы  жақындыққа бола адамдар қарым-қатынас құрады. Эмоционалдық жақындық екінші адамға деген сезімнің болуы. Әйел адам осыны білдіре алса және ер адамнан осындай сезімді сезсе, эмоционалдық жақындық жүзеге асады.   

Ересектерге арналған дүкен ойыншықтары әйел адамның қажетіне жарайды. Бірақ ол тән құмарлығын ғана қандырады. Бұл әйел табиғаты үшін қарым-қатынастан күтетін дүниенің бір бөлігі ғана. Әйел адам эмоционалдық тұрғыда тоят таппайды. Салдарынан депрессияға ұшырайды.    

5. Тексіз ұл табармын 

Канаданың ғалымдар тобы болашақта әйел адам еркектің көмегінсіз жүкті болады деп отыр. Олар тәжірибе де жасап үлгерген. Әйел тәнінен синтез арқылы ұрық алыпты. Ал Америкада 35-45 жас аралығындағы тұрмыс құрмаған әйелдер жылына оң мыңдап жасанды ұрықтандыру қызметіне жүгінеді екен.  

Әрине, баланы некесіз табу адамның жеке басының шешімі. Алайда психологтар келесідей психологиялық түйткілдер жайлы ескертеді.

"Өзің үшін табу" деген түсініктің өзі қауіпті дейді мамандар. Адам біреу үшін емес, жарық дүние есігін ең бірінші өзі үшін ашады. Психика деңгейінде (әсіресе, ұл болса), бала анасының өмірінде әкесінің орнын басуы мүмкін. Өсіп, өз отбасын құрар кезде, анасы ұлының үйлену туралы шешімін күйеуінің опасыздығы сияқты қабылдайды. Әйел адамның күш-жігері мұны жасырып қалуға жетпейді.

Толыққанды болмаған отбасындағы ендігі бір проблема тиісті жыныстық мінез-құлықтың тәрбиеленбеуі. Бұл үшін ер балаға әке керек. 

Жадыра Қангелді

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу