"Арбамен билеу өмірімнің мәніне айналды"

2954

Менің кебімді киіп, халықтың алдына шығуға батылы жетпейтіндер көп. Солар қиындыққа берілмей, күрессе екен деймін.

"Арбамен билеу өмірімнің мәніне айналды"

14 жасында аяғынан айрылып, арбаға таңылған астаналық азамат Омар Тұрашев басына түскен ауыр жағдайға мойымай, қиын сәтте құрдастарының сырт айналғанына қарамай, бар қиындықты жеңіп шықты. 21 жастағы Омар 1 жылға таяу уақыт "Жігер" клубында арбада билеу спортымен айналысып келеді. Осындай қысқа аралықта жаттықтырушысы Әлия Майдановамен бірге бірнеше республикалық жарыстың жеңімпазы атанып та үлгерді. Тағдырдың тауқыметін жастайынан тартқан жігерлі де қайсар мінезді жігіт өмірінің қиын және бақытты шақтары жайлы abctv.kz тілшісіне берген сұхбатында әңгімелеп берді.

– Омар мырза, 7 жыл бұрын өмірімде үлкен өзгеріс болды дедіңіз. Ол қандай өзгеріс?

– Ол кезде мен он төрт жастамын. Әдеттегідей достарыммен футбол ойнап жүр едім. Басқа жерде орын жоқтай, темір жолдың бойында ойнайтынбыз. Достарым – 12-14 жастың арасындағы балалар. Абайсызда, мен темір жол рельсінің үстіне құлап қалдым. Орнымнан тұрайын десем, киімім бірдеңеге ілініп, тұра алмадым. Жақындап қалған жүк тасымалдайтын пойыз да жылдамдығын тежей алмаған күйі өтіп кетті, ал мен сол жерде есімнен танып қалдым.

Бірнеше күннен кейін көзімді ашсам, ауруханада жатыр екенмін. Анам қасымда отыр. Дәрігерлер күрделі ота жасап, ұзақ уақыт жаттым. Сонымен ауруханадан арбамен шықтым. Өмірімнің мәні қашып, тұла бойымды қорқыныш билеп, өзегім өксікке толды. Небәрі 14 жастамын. Енді ғана бала мұртым тебіндеп, жанымдағы достарыммен ақыл тоқтатып, қызықты уақыт өткізетін кезім еді.

– Одан әрі не болды?

– Әттең, барлығы мен ойлағандай болмады. Сабаққа бірге барған сыныптастарым, бірге доп тепкен құрдастарым, кішігірім сырымен бөлісетін адал достарым біртіндеп жылыстай берді. Бәрі сырт айналды. Бетіме басып айтпаса да, менімен араласқысы келмейтінін кездейсоқ кездесіп қалғанда аңғартатын. Алдымнан шықса да, қасымда тұрса да, менімен амандаспай қор қылды. Жанды жеріме ине шаншып, көңіліме қаяу келтірді. Күнделікті шығыстан көтерілетін күн де шықпай қойған сияқты. Шықса да, маған көрінбей бататындай қараңғы түнекте өтіп жатты күндерім. Қайғы мен уайымымды бөлісетін, сырласатын адам қалмады...

Тек ата-анам, әпкем мені жалғызсыратпады. Құдды өздері де менің қалпымда жүргендей. Расында, ата-анаң мен бауырыңнан артық ешкім жаныңды түсінбейді екен. Сол жақын адамдарымның ыстық махаббаты мен қамқорлығы мені тұңғиықтан алып шықты. Ал менен сырт айналғандарға қолымды бір-ақ сілтедім. Оларға жақсылық тілеп, өз өмірімді жақсартуды қолға алдым. Аллаға шүкір!

– Сонда не істедіңіз? Өзгеруіңізге не түрткі болды?

– Алғашында оңай болған жоқ. Алайда Алланың әміріне мойынсұну керек. Бастысы, жанымның аман қалғанына тәубе еттім. Осы ой мені болашаққа жетеледі. Мен үйде отырмасын деп анам қаншама үйірмеге апарды. Балам төрт қабырғаның сұлбасын емес, төрткүл дүниенің қызығын көрсін деп ана жүрек барын салды. Ол жетектеп дизайнер, компьютер маманы т.б. жұмысқа орналастыруды көздеді. Менің бос отырмауым үшін қолдан келгенін жасады. Бірақ мен жаныма жақын мамандықты таба алмадым. Ұзақ жүрдім. Әр нәрсенің басын шалып, санам сан саққа сандалды.

Бір күні Дастан есімді таныс ағам "арбамен билеуге қалай қарайсың?" деген ұсыныс айтты. Мен ер адамға билеген жараспайды, ыңғайсыз деп ойладым. Дегенмен барып көрейін деп келістім. Дастан арбамен биден әлемнің бірнеше елінде паралимпиадалық жарысқа қатысқан. Суреттерін көрсетіп еді, мен қатты қызықтым. Ойымды түбегейлі өзгерттім. Сөйтіп би залынан бір-ақ шықтым.

Арбада билеген маған ұнай бастады. Музыканың ырғағымен қосыла күлімдей бастадым. Көрерменнің қошеметі "тағы билей түс" деп тұрғандай. Осы көңіл-күймен еліміздің түкпір-түкпіріне жарысқа бардым.

Қандай жетістіктеріңіз бар?

– Алғаш рет өз қаламнан шығып, басқа қалаларға бардым. Бұрын үйден шығу қиын болса, енді қалаларды аралап жүргеніме қатты қуандым. Алматы, Қарағанды, Қостанай, Шымкент, Қызылорда тағы басқа қалаларда би байқауына қатысып, басында мадақтама қағаздарын, кейін үшінші орын, сосын бірінші орын алдым. Әр жарыстан кейін өзіме деген сенімділігім арта түсті. Қаншама адаммен таныстым. Теледидардағы бағдарламаларға қатыстым. Өмірім түбегейлі өзгерді.

Жақында Қарағандыда өтетін республикалық жарысқа даярлықты бастап кеттім. Енді "ешқайда бармаймын, отыра берейінші, достарым менен бас тартты" деп қынжылатын мен емес. Үнемі көтеріңкі көңілмен кездесулерге барып жүрмін.

– Сонда арбамен билеп бастағаннан кейін өзіңізге деген сенімділік пайда болды ма?

– Иә, мүмкін екі аяқта тік тұрсам, жүре алсам, бұлай билей алмас па едім?! Арбамен билеу қолымнан келеді екен және бұл менің тұйықталып қалған мінезімді ашты. Рухани жан дүниемді қатты өзгертті. Кез келген жағдайда өз-өзіме сенімді болып, батыл қимылдайтын болдым. Арбамен билеу өміріме мән берді.

– Кім жаттықтырады?

– Хореограф Әлия Майданова жаттықтырады, би үйретеді. Екеуміз қойылым қоямыз. Бүгінге дейін бірнеше би меңгердім. Қиын емес. Күнделікті арбамен жүрген бөлек, ал онымен билеу – бір ғанибет. Арба – ролик секілді, яғни коньки. Мәнерлеп сырғанауда конькимен жүгірсе, ал мен арбамен билеймін. Еш айырмашылығы жоқ. Екеуі де – спорт.

– Омар, алған бетіңізден қайтпай, биік белестерді бағындыруыңызға тілектеспіз. Сізге сенеміз. Екеуміздің сұхбатымыз үйде арбада отырған жас буынның да сенімін, үміт отын оятар деп ойлаймын.

– Рақмет! Иә, мен сияқты жағдайға душар болып, халықтың алдына шығуға батылы жетпей отырғандар көп. Солар өз-өздерін қолға алып, ұмтылыс жасаса екен деймін. Біз де қоғамның бір бөлшегіміз, біз де елімізге қызмет етуіміз керек.

Мүмкін ол болашақта халықаралық паралимпиадалық жарыстарға барып, еліміздің туын көкке желбірететін чемпионымыз шығар. Оның мақсаты да – сол, паралимпиадалық биді дамыту. Үйде отырсаң ата-анаң мен бауырларың уайымдайды. Жақын адамдарға сенің күйзелісте отырғаныңды көру қиын, оларға ауыр батады. Омар соны түсініп, өз өмірін қолға алған, жарқын болашаққа сеніммен қарайды.

Біз де Омардың алдағы жарыстарда жеңіске жетуіне тілектеспіз. Паралимпиаданың жеңімпаздары арасынан көрінгенін қалаймыз. Арбада отырған әрбір бала Омардың биін көріп, анасына "мені де биге апаршы" дегенін қалаймыз. Кім біледі? "Жақсы сөз – жарым ырыс" дегендей, қазір мұны болашақ паралимпиада чемпиондары оқып отырған шығар.

Рахиля Бекназарқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу