banner

"Астана" "Селтикті" селтитті

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1753

Кеше түнде қазақ топырағында биылғы маусымдағы Чемпиондар лигасының әнұраны соңғы рет шырқалды.  

"Астана" "Селтикті" селтитті

"Астана" Чемпиондар лигасының плей-офф сатысындағы қарымта матчын өз алаңында өткізіп, Шотландияның "Селтигін" 4:3 есебімен тізе бүктірді. Бірақ осыдан бір апта бұрын Глазгода 0:5 есебімен күйрей ұтылып қалғандықтан, топтық кезеңге өте алмады. Жалпы есеп – 4:8. Десек те, ел чемпионы Еурокубок додаларынан мүлде шығып қалған жоқ. Енді Еуропа лигасында бақ сынайды.

Біздің уақытпен түн қараңғысында өткен ойын басталған бетте "Астана" бірден көсіле сілтей алмады. Глазгодағы ірі жеңіліс мысын басып тұрғандай ма, әйтеуір қимыл-әрекеттерінен абыржу, сасқалақтау байқалады. Оның үстіне, кездесудің басында Ласло Кляйнхайслер жарақат алып қалып, ойынды әрі қарай жалғастыра алмады. Оның орнына Срджан Граховац шықты. Әрине, сенім артқан, тәжірибесі мол ойыншының қатардан шығып қалғаны, көңіл-күйді қобалжытты. 

Ал "Селтиктің" ойыншылары өздеріне бек сенімді. Бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Қақпашы Ненад Эрич қауіпті соққылардың бір-екеуін тойтарып, стадиондағы көрермендердің қошаметіне бөленді. Бірте-бірте "Астана" ойыншылары да батылырақ қимылдай бастады.

Бірінші тайм бел ортасынан ауғанда Дмитрий Шомко допты шірене тепкен. Оны қонақтардың орталық қорғаушысы тойтармақ болып, өз қақпасына гол соғып алды. Тамаша! Бұл ойында Глазгодағыдай автоголмен басталды. Стадионға келген көрермендер дүр сілкінді!

Алайда, көп ұзамай Скотт Синклер алыстан қақпаның тоғыздығын дәл көздеп, таразы басын теңестірді. "Астананың" қорғаушылары оның допты ыңғайына салып алып, "нысананы" дөп көздеуіне мүмкіндік беріп қойды. Осылай бірінші тайм аяқталды.

Үзілістен кейін алаң иелері алға қарай лап қойды. Ойынның басындағыдай емес, қимылдары – шалт, жүрістері – ширақ, жылдамдықтары – жоғары.

Құйындай орап соғып, екі гол соқты. Әуелі Серікжан Мұжықов "Селтиктің" кердең басқан қорғаушылары мен қақпашысын қапы қалдырды. Іле-шала Патрик Твумаси тағы бір гол соғып, Шотландия чемпионын әбден састырды. Ал көрермендер қиқу салып, стадион теңселіп кетті...

"Селтиктің" бас бапкері бірден екі ойыншысын ауыстырып, тактикалық өзгерістер енгізді. Көп ұзамай, үшінші ойыншысын да алмастырып, қорғанысын нығайта түсті. "Астананың" қарқынынан қаймығып қалған секілді. "Астана" мұнымен тынбады. Айылын жимай, тізгінін тартпай, үсті-үстіне шабуылдап, тағы бір гол соқты.

Гол соққан – сол баяғы Твумаси. Оң қанаттан Шотландия клубының қорғанысын бұзып өтіп, қақпашысын да сан соқтырды. Стадиондағы көрермендерден ес кетті. "Енді үш гол керек" дейді. Елорда ерлері де тартынбады. Аянбай ойнап, жанкештілік танытты. Мәселен, Абзал Бейсебеков намыс отына шоқтай қарылып, жарақат алып қалды. Сөйтіп, екінші ойыншымыз ойынды әрі қарай жалғастыра алмады.

Кім біледі, осы 4:1 есебін сақтап қалуды ойлаған дұрыс па еді?! Бірақ "Селтиктен" есе қайтармақ болып алға ентелеген "Астана" соңғы минуттарда өз қақпасына екі гол жіберіп алды. Өте жоғары қарқында ойнап, алқынып та қалғандай. Қонақтардың тәжірибелері мол ойыншылары біздің қорғаушыларымыздың қателігін мүлт жіберген жоқ. Әйтпесе, Шотландия чемпионын ірі есеппен ұтар еді-ау...

Әйтсе де, "Селтиктің" футболшыларына қазақ даласына келіп, өз қақпаларынан төрт доп алып шыққандары жандарына батқан да сияқты. Сондай-ақ, 42 ойын бойы жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген Шотландия чемпионы Сарыарқа төсінде ұтылды. Өткен жылы қараша айында азуы алты қарыс "Барселонадан" ұтылған (0:2). Содан бері өз елдерінде де, Еуропада да жеңіліп көрмеген екен. Олардың осы бір ұзаққа созылған жетістіктеріне "Астана" нүкте қойды. 

Ал "Астана" футболшылары жарады. Ойынның соңында олардың қайсарлықтарына ырза болған көрермендер "Жа-рай-сың-дар!" деп айқайға басты. Әттең, соңғы екі гол болмағанда, бүкіл Еуропа қайран қалар еді-ау.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу