banner

"Астана" қаржы орталығы қайтсе Алматының қателігін қайталамайды?

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2926

Ұлыбританияға аттанған судьялар "Аяз би әліңді, құмырсқа жолыңды біл" деген сөзді ұмытпауы тиіс.

"Астана" қаржы орталығы қайтсе Алматының қателігін қайталамайды?

Олардың барлығы "Болашақ" халықаралық бағдарламасы стипендиясына ие болды. Бұлардың барлығын, егер лайықты болса, қазақ сотының элитасы деп атауға болады. Өйткені олар елге оралған соң "Астана" халықаралық қаржы орталығында жұмыс істейтін болады.

Сондықтан "болашақтық" судьялармен сапар алдында мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми және "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов кездесіп, сапарға шығарып салды.

Қазақстан ұзақ жылдардан бері "жаһандық қаржы орталықтарының" біріне айналуға қатты ынтығып, іңкәр болып, соған ұмтылып келеді.

Ресми Астана бұл арманы ХХІ ғасырдың басында құрылған "Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы" ("АӨҚО" АҚ) бейнесінде ақиқатқа айналады деп ойлаған. Осы мақсатта 2006 жылдың 5 маусымында "Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы туралы" деп аталған, ел тарихында бұрын-соңды болмаған заң қабылданды. Оның шеңберінде "айрықша құқықтық режим" жасалды.

Сол жылы "Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы қызметін реттеу жөніндегі Агенттік" деген шұбалаңқы аты бар, мол мүкәммал-заты бар, Қазақстан билігі жүйесіндегі орны дара алпауыт дүниеге келді. Осыдан кейін-ақ бұл орталық Лондон, Нью-Йорк, Дубай секілді жаһандық қаржы орталықтарының шапанын өзіне шақтап көре бастаған. Оның құрамында "арнаулы сауда алаңы", рейтинг агенттігі, АӨҚО академиясы, "Еуразиялық сауда жүйесі" тауар биржасы және басқа да қаптаған инфрақұрылымы қанат жайды, бюджеттен құйылған миллиардтар оның бойына қан жүгіртті, жүзі бал-бұл жайнады.

Бұл институттар "қаржы нарығының инфрақұрылымын әлемдік дәрежеге дейін дамытатынын, "сен тұр, мен атайын" эмитенттерді Алатау бөктеріне тартатынын, барша қазақстандықтардың инвестициялық сауатсыздығын жойып, биржа атының құлағында ойнататынын, қаржы саласында майталман кадрларды даярлайтындарын" жарыса жариялап жатты. Шабыт Қазақстан шыға алмайтын ұлы теңіздердей тасыды, көңіл бірнеше қат аспанды тесіп өтіп, жұлдыздарды "шошындырды". 

2011 жылдың 13 сәуірінде Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығын жою туралы шешім қабылданды. Оның барлық функциялары мен өкілеттіктері ұлттық банкке берілді. Өйткені жылдар бойында бұл қаржы орталығы ауыз толтырып айтарлық нәтижеге жете алмаған. АӨҚО рейтинг агенттігі 20 шақты рейтинг тағайындаған.   

Алматы қаржы орталығының неге жарға жығылғанын талдаған мамандар инвесторлардың оған сенімсіздік білдіруі – басты себептің бірі болғанын байқаған.

Нәтижесінде "Астана" халықаралық қаржы орталығын құрғанда бұрынғы қателіктер ескеріле бастады. Оның аясында "британдық құқықты" енгізу идеясы туды.

Әлемде қалыптасқан тәжірибе сол, бүкіл әлемдегі жетекші инвесторлар Ұлыбритания, АҚШ және Аустралия секілді елдерде қабылданған "британдық құқықты" өздері үшін түсінікті деп танып, солардың юрисдикциясын және ойын ережелерін пайдалануға ықылас танытады.

Ал Қазақстанда сонау кеңес одағынан бері, еуропалық елдерге кең тараған "континенталдық құқық" қабылданған.

Басты бір айырмашылығы сол "британдық құқық", дұрысы "Ағылшын құқығы" (English law) немесе "англо-саксондық құқық" құқықтық өзге көздері арасында прецедент үстемдікке ие. Яғни қарапайым тілмен айтқанда, судья үкім шығарғанда бұған дейін ұқсас істер бойынша қабылданған шешімдерге сүйенеді. Мәселен Англия мен Уэльс аппеляциялық сотының – Біріккен королдіктің жоғарғы сотының шешімдері төменгі инстанциялар судьялары үшін міндетті заңгерлік прецедент болып табылады.

Егер бұл анықтама тіптен бас қатырар болса, мұны былайша түсіндіруге болады: ұқсас даулар бойынша судьялар да ұқсас үкімдер шығаруы керек. Мәселен Қазақстан соты бұл жағдайда (егер кінәлары ұқсас болса) "Бритиш Газға" қатысты бір шешім, ал "ҚазМұнайГазға" қатысты "өзіміздің ұлттық компания" ғой деп, басқа шешім қабылдай алмайды.

Әрине  еуропалық құқықты да жаман деуге болмайды. Бірақ бұл жағдайда әр үкім судьяның "төл перзентіне" ұқсап кетуі мүмкін. Бұл туралы мысалы Ресей судьяларының этикалық кодексінде жазылған: "Судья өзінің кәсіби қызметін заңға қатаң сәйкестікте және ішкі сенімдеріне сүйене отырып, жүзеге асыруға тиіс". Ол қандай сенім екенін инвестор болжай да алмайды.

Жоғарғы соттың мамандандырылған сот алқасының төрайымы Айгүл Қыдырбаева "судьялар шешім шығарған кезде, төл білімдеріне, тәжірибесіне және заңнамаға сүйенетінін" айтқаны бар. Содан кейде жер қойнауын пайдаланушыларды жазалауды мақсат тұтады екен: бұдан былай өз қызметінде ондай бұзушылықтарда аяқ баспасын деп. 

Инвесторлардың ығатыны да осы. Олар ойын ережелерінің түсінікті, мөлдір әрі ақылға сыйымды болғанын қалайды.

"Астана" халықаралық қаржы орталығына әлемдік брендтерді тарту үшін Қазақстан теңдесі жоқ қадамға барды: АХҚО аясында "ағылшын құқығын" қабылдады. Ал жақында 2017 жылғы наурызда Ата заңға тиісті өзгерістер енгізілді. Атап айтсақ Конституцияның 2-бабының жаңа 3-1-тармағы Астана қаласында конституциялық заңға сәйкес, тек "қаржы саласында ерекше құқықтық режім белгілену" мүмкіндігі туралы нормамен толықтырылды. Бұл түзету Ата заңда конституциялық заңмен реттелетін "Астана" халықаралық қаржы орталығының мәртебесін бекіту мақсатында қабылданды.

Бұл жерде ағылшын құқығы Қазақстан бойынша тек Астанада және тек қаржы саласында ғана қолданылатыны Конституцияда бекітіліп отыр. Қылмыстық, азаматтық, басқа салаларда, соның ішінде "Астана" орталығы аумағында да континенталдық құқыққа құрылған қазақстандық заңнама жүреді.

Жалпы осындай қаржы орталықтары не береді? "Астана" ХҚО туралы айту әлі ерте: ол құрылғанымен, толыққанды іске кіріскен жоқ: артында қалар инфрақұрылымын пайдалану үшін ЭКСПО-2017 көрмесінің аяқталуын күтеді, демек, жылдың соңына дейін ұзамақ. Ендеше мысалға ендігі құрылған көршілердің орталығын алайық. 

Ресейліктер Мәскеу қаржы орталығын ілгерілетуге тырысуда. Ресейлік белгілі экономист, қаржыгер, "Третий Рим" инвесткомпаниясының негізін қалаушы Андрей Мовчан бұл – имидждің мәселесі деген ойда.

"Лондонда мысалы, ресейлік акциялар да саудаға түседі. Қаржы бәрібір Ресейге қайтады. Әрине, олардың бәрін Мәскеу орталығына көшірсе, биржа мен брокерлердің комиссиялары бізде қалар. Сондай-ақ билік халықаралық банктер мен қорлардың штаб-пәтерлерін Мәскеуден көруге құштарланып, бай қаржыгерлердің мәскеулік мейрамханалар мен қонақүйлерді, жылжымайтын мүлікті сатып алуын қалайтын болар. Бірақ экономикалық өрлеуге мұның көп ықпалы жоқ. Мәселе – мәртебеде болса керек", – деген ол Мәскеу қаржы орталығының Лондон биржасына неден ұтылатынын айтып берді. 

"Инвесторлар өз операциялары үшін база ретінде тиімді заңнаманы пайдаланғысы келеді. Ресейлік заңнаманың тиімсіздігі, шектен тыс реттеліп, бюрократияланғаны, қайшылыққа толы болуы, екұштылығы инвесторларды өз қатынастарын ағылшын құқығы бойынша және шетелде түзуге итермелейді. Олар параға сатылмайтынн соттарға сенеді. Әлемде бір де бір инвестор Лондондағы халықаралық арбитражды сатып алуға болатынына сенбейді. Инвесторларға консервативтік "ұзын" ақшалар керек. Инфляциясы 7%-дан, ал қайта қаржыландыру ставкасы 8,25%-дан асып кететін, жоғары сападағы заемшылардың өзіне кредит 8%-бен берілетін елде қаржылық операциялар жүргізу экономикалық тұрғыдан өзін-өзі ақтамайды. Себебі, дамыған елдерде қазір 5%-дың өзі – тым үлкен мөлшерлеме саналады" деп санамалады ол.

Айта кету керек, бұл аталған проблемалар Қазақстанға да, соның ішінде тәй-тәй басып жатқан "Астана" қаржы орталығына да тән. Демек, оның басындағы азаматтарға жалақы мен бонустар алғанына мәз болмай, "ЭКСПО-2017" көрме-кешенін "жеке мемлекет" санамай, ұлттық экономика мен қаржы секторының проблемаларын шешуде, кедергілерді құлатуда ел басшылығы мен үкіметіне қолқабыс еткені жөн. 

Ал АХҚО-ның табысты жұмыс жасауы үшін мемлекет қажеттінің бәрін жасауда. Тіпті Конституцияға да түзету енгізді. Оның аумағында жеңілдіктер қарастырды. Судьяларды да шетелден шақыруға рұқсат етілді.

Енді міне президенттік "Болашақ" бағдарламасы аясында бір топ отандық судьяны тағылымдама аясында ағылшын соттары жұмысының қағидаттарын, сот төрелігі, соттың заң шығару қызметі мен сот үлгілері, халықаралық құқықтық төрелік мәселелерін зерделеуге жолдап отыр. Сондай-ақ, олар Ұлыбритания соттарында, жетекші заңдық және адвокаттық кеңселерінде тәжірибеден өту жоспарланған.

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, "заң үстемдігін қамтамасыз ету, соның ішінде Ұлт жоспарында белгіленген "Астана" халықаралық қаржы орталығын құру мақсатымен судьялардан, заңгерлерден және қаржыгерлерден құралған жекелеген мақсатты топтар айқындалды". Гүлшара Наушақызы қазіргі таңда "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша басым мамандықтар тізбесіне "Судьялар мен сот жүйесінің қызметкерлері" санатын қосудың айрықша өзекті болғанын хабарлады.

Жоғарғы соттың төрағасы Қайрат Мәмидің байламынша, "Астана" халақаралық қаржы орталығының қызметі "Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған".

"АХҚО бүкіл Орталық Азия аймағы үшін қаржылық хабқа айналуы және әлемдегі алдыңғы қатарлы 20 қаржы орталығының қатарына енуі тиіс. Ұлт жоспарының 24-қадамын іске асыру шеңберінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Астанада "Халықаралық арбитраж орталығы" құрылмақ. Орталық жанынан англо-саксондық құқық жүйесі мен сот ісін жүргізуде ағылшын тілі қолданылатын "қаржы сотын" құру арқылы инвестициялық дауларды шешу көзделіп отыр. Осыған орай англо-саксондық құқық жүйесін зерделеу мақсатында шетелде арнайы тағылымдамадан өткен судьялар контингентін даярлау қажеттілігі туындады", – деді Қайрат Мәми.

Ал "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов халықаралық қаржы орталығын құруда адами капиталдың әлеуеті маңызды рөл атқаратындығын, сондықтан да АХҚО еліміздің білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, арнайы бағдарлама әзірлегендігін атап өтті.

"Ел экономикасына қаржылық ресурстарды тарту және капиталдың жаңа легін қалыптастыру мақсатында АХҚО-ға жоғары білікті мамандар қажет" дейді Қайрат Келімбетов. 

Жоғарғы соттың судьясы Мадияр Балкен Ұлыбританияда тағылымдаманы ұйымдастыру қалай жүретінін әңгімелеп берді.

"Тағылымдама бағдарламасы Дубай халықаралық қаржы орталығы жұмысының тәжірибесі ескеріле отырып әзірленген. Тағылымдама бағдарламасы шеңберінде стипендиаттар ағылшын іс қағаздарын жүргізу, ағылшын судьяларының жұмыс қағидаттарын, құқық үстемдігі мәселесін, соттың заң шығару және соттың үлгілік ісін, коммерциялық құқықтың келісімдік, банктік, қаржылық секілді түрлі салаларының ерекшеліктерін, ағылшын азаматтық процестерін, халықаралық арбитраждық құқықты зерттейтін болады. Сонымен қатар, стипендиаттар үшін Ұлыбританияның соттарында, жетекші заңгерлік қауымдастық пен адвокаттар кеңселерінде ұзақ мерзімді тәжірибеден өту жоспарланып отыр", – дейді Мадияр Балкен.

Белгілі болғаны, Тұманды Альбионға Астана қаласының Алматы аудандық сотының судьясы Данияр Қопабаев, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Гүлнәр Сатбаева, жоғарғы сот департаментінің халықаралық байланыстар секторының меңгерушісі Адия Рамазанова және басқалары аттанып бара жатыр екен. Егер кейін олар лайықты екендерін дәлелдеп, "Астана" қаржы орталығы арбитрларына айналса, жалақы жөнінен қазақстандық әріптестерін шаң қаптырып, әлемдегі арбитрлар деңгейіндегі табыс таппақ. Өйткені мысалға, Лондон биржасында арбитрлар төрешілік қызметтен ірі бизнесмендер қатарлы табыс табатындықтан, параға қолын былғамайды да.   

Шығарып салып тұрып, жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми тағылымдама аяқталған соң, стипендиаттардың әрқайсысы ағылшынның жалпы және коммерциялық құқығының негіздері бойынша алған білімдерін қазақстандық тәжірибеге одан әрі енгізуде барынша қолдана алады деп сенім білдірді.

Ал "Аяз би" секілді шыққан тегін, түбін ұмытпаулары үшін олардың бәріне ұлттық сот жүйесінің ежелгі заманнан қазіргі күнге дейінгі мәселелерін қамтитын, бірден үш тілде жарық көрген "Қазақстандағы сот билігі. Тарих және қазіргі заман" атты кітаптың сыйлық нұсқасы табыс етілді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу