"Астана Арландары" Лондонда финалға шықты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1960

Қазақстан боксшылары WSB жартылай финалында Британия клубынан басым түсті.

"Астана Арландары" Лондонда финалға шықты

"Astana Arlans" мен "British Lionhearts" арасындағы WSB жобасының жартылай финалдық жекпе-жектері аяқталды. Өз жерімізде 4:1 есебімен басым түскен "Арландар" Лондонда 3:2 есебімен жеңіске жетті. Жалпы есеп – 7:3. Қазақтың күрзі жұдырықты жігіттері – финалда!

52 келі: Олжас Сәттібаев – Дин Фарелл – 2:1 (48:47, 47:48, 50:45)
Қарсыласының бойы әлдеқайда биік екен. Қолдары да – ұзын. Жас боксшы (19-да). WSB жобасында шаршы алаңға алғаш рет шықты. Бірақ өте ширақ, жанкешті жігіт екен. Алайда тәжірибесі мол Олжас соққыларын дөп тигізе білді. Деңгейі жоғары екенін көрсете алды. Төрешілердің екі айырылған шешімімен жеңіске жетті.  

60 келі: Закир Сафиуллин – Чад Милнс – ABD R3 (20:18, 20:17, 20:17)
Ағылшын клубының намысын қорғаған Жаңа Зеландия жігіті төртпақ, тығыршықтай екен. Соққылары нық сияқты, бірақ техникасы аса жоғары емес. Чад та WSB жобасындағы алғашқы жеңісін өткізді. Закир оны бірінші раундта-ақ нокдаунға түсірді. Екінші раундта екі рет сұлатып салды. Ағылшын клубының бапкерлері үшінші раундқа Чадты шығарған жоқ. "Тағы да шаршы алаңға топ етіп, ұшып түсер" деді ме, жеңілгендерін мойындады. Сөйтіп жекпе-жек тоқтатылды.   
69 келі: Асланбек Шымбергенов – Кумар Манодж – 3:0 (48:47, 49:46, 49;46)
Бұл салмақта "British Lionhearts" клубының намысын үнді боксшысы қорғады. Бойы – Асланбектен аласалау. Төбеден төпелеп, алыстан ұруға – тамаша мүмкіндік. Шымбергенов дәл солай істеді. Жекпе-жектің басын өте жақсы бастады. Бірақ соңғы раундтарда қарсыласымен жиі құшақтасып, жақын қашықтықта үндістің де соққы жұмсауына мүмкіндік беріп қойды. Әйтсе де, жеңді.
81 келі: Арман Рысбек – Томас Уитаккер-Харт – 1:2 (45:50, 49:46, 45:50)
Бұл жекпе-жекте керісінше, қарсыласының бойы Арманнан ұзындау болды. Әрі ол ара қашықты сақтай жүріп, көп соққы жұмсады. Арманның соққылары пәрменді, жұдырығы дәл тигенде қарсыласының басы дір ете қалады. Әйтсе де, Томасты топ еткізіп, құлата алмады. Соңғы раундтарда шаршап та қалды. Жеңіс ағылшын боксшысына бұйырды.
+ 91 келі: Нұрсұлтан Аманжолов – Патрик Майлата – ABD R3, 1:59 (18:20, 19:19, 18:20)

Ең ауыр салмақта да "British Lionhearts" намысын Жаңа Зеландия боксшысы қорғады. Дембелше, етженді жігіт екен. Қимылы баяу. Бірақ бар пәрменімен ұрады. Нұрсұлтанның бойы одан биік. Әрі жекпе-жекті тәп-тәуір бастады. Ара қашықтықты сақтай жүріп, ұруға тырысты. Бірақ үшінші раундта, қарсыласы өзіне тұра ұмтылғанда... сасып қалып, оның ауыр соққысын өткізіп алды. Нокдаунға түсіп қалды. Патрик қойсын ба, бастырмалата ұрып, алға қарай атылды... біздің бапкерлер рингке орамал лақтырды... Сөйтіп, жаңазеландиялық боксшы Закирден таяқ жеген жерлесінің есесін қайтарды.

Сонымен "Астана Арландары финалға шықты. Финалда Куба қабыландарымен кездесуі мүмкін. Рас, Бостандық аралының батырлары түзде Колумбия боксшыларынан 2:3 есебімен жеңіліп қалған. Бірақ "Cuba Domadores" өз жерінде "Colombia Heroicos" клубын тас-талқан қылуы керек. Оған күмән келтіре алмаймыз. Бұл жұптағы екінші жартылай финалдық кездесу бүгін өтеді.   

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу