"АтырауМұнайМаш" ҚДБ-ның несиесіне қол жеткізді

Райхан Рахметова Райхан Рахметова
2728

Серіктестік өндіру қуатын 2,5 есеге ұлғайтып, мұнай жабдықтарының импортын алмастыруды көздеп отыр.

"АтырауМұнайМаш" ҚДБ-ның несиесіне қол жеткізді

Жобаның жалпы құны 15,3 млрд теңгені құрайды. Оны жүзеге асыруға қаржылары жетпейтін болғандықтан серіктестік құрылтайшылары индустриялық-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында  Қазақстанның даму банкінен 14 жылға несие алды.

"Құзырет ауқымдылығы мен аса ауыр жүктерді тасымалдау бойынша тәжірибені ескергенде біздің кәсіпорын Каспий маңы өңіріндегі мұнай кәсібі жабдықтарының жалғыз жеткізушісі болып табылады. Жаңа цехтарды іске қосқан соң біз отандық нарықтағы үлесімізді арттыруды жоспарлап отырмыз. Осы арқылы алыс шет елдерден әкелінетін жоғары технологиялы мұнай жабдықтарының  импортын алмастырамыз деген үмітіміз бар", – деді кәсіпорын құрылтайшысы Сағат Түгелбаев.

"АтырауМұнайМаш" ЖШС еліміздегі ірі мұнай өндіретін және өңдейтін жобаларға, атап айтқанда  Теңіз және Қарашығанақ кен орындарымен бірге Павлодар, Атырау, Шымкент мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстарына қажетті жабдықтарды жеткізеді. Зауытта  мұнай-газ, тау-кен металлургия, энергетика, атом, мұнай-химия, құрылыс, азық-түлік өнеркәсібіне арналған  жабдық өндіріледі. Сонымен қатар күрделі болат конструкциялары шығарылады, оның ішінде көпір және инфрақұрылымдық жобаларға арналған құрастырмалар жасалады. Колонналар мен мұнай-химия сонымен қатар мұнай өңдеуге арналған  реакторлар, буллиттер, технологиялық модульдер, жылу қондырғылары және басқа да ірі габаритті жабдықтар осында өндіріледі.

Биыл компания 4700 тоннаға дейін машина жасау өнімін өндіруді жоспарлап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 60%-ға артық. 275 адам жұмыс істейтін серіктестікте жоба аясында жаңа цех пайдалануға беріліп, қосымша 170 жаңа жұмыс орны ашылады. 2018 жылы пайдалануға берілетін өндірістік цехта шетел технологиясы қолданылады.

"Мұнай өндірісіне қажетті жоғары сапалы жабдықтарды біз шетелден тапсырыспен алдыртамыз. Жаңа жобаны жүзеге асырған соң, халықаралық стандартқа сай жабдық өндіретін боламыз.  Оған отандық қана емес, еліміздегі шетелдік кәсіпорындар да тапсырыс беретініне күмән келтірмейміз. Біз қазірдің өзінде экспортқа  дайынбыз", –  деді Сағат Түгелбаев.  

"Қазақстанның даму банкі" АҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев тарихы тереңде жатқан кәсіпорын қызметіне сенім білдіре отырып, оның нарықтағы орнын жоғары бағалады.

"Компанияның өз саласындағы көп жылдық тәжірибесі бар екенін бәрі біледі. Оны несиелендіруге осы үшін келісім бердік. Бұған қоса кәсіпорынның жобасы банктің миссиясымен толық сәйкес келіп тұр", – деді Болат Жәмішев.

Райхан Рахметова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу