banner

"Барыстың" ішкі "былығын" пенде түсініп болар емес

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3148

Құрлықтық хоккей лигасында ойнайтын қазақтың жалғыз клубы биыл плей-офф сатысына шыға алмайтын болды.

"Барыстың" ішкі "былығын" пенде түсініп болар емес Фото: hcbarys.kz

"Барыс" кеше жеңіске жетті. Өз айдынында Тольяттидің "Ладасын" 4:3 есебімен ұтқанымен, плей-оффқа шыға алмайтын болды. Себебі "Шығыс" конференциясында 8-орынды иемденіп тұрған "Сибирь" клубының еншісінде – 82 ұпай. Ал "Барыс" 70 ұпаймен 10-орында тұр. Екеуі де 53 ойыннан өткізген. Қалған үш ойында да Новосибирск клубы ұтылып, астаналықтар жеңіске жетсе де, енді оларды қуып жету мүмкін емес. Басқаша айтқанда, "Барыс" енді 79 ұпайдан артық еншілей алмайды...

Сөйтіп, қазақтың барысы 2008/2009 жылдар маусымынан бері, яғни 10 жылда екінші рет плей-офф сатысына шыға алмайтын болып отыр. Алғаш рет 2015/2016 жылдар маусымында осындай сәтсіздікке ұшырап, жанкүйерлерін өкіндірген. Ол кезде команданы Ресей маманы Андрей Назаров жаттықтырған болатын.

Ал биыл Евгения Корешков өзіне артылған сенімді ақтай алмады. Бірақ қазір ол да жоқ. Бұған дейін жазғанымыздай, "Барыс" 15 қарашадан бастап, 1 қаңтарға дейін екі-ақ рет жеңіске жетіп, 14 рет ұтылып қалған болатын. Сондықтан, 2018 жыл табалдырығымыздан аттаған бетте бас бапкерін отсавкаға жіберді. Бірақ тым кеш қалған сияқты. Өйткені қалған ойындарда тығырыққа тіреп алған жағдайын түзеу мүмкін болмады.

Негізі, "Барыс" биылғы маусымды аса жоғары қарқында бастаған еді. Команда сапына жазда қосылған легионерлеріне сүйсінбеген ешкім қалмаған-ды. Нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп, қарашаның басында "Шығыс" конференциясында көш бастап тұрған кезі де болды. Алайда содан кейін жеңілістен көз ашпай, төмен қарай сырғи берді.   

"Бас бапкері Евгений Корешков солтүстікамерикалық легионерлерімен тіл табыса алмады" деген сыбыс, долбар көп айтылады. Бірақ "Барыстың" басшылары да, Корешковтің өзі де, легионерлері де тіс жарып, ештеңе айтар емес. Бәрі де жабулы қазан күйінде қалып отыр. Әсіресе, Мартин Сен-Пьердің "Адмирал" клубына ауысып кетуі жұмбақ күйінде қала берді. Клуб басшыларының "оның бірінші бестікте ойнағысы келді, сондықтан өз бағын басқа клубтан іздегенді жөн санады" деген ресми мәлімдемелері де адам сенерліктей болды деп айта алмаймыз.  

"Ыдыс-аяғы сылдырамайтын үй болмайды" дегендей, жоғарыдағы сыбыстың "тұзы татымайды" деп те айта алмаймыз. Себебі "Барыстың" мақтаулы легионерлерінің 15 қарашадан бері "гол соға алмай" қойғандары өтірік емес. Білгендерінен жаңылып, қарсы команданың қақпасына шайба бағыттаудан қалғандары да шындық. Неге? Оны ешкім де дөп басып айтып бере алмайды. Спорттық баптарынан айырылып қалды ма, әлде басқадай себептері бар ма, белгісіз.

Осылайша, қаңтардың басында бас бапкері қызметінен босатылды. Оның орнына бас бапкердің міндетін атқарушы болып, Ғалым Мәмбетәлиев келді. Жаңа жаттықтырушы бір ойыннан кейін-ақ нақты шара қолдана бастады. Әуелі, түздегі үш ойынға мақтаулы легионерлерінің екеуін алмай тастап кетті. Олар Линден Вей мен Мэттью Фрэттин болатын. Бұларға "Адмиралдан" келген Джеймс Райтты және жарақатынан айығып кете алмай жүрген Константин Пушкаревті қосты.

Іле-шала Линден Вей мен "Барыс" арасындағы келісімшарт өзара келісім бойыншы бұзылып. Канада шабуылшысы Швейцарияға кетті. Қазір осы елдегі "Цюрих" клубының сапында ойнап жүр. Ресейлік басылымдар "Вей Қазақстан азаматтығын алмайтын болғандықтан, клуб жалақысы жоғары мұндай қымбат ойыншыны өздерінде қалдыруға мүдделі болмады" деп жарыса жазды.

Ғалым Мәмбетәлиев мұнымен шектелген жоқ. Кешегі ойында команда құрамына қорғаушы Роман Савченко мен қақпашы Хенрих Карлссонды қосқан жоқ. Кейінгі кезде екеуінің де көңілінен шықпай, барлық күш-жігерлерін салып ойнамай жүргендерін ашық айтты. Шүмектетіп тер төгіп, өз қабілеттерінің жоғары екендерін дәлелдеулері керек екендігін көлденең тартты.

Сөйтіп, "Барыс" тоқмейілсіп қалған, өз міндеттеріне немқұрайлы қарай бастаған жұлдыздарын тәртіпке сала бастады. Есесіне, Құрлықтық хоккей лигасында ойнағылары келетін, өз мүмкіндіктерін паш етуді армандап жүрген жастар мен жергілікті ойыншыларға кезек беріп отыр. Талаптары зор хоккейшілерге мүмкіндік беріле бастады.

Нәтиже жоқ та емес. "Барыс" соңғы екі ойында жеңіске жетіп, түзде "Автомобилист" клубын 4:2 есебімен, ал "Лада" хоккейшілерін 4:3 есебімен тізе бүктірді. Осы екі матчқа дейін "Ладамен" түзде тең түсіп, тек овертаймда есе жіберіп алған болатын (3:4). Сонда соңғы үш ойыннан жеті ұпай еншілеп отыр.

Бәлкім, бас бапкерін қаңтардың басында емес, одан сәл ертерек ауыстыру керек па еді?! Қалай десек те, "Барыс" биыл қолын мезгілінен кеш сермеген сияқты. Енді, биылғы сәтсіздігі болашаққа сабақ болғай дегеннен басқа айтарымыз жоқ.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу