"ЕАЭО аясындағы цифрлы күн тәртібі Қазақстанға пайда әкелуі керек"

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4725

Дәурен Абаев "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы төрт бағытқа басымдық беретінін айтты.

"ЕАЭО аясындағы цифрлы күн тәртібі Қазақстанға пайда әкелуі керек"

Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) 2025 жылға дейінгі цифрлы күн тәртібі одаққа мүше-мемлекеттердің экономикасын трансформациялайды. Қолданысқа цифрлы технологияның енгізілуі шекаралық шектеулерді жойып, одақты экономикалық, әлеуметтік және мәдени тұрғыдан түлетеді. Сонымен қатар аймақтық һәм жаһандық бәсекелестіктің бәсін қыздыруға мүмкіндік береді. Еуразия экономикалық комиссиясы (ЕЭК) мен Дүниежүзілік банк өкілдері елорда да өтіп жатқан халықаралық форумда осындай пікір білдірді.

Былтырдан бері ЕЭК мен Дүниежүзілік банк тобы ЕАЭО-ның 2025 жылға дейінгі цифрлы күн тәртібінің тиімділігін зерттеумен айналысты. Іс барысында әлемдік тәжірибе назарға алынып, ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттердің қолданыстағы ұлттық цифрлы бастамалары ой елегінен өткізілді. Нәтижесінде одаққа мүше-мемлекеттерге біріздендірілген, жалпыға ортақ цифрлы күн тәртібі қажет деген байлам жасалды.

Цифрлы күн тәртібі деген не?
Бұл  2016 жылдың 26 желтоқсанында ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттердің президенттері қол қойған стратегиялық құжат. Онда одаққа мүше-мемлекеттердің 2025 жылға дейінгі цифрлық жаңғыруы, интеграциясы және ынтымақтастығы ерекше назарға алынған.

ЕАЭО-ның цифрлы күн тәртібі экономиканы технологиялық үрдіске көшіру мен инновацияны ілгерілетуді, жаңа индустрия мен нарық қалыптастыруды сондай-ақ интеграциялық байланыстың тамырын тереңдетіп, ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейді.

Цифрлы күн тәртібі жүзеге сәтті асырылған жағдайда 2025 жылға қарай ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттердің ІЖӨ шамамен 11%-ға өседі. Жаһандық нарыққа шығу жеңілдеп, экономикалық тәуекел азаяды.

Мүше-мемлекеттердің мұнысы несі?
ЕАЭО құрамындағы елдер әу баста цифрлы күн тәртібі жобасына қырын қарапты. Олар кәдімгідей қарсылық танытып, жобаны жерден алып, жерге салыпты. Бұған не себеп болды, ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттердің мұнысы несі? Бұл сауалға ЕЭК төрағасы Тигран Саркисян былай жауап берді:

"2016 жылы ЕАЭО-ның 2025 жылға дейінгі цифрлі күн тәртібі деген жоба дүниеге келді. Ол бірден қарсылыққа тап болды. Себебі одақтың келісімінде цифрландыру туралы сөз болған жоқ. 300-ге жуық сарапшы мәселені талқы таразысына салды. Нәтижесінде цифрлы күн тәртібінің басым бағыттары белгіленіп, мақсаты мен міндеті айқындалды. Осының ізінше одаққа мүше-мемлекеттердің бірінші басшылары стратегиялық құжатты ресми рәсімдеді. Осылайша сең сетінеп, іс алға басты".

Бұдан кейін ЕЭК төрағасы ұлттық цифрлы күн тәртібіне қатысты қай елде қандай шара атқарылып жатқанын айтты.

"Ресей Федерациясы ұлттық цифрлы күн тәртібін бекітіп үлгерді. Алдағы уақытта Қазақстанның цифрлы күн тәртібі таныстырылады. Беларусьте президенттің жарлығы әзірленуде. Қырғызстанның цифрлы күн тәртібі талқыланып жатыр, ал Армения бағдарламаны іске қосты", – деді Тигран Саркисян "Еуразиялық апталық" деген тақырыппен Астанада өткен халықаралық форумда.

ЕЭК төрағасының түсіндіруінше, ұлттық үкіметтердің цифрлы күн тәртібі бір-біріне қарама-қайшы келмеуі керек. Бұған жол берілсе, одаққа мүше-мемлекеттердің арасында жаңа кедергілер пайда болады.

Ал Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Лилия Бурунчук бүгінгі таңда әлем цифрлық революцияға куә болып отырғанын алға тартты.

"Қазіргі кезде дәстүрлі экономика баяу, цифрлы экономика жылдам дамып жатыр. Таяу болашақта экономиканы цифрландыру әлемдік экономиканың көрінісін түбегейлі өзгертеді және 2025 жылға қарай ІЖӨ-нің үштен бір бөлігін құрайтын болады", – деді Лилия Бурунчук.

"Цифрлы Қазақстан"
Шара шеңберінде ҚР ақпарат және ком­муникациялар министрі Дәурен Абаев пікір білдірді. Ол Қазақстанда цифрландыруды дамыту үшін кешенді қадамдар іске асырылып жатқанын тілге тиек етті.

"ЕАЭО аясындағы цифрлы күн тәртібі Қазақстанға пайда әкелуі керек. Біз осы ұстанымды темірқазық тұтамыз. Біз цифрлы күн тәртібі Қазақстанның цифрлы кеңістігін тежегенін қаламаймыз. Бұл өте маңызды мәселе. Біз ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттердің цифрландырылуы әртүрлі деңгейде екенін ұмытпауға тиіспіз,– деді Дәурен Абаев.

Бұдан кейін министр "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы туралы сөз қозғады.

"Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы арқылы негізгі 4 жұмыс бағыты белгіленді. Олар: инфрақұрылымды дамыту, адам капиталын жақсарту, экономика салаларын цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру", – деп қорытты ойын Дәурен Абаев.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу