"Этникалық немістер Қазақстанға қайта оралып жатыр"

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
12816

 Соңғы 5 жылда Қазақстан Германиямен бірлесіп, 19 инвестициялық ірі жобаны жүзеге асырды.

"Этникалық немістер Қазақстанға қайта оралып жатыр"

Иә, иә, дәл солай, бір кездері тарихи отандарына көшіп кеткен этникалық немістер Қазақстанға қайта оралып жатыр. Астанада өткен халықаралық конференцияда ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко осылай деді.

Оның мәлімдеуінше, Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген жылы 1 миллионнан астам  этникалық неміске пана болған. Уақыт өте келе олар Германияға үдере көшкен. Көші-қонның қарқыны қайтқан кезде Қазақстанда  небары 180 мың этникалық неміс қалған.  

"Біздің елден Германияға қоныс аударған немістер мемлекетаралық байланысқа көпір болып отыр. Олар достық пен әріптестіктің буынын бекітуге қолдарынан келгенше атсалысуда", – деді Роман Василенко.

Министрдің орынбасары атап көрсеткендей, соңғы уақытта этникалық немістердің Қазақстанға қайтып келуі белең ала бастаған.

"Этникалық немістер Қазақстанға іскер адам, ГФР азаматы ретінде қайта оралып жатыр. Олар Қазақстанда бизнеспен айналысып, мәдени-гуманитарлық және ғылыми жобаларды жүзеге асыруда", – деді Роман Василенко.

Сыртқы істер министрлігі өкілінің айтуынша, Қазақстан мен Германияның дипломатиялық қарым-қатынасына биыл 25 жыл толды.

"Мемлекетаралық байланыстың ширек ғасыры аса жоғары дәрежедегі өзара сенім мен сұхбатты, құрмет пен серіктестікті тарихқа енгізді. Сауда-экономикалық байланыс барысындағы алыс-беріс 2016 жылы 1 млрд 700 млн АҚШ долларын құраса, 2017 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы тауар айналымы 1 млрд  200 млн долларға жетті. Бұл – биылғы көрсеткіш былтырғы нәтижеден артық болатынының дәлелі", – деді сыртқы істер министрінің орынбасары.

Роман Василенко соңғы 12 жылдың экономикалық көрсеткіштерін де ой елегінен өткізді.

"2005 жылдан бері Германиядан Қазақстанға 4 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Бүгінгі таңда біздің елде Германияның капиталымен 900 компания жұмыс істеп жатыр. Соңғы 5 жылда Қазақстан Германиямен бірлесіп, 19 инвестициялық ірі жобаны жүзеге асырды. Бұған 2,4 млрд еуро жұмсалды", – деді дипломат.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Германия Қазақстанға EXPO -2017 халықаралық көрмесі кезінде де қолдау көрсеткенін айтты.

"Әлем халқы көз тіккен EXPO -2017 халықаралық көрмесі аясында өткен Германияның ұлттық күніне ГФР президенті Франк-Вальтер Штайнмайер ресми сапармен келді.  Сапар аясында экономикалық, әлеуметтік маңызы зор бірқатар кездесу ұйымдастырылды. Нәтижесінде құны 1 млрд доллардан асатын 20-дан астам келісімге қол қойылды. Ал EXPO -2017 кезіндегі ең ірі павильон Германияға тиесілі болды және ол ең үздік деп танылды", – деді  вице-министр.

Өз кезегінде Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мафаэль Рольф Қазақстан мен Германия арасындағы саяси-экономикалық һәм әлеуметтік-рухани байланыстың тамыры тереңдей беретінін жеткізді.

"Жер аударылған кезде Қазақстан 440 мың неміске құшағын ашып, оларды бауырына басты. Бір үзім нанын бөліп беріп, бір жұтым суын бөліп ішті. Қазақтардың осы жақсылығын қазір Германияда тұратын бұрынғы қазақстандық немістер ешқашан ұмытпайды.

Бүгінгі таңда Қазақстанда өмір сүріп жатқан 180 мың этникалық неміс өзінің тілі мен мәдениетіне, дәстүрі мен салтына емін-еркін жүгініп жүр. Бұған тағы да қазақтар себепші болып отыр. Осы үшін Қазақстанға, оның халқына алғыс айтамын", – деді Мафаэль Рольф.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу