"Кәсіп бастау үшін қаражат керек емес"

12098

"Мен 50% кәсіпкермін, 50% өнер адамымын".

"Кәсіп бастау үшін қаражат керек емес"

Abctv.kz порталына берген сұхбатында биші, продюсер, модельер Жадыра Сахиева осылай деп мәлімдеді.

- Қазір өнер жұлдыздарының басым бөлігінің қосымша кәсібі бар. Сіз өзіңізді кәсіпкер деп есептейсіз бе?

- Жалпы бізде мынадай ұғым бар. Өнерлі әртіс, кәсіпкер немесе бизнесмен әртіс. Ал мен 50% кәсіпкермін, 50% өнер адамымын. Бір жағынан ол қиын. Өйткені өнер мен кәсіпті қатар алып жүру керексің. Сондықтан да, ең алғаш бастағанда екі саланы бірдей алып жүру оңай болмады. Тіпті екі саладан да қалып қоя жаздадым. Бірақ ұжымымның арқасында шаруам ойдағыдай жүріп келеді.

Жалпы қазақ "көз – қорқақ, қол – батыр" дейді. Басында барлығы да оңай болмайды, әрине. Сондықтан да үйренісіп, кәсібіңді жақсы көріп, тек өзіңнің қалтаңды емес, халқыңды ойлап жатсаң, кәсіпте де жолың болады.

- Өнер адамына кәсіпкер болу қаншалықты оңай немесе қиын?

- Мен өзім кәсіпкер боламын деп ойлаған жоқпын. 10 жасымнан билей бастаған кезде, кішкентай бүлдіршіндердің ата-аналары келіп, бір би қойып беруді ұсынды. Мен сол биді қойып, оларға көйлектерін тігіп бердім. Менің қойған биім шағын байқаудан бірінші орын алыпты. Содан кейін, биші бүлдіршіндердің ата-аналары маған қайтадан келіп, "Жадыра біз саған ақша төлейік, сен біздің балаларымызға би үйрет", – деп ұсыныс айтты. Сөйтіп мен өзімнің би ансамблімді құрдым. 13 жасымда тапқан қаражатыммен әке-шешеме үй алып бердім.

Өйткені 90-жылдары бәріміз де үйсіз жүрдік. Содан кейін, тағы бір пәтер алып бердім. 15 жасымда өзіме есеп берген сәтте, мен кәдімгідей кәсіпкер болғанымды түсіндім. Сол кезде "Жеке кәсіпкер" ретінде тіркеліп, 700 баланы биге баулып жүрдім. Сонымен бірге эстрада-цирк колледжінде оқитынмын, "Гүлдер" ансамблінің құрамында билейтінмін және де ішкі істер ансамблінде бас балетмейстер болдым. Сондықтан бала кезімнен бірнеше істі қатар алып жүргендіктен де, мұның барлығына үлгеретінмін. Біреулер осылай бірнеше салада жүрсе, оған таңқалмаймын.

Бір жағынан, алғашқы уақытта істеп жүрген жұмысымды кәсіп немесе бизнес деп қараған жоқпын, мен оны хоббиім деп ойладым. Өнер академиясын бітірдім, заң мамандығын да алдым, ішкі істер кіші лейтенантымын, ондай да қызмет атқардым. Бірақ сол хоббиім менің мамандығыма айналды.

Содан кейін ателье аштым. Шымкенттен, Қарағандыдан тігіншілер алдырып, солармен жұмыс істедім, қол астымда оралмандар да көптеп істеді. Осылайша, тағы бірнеше саланы қатар алып жүре бастадым.

- Тайм-менеджментті мықты меңгерген болып тұрсыз ғой?

- Қандай саланы болсын мықты меңгергенмін деп айта алмаймын, бірақ меңгеруге тырысамын. Өйткені жыл сайын түрлі өзгеріс болып жатады. Өнер саласында, басқа салада болсын, біз соның бәрін біліп отырамыз және уақытында бірге жаңарып отырсақ, сол маңызды. Оқы, оқы және оқы дейді ғой. Үйрену, оқу – бітпейтін процесс.

- Тайм-менеджментте "маңызды әрі тез арада жүзеге асуы тиіс", "маңызсыз бірақ жедел орындалуы тиіс", "аса маңызды, алайда шұғыл орындалмаса да болатын" және "маңызды да, шұғыл да емес" істер болады, соның қайсысына баса мән бересіз?

- Мен үшін кездейсоқ болсын, кезекті болсын істердің барлығы да маңызды. Өйткені маңызды не маңызсыз деп қарасақ ол жұмыс болмайды. Мен соны түсіндім. Әрине, жас кезімізде мынау күте тұрсыншы, мынаны бітіріп алайық дегендей дүниелер болып жататын, сонда сол мән бермеген шаруа аса маңызды болып шығатын еді. Біздің қазақтар ертеңге сілтеуді жақсы көреді ғой. Менің түсінгенім, ештеңені ертеңге қалдырмау керек.

Мен де осы қалпыммен келе салған жоқпын. Ресми түрде 18 жасымнан, ал негізінен 15 жасымнан кәсіппен айналысып келемін. Осы жиырма жылдай уақыттың ішінде менде де қиындық болды, құлап, қайта тұрып кеткен кездерім болды. Бірақ сол сәтсіздіктердің барлығы да "Ей, ертең", "қазір бұл маңызды емес" деген еренсіздік салдарынан еді. Сондықтан қазір маған уақыт та, шаруа да, адам да маңызды. Өйткені жаныңдағы серіктерің сенімді болғанда ғана барлық шаруаны бірдей атқарып үлгеруге болады. Соны түсіндім!

- Қазір ел экономикасындағы дағдарыс, кәсіпкерге біршама қиындық туғызып жатқаны белгілі. Сіз дағдарысқа қалай төтеп бересіз?

- Менің ойымша, дағдарыс әр адамның миында. Әрине, мүмкін бар шығар, бірақ мен білмеймін. Неге? Өйткені біз жұмыс істейміз. Кейде киімді тегін де, сыйлыққа да береміз. Бірақ Алладан қайтады деп жатамыз. Алайда Алладан қайтады деп те отыра берудің қажеті жоқ. Жұмыс істеу керек. Сондықтан да менің айтып отырғаным 24 сағат жұмыс істесеңіз, менің ойымша дағдарыс деген болмайды. Теледидар көріп, рахаттанып жүретін адамда ғой дағдарыс. Ал бізде бес-алты сала болғандықтан, оны ойлауға да, кешіріңіз, уақыт жоқ.

- Америкалық және батыстық бизнес-тренерлер адам ақша табуы үшін, табысты болуы тұлға ретінде дамуы тиіс дегендей теорияны алға тартады. Сіз бұған не дер едіңіз?

- Мен осы уақытқа дейін қаражатсыз дүние жасадым, жасап та келе жатырмын. Бізде демеуші деген жоқ, өзіміз қолдан келген мүмкіндікті пайдаланамыз. Еріншек, оңай жолмен жүретін адам ғана тұлғаның дамуы немесе тағы басқа сондай теорияға бас қатыратын шығар.

Мен қазір Жадо болып тұрсам да кей кезде тегін жұмыс істеймін. Әрқашан өзіңді дәлелдеп, елге көрсету керек, ол – ақысыз. Дәлелдеу кезінде сенен ешкім ақша сұрамайды және ақша бермейді. Өзіңді бағалағаннан кейін ғана, сенің мүмкіндігіңнің құны анықталады.

Қаражат бизнеске, кәсіпке мүлдем бағынбайды. Мен білетін әйгілі адамдар, белгілі сәнгердің барлығы да нөлден бастаған.

- Қазір сәнқой қыздарға қандай киім үлгісін ұсына аласыз?

- Біздің дизайнерлер батысқа еліктейді ғой, еліктеп те жүр, еліктей береді де... Сол кезде менің қарным ашатын. Бірақ менің де тәжірибемде түрлі киім үлгісі болды. Батыстық та, өзге ұлттардың ұлттық киімі болды. Бірақ түсінгенім, өз ұлтымыздың әдемі ою-өрнекпен көмкерілген киімдеріне, сонау көне заманнан келе жатқан тарихи мәні бар, ұлттық киім үлгілеріне ештеңе жетпейді екен. Оның ешқашан құны, уақыты кетпейді екен. Қазір ұлттық нақыштағы киім үлгілерін өзгелер тігіп жатқанын көргенде жымиып күліп қоямын. Өйткені бұл қазір үлкен бизнеске айналды. Қазақи ою-өрнектермен тігілген киімдерге сұраныс көп екен ғой деп, соны қолға алғандар бар.

Ал біз осындай киімдермен көпшіліктің киінгенін қалаймыз. Теріден, түрлі-түсті матадан тігілген, қазақы нақышта тігілген киімімізді көпшіліктің кигенін сол арқылы насихаттағанын қалаймыз.

- Шетелді бағындыру ойыңызда бар шығар?

- Жалпы, "Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол" дейді ғой. Яғни, ең алдымен өзіңнің халқың қандай маман екеніңді бағалап отырса, содан кейін ғана шет мемлекетке неге шықпасқа. Содан кейін шығу керек, өнеріңді көрсету керек дегендей... Менің ойымша әрбір маман, әрбір өнерлі адам болсын, ол бірінші өзінің кәсібін үлкен деңгейге жеткізуі керек. Содан кейін бәрі қолында болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу