"Қазақ ғалымдарының ғылыми жобалары жүзеге аспай қала береді"

5344

Ал кәсіпкерлерді ғылыми жаңалық қызықтырмайды.

"Қазақ ғалымдарының ғылыми жобалары жүзеге аспай қала береді"

Таяуда Ш.Шокин атындағы Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Марат Қошымбаевпен кездесіп, еліміздің энергетика саласындағы маңызды мәселелерді біліп қайтық.

– Маман ретінде айтыңызшы, Қазақстан энергетикасының ерекшелігі қандай?

– Қазақстан энергетикасының басты ерекшелігі ретінде қуат көзінің басым бөлігін жылу электр стансалары өндіретінін айтуға болатын шығар. Бізде электр энергиясын өндіруде көмірдің үлесі 70%-ды құрайды. Ал көмірді жағу арқылы өзімізге қажетті қуат көзінің 82%-ын аламыз. Жалпы, көмірдің қоршаған ортағы тигізетін зияны көп. Біздің жылу электр стансаларынан шыққан түтін сонау Жапонияға дейін жетеді. Мұны билік басындағылар біледі. Сондықтан атқарушы билік "жасыл экономикаға" көшуге бар күш-жігерін жұмсап жатыр. Бұл бағытта арнайы бағдарлама да қабылданды.

Соңғы уақытта дүниежүзінде мұнай бағасының құлдырауы Еуропаның бірқатар елдеріндегі дәстүрлі емес қуат көздерін дамыту ісін тығырыққа тіреді. Энергетикалық компаниялар арзан мұнайды сатып алып, қуат көзін өндіруге көшті. Осы тұрғыдан алғанда дәл қазір "жасыл экономика" жолайрықта тұр. Меніңше, бұл уақытша қиындық. Алдағы уақытта дәстүрлі емес қуат көздерінен электр энергиясын өндіру ісі жалғасын табатынына сенімдімін.

– Өзіңіз еңбек ететін ғылыми-зерттеу институты қандай жұмыс атқарып отыр?

Ғылымсыз баламалы қуат көзін дамыту мүмкін емес. Бұл саланы дамыту үшін бірінші кезекте арнайы бағдарлама қабылдап, тиісті заңнамалық норма қалыптастыру керек.  Өйтпеген жағдайда жекелеген компаниялар өз беттерінше дәстүрлі емес қуат көзін дамытуға кіріспейді. Оларға мемлекет тарапынан қолдау қажет. Қолдау субсидия, салықтық жеңілдік түрінде бола ма, ол жағын білмеймін. Мұнымен Энергетика министрлігі айналысуы тиіс.

Институт деңгейінде атқарылып жатқан жұмыс жайында айтатын болсам, соңғы уақытта Алматы, Жамбыл облыстарында шағын су электр стансаларының құрылысы қолға алынды. Осы игі іске бет бұрған кәсіпкерлер Қытайдың гидротрубиналарын сатып алып, шағын СЭС сала бастады. Ал біздің институт ғалымдары тоғандардан тиімді қуат көзін өндіруге мүмкіндік беретін отандық гидротрубина ойлап тапты.

Қазақ ғалымдарының туындысы қытай қондырғыларынан мықты десем,  артық айтқандық болмайды. Отандық шағын гидротрубиналар арықтағы судан электр қуатын өндіре алатын мүмкіндікке ие. Бұған қоса оны оп-оңай тасымалдауға болады.

Бүгінде бірқатар өңірлер ішкі туризмді дамытуға талпынып жатыр. Бірақ көркі көз тартар елді мекендердің біразына электр желісі тартылмаған. Біздің шағын гидротурбиналар осы мәселені шешіп бере алады.

– Адамдар сіз сөз етіп отырған гидротрубиналарды неге сатып алмайды?

– Әңгіменің ашығын айтсақ, институт зертханасында дайындалған гидротрубиналарға кәсіпкерлер қызығушылық танытпай тұр. Кез келген құрылғыны калың көпшілік қолданатын деңгейде жеткізу үшін машина құрастыру зауытында  сынақтан өткізу қажет. Ал бізде машина құрастыратын зауыттар құрдымға кеткен. Кеңес заманында зауыттардың жанында конструкторлық бюро жұмыс істейтін. Ал қазір мұның бірі де жоқ. Осындай олқылықтардың кесірінен қазақ ғалымдарының ғылыми жобалары жүзеге аспай қала береді.

Гидротрубиналар конструкторлық бюрода сынақтан өткеннен кейін ғана өндіріске жіберіледі. Біз осыны жасай алмағандықтан нарыққа шыға алмай отырмыз. Ал кәсіпкерлерді ғылыми жаңалық қызықтырмайды. Біз "бәсекеге қабілетті гидротрубина ойлап таптық" десек, олар бетімізге күле қарауы мүмкін. Себебі қазір отандық өнімге күмәнмен қарайтындар көп.

Осы істі Үкімет жүйелеуі тиіс. Ал ол жерасты байлығын сатудан әрі аса алмай отырған тәрізді. "Бұл бағытта ештеңе атқарылмай жатыр" деп ауызды құр шөппен сүртуге де болмайды. Бірақ нақты нәтиженің көңіл көншітпей тұрғаны рас. Іс қашан алға басады, оны мен айта алмаймын.

– Мемлекет тарапынан ғылыми жобаларға грант бөлінеді ғой...

– Гранттың қаржысы кейде ойға алған құрылғыңның шағын макетін жасауға да жетпейтін кездер болады. Сондықтан ғылыми жобаларға бөлінетін грантпен ғылым мен өндірістің арасына жол салу мүмкін емес. Бүгінде ғылыми ізденушілеріміз жаңа жел қондырғыларын жасаумен айналысып жатыр. Олар оның ғылыми тәжірибелік нұсқасын темірден жасады. Сынақ барысында қондырғының кейбір тетіктерін кесіп, тесіп өзгертуге тура келді. Мұны көрген кейбіреулер "жеңіл материалдардан жасамайсыңдар ма?" деп ақыл айтты. Қондырғыны сынақтан өткізгенше тетіктерін түрлі заманауи материалдан жасауға болады. Егер бірден қымбат материалдан жасасақ, үлкен шығынға бататынымызды көпшілік түсінбейді.

Қазақстанда өндірістің өркендемей тұрғанының бір себебі түрлі қондырғылар жасайтын заманауи материал жоқ. Бұл салада жұмыс істейтін мамандарды қолыңызға шам алып іздесеңіз де таппайсыз. Осы жайттар қазақ ғылымының адымын аштырмай отыр.

– Жұрттың назарын аударған қандай ғылыми жобаларыңыз бар?

–  Бір қондырғы ойлап табу үшін бірнеше ғалымның ақыл-ойы қажет. Баламалы қуат көзін дамыту ісі әлемдік трендке айналғаннан бері бұл бағытта ғалымдарымыз көп еңбектенді. Қазақстанда желден электр қуатын өндірудің зор мүмкіндігі бар. Еліміздің қай қиырына барсаң да ұйытқып соққан желге тап боласың. Ал Еуропа елдері жел қалақшаларын орнатып, содан қуат алып отыр. Бірақ соңғы уақытта Германия бастаған бірқатар елдер жел энергиясынан бас тартып жатыр. Өйткені ірі қалалардың маңайындағы ірі жел қалақшалары адам денсаулығына кері әсерін тигізіп, байланыс құралының жұмысын кідіртіп тұр. Біздің ғалымдар Қазақстанда жел энергетикасын дамытуда олардың қателігін қайталамауды ойлады. Қазақстанның жер көлемі кең. Бірақ айдалаға барып жел қалақшаларын орнатуға болмайды. Ірі қалаларға жел қалақшалары өндірген қуат көзін жеткізу үшін жүздеген шақырым электр желісін тартуға тура келеді. Бұл – қып-қызыл шығын. Қазақстанда бір шақырым жерге электр желісін тарту үшін 10 млн теңге қажет. Есептей беріңіз, желі тартуға қанша қаржы қажет екенін. Бұған электр желісін күтіп, баптаудың шығындарын қосып отырған жоқпын. Осы шығындарды айналып өту үшін ғалымдар көпқабатты үйлердің үстіне орнатылатын жаңа жел қондырғыларын ойлап тапты. Бұл қондырғы адам денсаулығына зиянын тигізбейді. Қалақшалардың айналып тұрғаны да білінбейді. Қаладағы байланыс саласының жұмысына да кедергі келтірмейді. Ең бастысы жаңа қондырғылар қала ішіндегі көліктерден шыққан газды сорып, аспанға лақтырып, қала ішін желдетіп тұрады.

Осы қондырғыны өндіріске енгізу үшін үлкен қиындықпен бетпе-бет келіп отырған жайымыз бар. Жаңа қондырғыға кеңес заманынан бері қолданылып келе жатқан ескі генераторларды орнатуға болмайды. Оған заманауи генератор қажет. Ал бізде дәл осындай генератор жасайтын маман жоқ. Шетелден сатып алуға қаржы тапшы.

– Елімізде атом энергетикасын дамыту мәселесі кеңінен сөз болып жүр ғой. Бұған қатысты не айта аласыз?

– Өз басым елімізде атом энергетикасын дамытуды қолдаймын. Бірақ бұл салада жұмыс істейтін өз мамандарымыз болуы керек. Көршіміз Ресей "атом электр стансасын салып берейік" деп құлшынып отыр. Олар Қазақстанда атом электр стансасында жұмыс істейтін мамандардың мүлде жоқ екенін жақсы біледі. Орыстар біздің қаражатымызға электр станциясын салғаннан кейін "станцияларың дайын, қызығын көріңдер" дейді. Алып станцияны күтіп, баптап жұмысын реттейтін маман болмаған соң біз орыстарға: "Станцияның жұмысын сіздер жүргізіңіздер, бізде бұл салада маман жоқ. Кәсіпорынды өздеріңіз басқарыңыздар, бәленше пайыз акциясы сіздердікі" деп өз қолымызбен Ресейге береміз. Бұдан кейін олар бізді станцияның есігінен де сығалатпайтыны белгілі. Мұндай жағдайда энергетикалық қауіпсіздік жайында әңгіме қозғау артық. Өзіңіз ойлаңызшы, бізге мұндай атом электр стансасы қажет пе?  Қазақстан атом энергетикасын дамытқысы келсе, бірінші кезекте осы салада жұмыс істейтін маман даярлауы тиіс.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Нұрлан Жұмахан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу