"Қазақстан Барысы" жетінші рет делебені қоздырады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3291

2 шілде күні "Барыс Арена" спорт кешенінде қазақ күресінен жетінші рет жалпы республикалық турнирдің финалдық белдесулері өтеді.

"Қазақстан Барысы" жетінші рет делебені қоздырады Фото: vesti.kz

Ұлттық күресімізден жалпыұлттық жоба биыл да жалғасын тапты. VІІ "Қазақстан Барысы" турнирі жылдағыдай төрт кезеңге бөлініп өткізіліп отыр. Ауылдық, аудандық және облыстық белдесулері толықтай аяқталды. Енді республикалық финалы өтеді.

Финалға әр аймақтан іріктеліп шыққан үздіктер қатысады. Атап айтқанда, 14 облыстың, Астана және Алматы қалаларының, сондай-ақ "Әскер барысы" турнирінің жеңімпаздары мен финалына шықандары бақ сынайды. Балуандар саны – 34. Әрі финалда белдесетін балуандардың бәрі де допинг-тексерістен өтеді.

Осы ретте, айта кетейік, "Қазақстан барысы" қазақ күресін дамыту қоры былтырдан бері әскери қызметкерлер мен құқық қорғау органдары арасында да іріктеу турнирлерін өткізіп жүр. Биыл осы жобаның үздіктері де республикалық турнирдің финалында бақ сынайды.

Биылғы финалдық белдесулер 12 мың көрермен сыятын "Барыс Арена" спорт кешенінде өтеді. Бұған дейін "Дәулет" спорт кешенінде және "Сарыарқа" велотрегінде (10 мыңға жуық) ұйымдастырылып келген. Негізінен хоккейшілерге арналған "Барыс Арена" спорт кешенінде балуандар белдесетін кілем трибуналарға жақын орналасады. Көрермендер үшін ыңғайлы.

Биыл да "Қазақстан Барысы" турнирінің жүлде қоры қомақты болады (50 миллион теңге). Мәселен, әр белдесуде жеңіске жеткен балуанға 100 мың теңге табыс етіледі. Ал жүлделі орындарға ие болған балуандар мен олардың бапкерлеріне берілетін ақшалай сыйлықтар сомасы төмендегідей:

ІІІ орын: алуанға – 1 800 000 теңге, бапкеріне – 900 000 теңге

ІІ орын: Балуанға – 5 500 000 теңге, бапкеріне – 1 800 000 теңге

І орын: Балуанға – 25 000 000 теңге, бапкеріне – 3 500 000 теңге

Сонымен қатар, көрермендер арасында, яғни сатып алған билеттердің нөмірлері бойынша "Renault Logan" автокөлігі ойнатылады. Балуандар белдесуінен жаяу қайтпау үшін "Қазақстан Барысы" турнирінің финалына билет сатып алуыңыз керек. Билеттер – 500 теңгеден 5 мың теңгеге дейінгі аралықта.

Биыл жетінші рет өткізіліп отырған "Қазақстан Барысы" турнирінің финалдық белдесулеріне ерекше мән беріп отырғандар аз емес. Себебі, жеті цифры қазақта – киелі сан. Тартысты да, қызықты болуы керек. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Бейбіт Ыстыбаев үш рет топ жарып, Ұлан Рысқұл, Айбек Нұғымаров және Мұхит Тұрсынов жеңімпаз атанған болатын.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу