"ҚазАвтоЖол" қарық қылмаған жолды, басқарма басқара алмай жатыр

Қажет Андас Қажет Андас
1925

Қауіпсіздік талабы бойынша  25 метр қашықтықта орналасуы тиіс кейбір қызмет көрсету нысандары күрежолдың шетінде тұр.

 "ҚазАвтоЖол" қарық қылмаған жолды, басқарма басқара алмай жатыр

Биыл Алматы облысы жол бойындағы 335 нысанның 100-ін ұлттық стандартқа  бейімдейді. Бүгінге дейін жол бойындағы 31 қызмет көрсету нысаны талап бойынша қайта жасақталды, қалған алпыс тоғызының қате-кемшілігі дұрысталып жатыр.

"Жоспардағы жүз нысан жыл соңына дейін дайын болуға тиіс. 31 нысанды тиісті қалыпқа келтіру үшін 10 ай уақыт жұмсалды, қалған 69 нысанды 2 айда ұлттық стандартқа келтіруге деген құлшыныс жүзеге аса ма? Жұмысты жеделдету қажет", – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов.

Белгілі болғандай күні бүгінге дейін Алакөл ауданында - 3, Ескелді ауданында - 3, Кербұлақ ауданында - 1, Қапшағай қаласында - 2, Талғар ауданында - 12, Ұйғыр ауданында - 2, Панфилов ауданында – 3 жанар-жағармай құю бекеті,  Іле ауданында - 7 жанар-жағармай құю бекеті мен 1 тамақтану орны, Қарасай ауданында -11 жанар-жағармай құю бекеті мен 3 дәмхана, Жамбыл ауданында - 5 жанар-жағармай құю бекеті мен дәмхана, Еңбекшіқазақ ауданында - 12 жанар-жағармай құю бекеті мен 1 дәмхана ұлттық стандартқа сәйкестендірілген.  

"Жол бойында жолаушыларға қызмет көрсететін нысандардың бірінде азық-түлік дүкені жоқ болса, енді бірінде дәретхана қарастырылмаған. Қауіпсіздік талабы бойынша 25 метр қашықтықта орналасуға тиіс кейбір қызмет көрсету нысандары күрежолдың шетінде тұр. Осының салдарынан жол бойында адам өліміне әкеліп соқтыратын қайғылы оқиға орын алуы мүмкін", –  деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұған дейін атқарылған жұмысқа бір емес, бірнеше компания жауапты болған. Соның салдарынан "сен саларда, мен салар, атқа жемді кім салар" дегеннің кері келіп, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарында былық басталған.  

Алғашында бақылау-қадағалау міндетін "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ атқарған. Кейін жауапкершілік облыстық туризм басқармасына жүктелген. Биылғы жылдың наурыз айында іске облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы тартылған. Бұдан кейін барлық шаруа қазан айында облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының құзіретіне өткен.

Дәл қазір аталмыш басқарма аяқ астынан жүктелген міндетті атқара алмай отыр. Өйткені оларда ешқандай құзірет жоқ. Басқарма белгілі бір нысанның ұлттық стандартқа сай емес екенін дәлелдеу үшін мемлекеттік мекемелерге хат жазуға және оның жауабын күтуге мәжбүр.

Ұлттық стандартқа сай келмейтін нысандардың өлшемін анықтау басқарманың құзіретіне кірмейді. Бұл туралы мекеменің жарғысында да жазылмаған. Басқармада айыппұл салатын құзірет болмағандықтан, заңсыз нысандардың иелері кемшіліктерін дұрыстамай жүре береді.

Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Сатубековтың сөзінше, ауданда жол бойындағы нысандарды тексеру шарасы былтыр басталған.

"Бүгінде 38 нысанның ұлттық стандартқа сай емес екені анықталып, 16 нысан қатесін түзеп үлгерді. Қалған 22 нысанның мәселесі қарастырылып жатыр", – деді ол.

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу