banner

"Қазпошта": қарышты қадам

9094

Трансформация жаңғыру мен жаңаруға жол ашып, жетістікке жеткізді.

"Қазпошта": қарышты қадам

Техника мен технологияның тілін тауып, тұтынушыларға заман талабына сай қызмет көрсетуді мақсат тұтқан "Қазпошта" АҚ осыдан 3 жыл бұрын трансформация бағдарламасына біржолата бет бұрды. Бет бұрып қана қойған жоқ, бұл іске алғашқылардың бірі болып, жең түріп, білек сыбана кірісті. Басты мақсат – жаңғыру, жаңару, түлеу, түрлену болды.

"Қазпошта" трансформация бағдарламасын бизнес-үдерістерді оңтайландыруға, қызмет көрсету саласын жаңа технологиялар арқылы автоматтандыруға және адам ресурсының сапалы өзгеруіне бағыттады. Мұның себебі жоқ емес еді. 

"Қазпошта" бұрын...
Жасыра алмаймыз, бұрын "Қазпоштаның" қызмет көрсету сапасына көпшіліктің көңілі толмайтын. Сондықтан бұл мекеме сыннан көз ашпайтын. "Қазпошта" әлемдегі өзі секілді компаниялардан капиталды пайдаланудың тиімділігі мен инвестицияның рентабельділігі тұрғысынан және КРІ көрсеткішінен үнемі ұтылып жүрді. Бәсекеге қабілетсіздікке бизнес-үдерістердің дұрыс ұйымдастырылмауы бірден бір себеп болды. Осының салдарынан "Қазпошта" АҚ бөлімшелері ұзын-сонар кезектен, қызмет көрсету сапасы дау мен жанжалдан арылмады. Ауылдардағы пошталық бөлімшелер "Қазпоштаға" қосымша әлеуметтік салмақ салып тұрды. Ал "Қазпошта" АҚ тиімділігі нашар компанияға айнала бастады. 

"Қазпошта" бүгін...
Қазіргі таңда "Қазпошта" АҚ-ның айдарынан жел есіп тұр. Ол тыңға түрен салудан, таң қалдырудан жалығар емес. Бұған "Қазпошта" АҚ-ның 2014 жылы алғашқылардың бірі болып пошта қызметін трансформациялау үдерісіне қатысуы негіз болды.

Трансформация бағдарламасы аясында компания жаңғыру мен жаңаруға түлеу мен түрленуге басымдық берді. Бұл істі жүзеге асыру үшін "Қазпошта" өз қызметіне заманауи технология енгізді. Осылайша дәстүрлі пошта қызметін XXI ғасырдың талабымен ұштастырды. Нәтижесінде пошта қызметінің аясы кеңейді. 

"Қазпошта" АҚ - да электронды пошта арқылы хат-хабарларды қабылдайтын және жөнелтетін гибридті пошта, сәлемдемелер мен халықаралық ақша аударымдарын жүзеге асыратын - "Юнистрим", жеделдетілген хаттарды қабылдайтын және жеткізетін - ЕМS, жеделдетілген ақша аударымы – "Сәлем теңге" сынды жаңа қызмет түрлері көрсетіле бастады.

Айта кетейік, "Қазпошта" ел аумағында пошталық, қаржылық, логистикалық, брокерлік және агенттік қызмет ұсынатын пошта байланысының ұлттық операторы. 22 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған алпауыт компания Дүниежүзілік пошта одағында (ДПО) Қазақстан пошта әкімшілігінің мүддесін білдіреді. 

2006 жылдан бері жалғыз акционері "Самұрық-Қазына" АҚ болып табылатын "Қазпошта" компаниясы 1999 жылы құрылған. Бүгінгі таңда пошта желісі бизнес пен халық үшін электронды сауданы, көлік-логистикалық сервисті сонымен қатар қаржылық қызметтерді дамытудың тиімді құралы болып отыр.

"Қазпошта" болашақта...
Әлемдегі үздік тәжірибелер мен ірі пошта әкімшіліктері пайдаланатын озық технологияларды қолданысқа енгізуді жалғастырады. Уақыт өте келе  "Қазпошта" пошталық және қаржылық қызметтердің толық спектірін ұсынатын ірі инновациялық және жоғары технологиялы компанияға айналып, халыққа ақыл-кеңес беретін, сервистік қызмет көрсететін және кросс-сатылым жүргізетін дәрежеге жетеді.

Болашақта бизнестің дәстүрлі пошталық бағыттары өзгереді, есесіне бизнестің жаңа бағыттары ашылады.

"Қазпошта" алдағы уақытта тағы бірнеше жобаны қолданысқа енгізеді. Компания жаңа жобаның арқасында  2020 жылға қарай 5 миллиард теңге қосымша табыс түсіреді. Сонымен қатар "Қазпошта" таяу жылдарда жаңа нарықтарды жаулап, электронды сауда мен логистикалық қызмет түрлерін одан ары дамытудың амалдарын қарастырады. 

Кеңейген қызмет
Трансформация бағдарламасы шеңберінде "Қазпошта" АҚ пошталық, банктік, агенттік және сандық қызметтерді сондай-ақ референсті корпоративтік үдерістерді автоматтандыру бойынша 32 жоба бекітті. Бұл ретте қызметкерлерді іріктеудің жаңа тәсілі мен еңбек жағдайын жақсартуға және пошта бөлімшелерін жаңғыртуға да ерекше назар аударылды.

Бүгінгі таңда "Қазпошта" АҚ қарапайым тапсырысты, құнды жазбаша және почталық жөнелтілімдерді жіберу, қомақты және ауыр салмақты жүктерді республика ішінде жөнелту мен жеткізу, арнайы байланыс, жедел пошта қызметі (EMS қызметі), газет-журналдарға жазылуды рәсімдеу, постамат қызметі, сәлемдемелер супермаркеті сынды пошталық қызмет түрлерін ұсынып отыр. Бұған қоса коммуналдық төлемдер, салық және басқа да төлем түрлері, ақша аударымдары, депозит салымын қабылдау, халықаралық төлем карточкаларын рәсімдеу, жеке және заңды тұлғаларға банк шотын жүргізу мен ашу, зейнетақы, еңбекақы, әлеуметтік жәрдемақы төлемдерін қабылдау, әуе және темір жол билеттерін сату, несие (Банк ХоумКредит арқылы) төлеу, несиелік бюро, трансфер-агенттік, шетелден интернет-дүкен арқылы тапсырыс қабылдау сияқты қызметтерді көрсетуде. 

Пайдалы постамат
"Қазпошта" АҚ-ның трансформация бағдарламасы аясында ел игілігіне ұсынған жарқын жобалары көп. Солардың бірі - постамат.

Постамат дегеніміз - автоматтандырылған пошта станциясы. Аталмыш станция тәулік бойы жұмыс істейді. Сондықтан тұтынушылар қалаған уақытында сәлемдеме жібере алады. Бұдан былай сәлемдеме немесе бандерол алушыға пошта бөлімшесіне барып, курьерді күту қажет емес. Себебі сәлемдемелер постаматтар арқылы тиісті тұлғаға автоматты түрде жеткізіледі.

Бұл қызметті негізінен тауарларды интернет арқылы сатып алушылар пайдаланады. Ал бұл бағыт әлемдегі барлық пошталық операторлар үшін дамудың дара даңғылы болып табылады.

Түсіндіре кетейік, әр постаматтың өзіне ғана тиесілі дербес индексі болады. Постаматтың мекен жайы мен индексі туралы мәлімет "Қазпоштаның"  сайтында жарияланады. Интернет-дүкенге тапсырыс берген кезде постаматтың индексін көрсету қажет. Тапсырыс Қазақстанға жеткенде  пошта қызметкері оны постаматқа апарып салады. Ал компания қабылдаушының телефонына "сәлемдеме келді" деген хабарлама жібереді.

Постаматтағы электронды таблоға sms-хатпен бірге берілген кодты жазып, сәлемдемені алып кете беруге болады.

Постамат арқылы сәлемдеме жөнелтуде оп-оңай. Бұл үшін сәлемдемені  постаматқа салып, жеткізу ақысын төлеп, қай жерге жеткізу қажеттігін немесе постаматтың индексін жазып қалдыру қажет.

"Salem, Mobile"
"Қазпошта" ел азаматтарына ғаламторсыз, компьютерсіз, смартфонсыз ақша аударымын жасау мүмкіндігін ұсынды. Бұл үшін төлем жасаудың жаңа қызметін  іске қосты.

"Salem, Mobile" төлем қызметін қолданғысы келген адамда "Қазпоштаға" және қаржы қызметіне қосылған банк картасы болуы керек. Клиент  төлемді кез келген үлгідегі ұялы телефоннан жасай алады. Тапсырыс USSD пәрменін (қысқа хабарламалар қызметін) *499# нөміріне жіберу арқылы жүзеге асырылады. Тауарлар мен қызметтер төлемін жасау үшін төлем картасын  бірге алып жүрудің қажеті жоқ. Төлем жүргізу үшін картаны бір рет www.post.kz -ке тіркесе жеткілікті.

"Қазпошта" қарыздан құтқарады
Бұдан былай қазақстандықтар қарызы үшін шетелге ұшуына қойылған тыйымды әуежайда тұрып жоя алады. Бұл мүмкіндік биыл пайда болды. Кейде азаматтар шетелге ұшу не шекараны кесіп өту кезінде, кедендік бақылаудағы тексеріс барысында өздерінің шетелге шығуына тыйым салынғанын біліп жатады. Салдарынан шығын шегеді, мәселен ұшақ билетін сатып алуға кеткен қаржысын ешкім қайтармайды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін "Қазпошта" Астана, Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларының  әуежайларына қарыздан құтқаратын терминал орнатты.

15 минут ішінде берешектерді төлеу жөніндегі ақпарат деректер базасына беріледі, 30 минут ішінде сот орындаушысының қатысуынсыз елден тысқары шығуға шектеу алынып тасталады.

Ескерте кетейік, "Қазпошта" терминалдары және бөлімшесі арқылы төлеу кезінде елден шығуға тыйымды автоматты түрде алып тастау тек 2015 жылғы 1 шілдеден кейінгі тыйымдарға қолданылады. 2015 жылғы 1 шілдеге дейінгі қойылған тыйымдар бойынша шектеулерді алып тастау бұрынғы қолданыстағы тәртіп бойынша, сот орындаушысына төлем туралы растаушы құжатты ұсыну жолымен жүзеге асырылады. 

Мерзімді басылымды дрон жеткізеді
"Қазпошта" газет-журналдарды алыстағы ауылдарға кешіктірмей жеткізу үшін дрон пайдаланып жатыр. Бүгінгі таңда Қарағанды облысының оқырмандары мерзімді басылымды дер кезінде алып жүр.Пошта қызметкерлерінің қолын жерден басқарылатын дрон ұзартып отыр.

70 шақырымды бағындыра алатын құрылғыны отандық компания жасаған. Қарағанды облысында іске қосылған "Қазпоштаның" тың жобасы алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлерінде жүзеге асырылады.

"Қазпошта" " Халық банктің" міндетін атқарады
"Халық банкі" мен "Қазпошта" арасында ындымақтастық жөнінде өзара меморандумға қол қойылды. Соған сәйкес, бұдан былай Қазақстанның шалғай ауыл аймақтарында, яғни банк бөлімшелері жоқ жерлерде "Қазпошта" "Халық банктің" міндетін атқарады. Бұл "Қазпошта" арқылы  депозит ашуға, несие алуға, төлем жасауға болады деген сөз.

Министрлік "Қазпоштаға" қолқа салып отыр
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі науқастарға жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмекті "Қазпошта" арқылы жеткізу мәселесін қарастырып жатыр

Министр Елжан Біртановтың мәлімдеуінше, 2018 жылы идея ақиқатқа айналуы мүмкін.  Осылай болатын болса, "Қазпошта" науқас жандарға да көмек көрсетеді.

Автоматтандырылған сұрыптау желісі

"Қазпоштаның" Алматыда іске қосқан сұрыптау желісінің арқасында тәулігіне 100 мың сәлемдеме сұрыпталатын болды. Нидерландтан әкелінген жаңа құрылғы хаттарды сериялық номерімен сұрыптап, жөнелтілетін өңірлер бойынша қоржындарға өзі салады. Осылайша өндірістің өнімділігі 10 есеге ұлғайды.

Жыл басынан бері "Қазпошта" арқылы елімізге 9 млн сәлемдеме келіпті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 17 млн-ға дейін жетеді деп болжанып отыр.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу