"ҚазТрансГаз" Грузия үкіметін сотқа берді

2370

Компания Грузиядағы еншілес компаниясын сата алмады, енді оны қайтарып алмақ.

"ҚазТрансГаз" Грузия үкіметін сотқа берді

"ҚазТрансГаз" АҚ төрелік сотқа "ҚазТрансГаз-Тбилиси" (ҚТГТ) еншілес компаниясын өзіне қайтарып алу мақсатында Грузия үкіметінің үстінен талап-арыз түсірді. Бұдан бұрын хабарланған ҚТГТ-ның 100% үлесін сату туралы келісім болмай қалды. Бұл жайында abctv.kz-ке "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев мәлім етті.

"ҚазТрансГаз" сотқа арыз тастап қойды, қазір іс қаралып жатыр. Төрелік процесс ұзақ уақытқа созылады және ол "ҚазТрансГаз-Тбилиси"мәселесімен байланысты. Мүмкін келісіп бір шешімге келерміз, мүмкін әрі қарай жалғастырамыз. Мұны дәл қазір айта алмаймын", – дейді ол.

Global Arbitration Review ақпаратына жүгінсек, талап-арыз 180 млн долларға жасалған.

"Нақты айта алмаймын. Бұл арызды ҚТГ жасады, мен тек арыз жасалғаны туралы фактінің бар екенін білемін, ал нақты соманы білмеймін", – дейді ҚМГ басшысы.

Еске сала кетейік, 2016 жылдың наурыз айында "ҚазТрансГаз"-ға грузин инвесторынан ҚТГТ-ны 100% сатып алу туралы ұсыныс жасалған. Келісім 2016 жылдың қыркүйегінде жасалады деп жоспарланған болатын. Алайда, Сауат Мыңбаевтың айтуынша, сатып алу процесі аяқталмаған, келісім жасалмай қалған.

"Сатып алушының болғаны рас. Шындығына келер болсақ, бұл активті сату оңай болмайды. Өйткені оның шығыны көп. Бірақ та соған қарамастан,бұл біздің актив. Сондықтан ол үшін күресеміз. Ара-кідік оған деген қызығушылық туындап қояды. Мұндай активтерді сату өте күрделі процесс және ұзақ уақытты алады", – деп қорытындылады топ-менеджер.

Еске салсақ, "ҚазТрансГаз-Тбилиси" (ҚТГТ) 2009 жылы грузин билігінің шешімімен "ҚазТрансГаз" компаниясының бақылауынан шығып қалған болатын. Грузияның мұнай және газ корпорпциясына 40 млн доллар қарыз болу – оған себеп болды. Сол кезде ҚТГТ-ны басқаратын арнайы басқарушы тағайындалған, ал ҚТГ әлі күнге дейін өзінің еншілес компаниясының жұмысына араласа алмай отыр.

"ҚазТрансГаз" бұл активті 2006 жылы "Тбилгаз"-дан 12,5 млн долларға сатып алған. 2006-2009 жылдар аралығында "ҚазТрансГаз" ҚТГТ-ның дамуына және Тбилисиді газбен қамту жүйесіне шамамен 130 млн доллар қаржы салған.

"ҚазТрансГаз" АҚ жалғыз акционері – "ҚазМұнайГаз" АҚ. Компания магистралды газ құбыры және газ бөлетін желілер бойынша тауарлы газ тасымалдаудың орталықтандырылған инфрақұрылымын басқарады, халықаралық транзитті қамтамасыз етіп, ішкі және сыртқы нарықта газ сатумен айналысады, құбыр желісін және газ қоймасын салады.

Құралай Әбілғазина​, Гүлназ Ермағанбетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу