"ҚазТрансГаздың" бір бармағы бүгулі

Куралай Абылгазина Куралай Абылгазина
2588

"ҚазТрансГаз" компаниясы Астанаға газ тарту үшін ел бойынша газдың орташа бағасын шығаруды ұсынды.

"ҚазТрансГаздың" бір бармағы бүгулі

Бұл солтүстік өңірлерде газ бағасын арзандатса, өзге облыстарда, керісінше, бағаның шарықтауына әкеп соғады. Сәрсенбі күні "ҚазАқпарат" ХАА энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың сөзіне сілтеме жасап, "Мемлекеттік сараптама" РМК "Сарыарқа" магистральді газ құбыры жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін мақұлдағанын хабарлаған болатын. Мекеме басшысының сөзінше, жобаның құны 236 млрд теңгені құрайды. Жоспарланған газ құбырының бағыты: Қызылорда облысы – Жезқазған – Қарағанды – Астана (қашықтығы 1800 шақырым). Бұл ретте министр жобаның екінші кезеңі – қашықтығы 2300 шақырым Көкшетау – Петропавл бағытындағы газ құбыры болатынын айтты.

"Елдің солтүстігіне шамамен миллиард текше метр газ тасымалдауға мүмкіндік туады", – деді Қанат Бозымбаев.

Қанат Бозымбаев "Сарыарқа" газ құбырының техникалық-экономикалық негіздемесінің жобасы бойынша газ құны түпкі тұтынушыға жеткенде әлдеқайда қымбат болатынын тағы да сөз етті. Сондықтан солтүстік өңірлерге газ тарту міндеттелген "ҚазТрансГаз" ұлттық операторы көгілдір отынның бағасын арзандатудың ерекше әдісін ұсынды.

"ҚазТранГаздың" ұсынысы мынадай: пошта маркасы әдісімен барлық ел бойынша газдың орташа бағасын шығару керек, себебі кейбір өңірлерде газ құны басқа аймақтармен салыстырғанда әлдеқайда төмен бағамен сатылады. Барлығын есептеп, қараймыз. Тек экологиялық мәселе ғана маңызды емес, халық пен бизнес жоғары тарифтерді пайдалана ала ма, соны түсініп алу қажет. Біз бұл жайында Әсет Исекешевпен сөйлесеміз. Содан кейін келесі айда премьер-министрдің отырысында баяндайтын боламыз", – деп энергетика министрінің сөзін келтірді "ҚазАқпарат".

Осылайша, үкімет екі жолдың бірін таңдауы керек: бағаның жоғары болуына байланысты солтүстік аймақты газбен қамтамасыз етуден бас тарту не тұтынушыларды мұндай энергия ресурстың экологиялық қауіпсіздігі үшін көбірек төлеттіру. Сонымен қатар Астана мен республиканың солтүстік облыстарын газдандырудың баламалы тәсілі – сұйытылған табиғи газ (СТГ) тарту мәселесі де қарастырылуда.

"Қазақстанда қолданылмайтын СТГ туралы сөз болып жатыр, ол өте төмен температурада  ерекше әдіспен сұйытылады, одан кейін теміржол көлігі арқылы тасымалданып, газ құрылғыларына айдалады және табиғи температурада кеңейіп, қарапайым табиғи газ  – метанға айналады. Осы балама болады", – деп түсіндірді Қанат Бозымбаев.

"Астана үшін қайсысы арзанға түссе, сол іске асырылатын шығар", – деп қорытты энергетика министрі.

"Сарыарқа" жобасы неден басталды

Бастапқыда елордаға газ тарту жобасы аясында "Сарыарқа" торапты газ құбырын салу көзделген еді, оның бойында Астана, Қарағанды, Теміртау және Жезқазғанда газ құбырлы станциялары (әрқайсысы 400 мегаватт) пайда болуы керек болатын.

"Газ "Бейнеу– Бозой – Шымкент" газ құбырынан жеткізілуі керек. Қазір Қызылорда облысында "Қараөзек" компрессорлық станциясының құрылысы жүріп жатыр", – деп бұған дейін abctv.kz-ке энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев растаған еді.

Осылайша, отын елордаға "Бейнеу – Бозой – Шымкент" торапты газ құбыры – "Қараөзек" компрессорлық станциясы (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағыты бойынша тасымалданады деп жоспарланған болатын.

Бұған дейін "ҚазТрансГаз" жобаға британдық Independent Power Corporation PLC компаниясынан инвестиция (3,1 млрд доллар) алуды жоспарлаған. 2015 жылдың қарашасында компаниялар жоғарыда аталған жұмыстарды орындауды көздеп өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

"Британдық серіктестер Астана, Қарағанды, Теміртау және Жезқазғандағы төрт газ құбырлы электр станциясының құрылысын қаржыландырады. "ҚазТрансГаз" Independent Power Corporation PLC-ден тартылған инвестициялық қаражат есебінен "Бейнеу – Бозой – Шымкент" торапты газ құбырынан бастап Астанаға дейін жететін "Сарыарқа" желілік газ құбырын салады және газ құбырлы электр станцияларға газ тасымалдауды қамтамасыз етеді". Сонымен бірге айта кету керек, жобаны іске асыру барысында барлық құрылыс-жөндеу жұмыстарын тек қазақстандық компаниялар ғана жүргізеді", – делінген 2015 жылдың қараша айында жарияланған "ҚазТрансГаз" баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ол кезде құрылыс қаржыны үнемдеуге байланысты тоқтатылып қойған, жұмысқа жарамды газ құбырларын пайдалану жоспарланған болатын. Жалпы "Орталық Азия – Орталық" торапты газ құбырының қазіргі кезде іске қосылмаған құбырларын пайдаланып жаңа газ құбырын салу туралы әңгіме болған. Жоба құжаттарын дайындау үшін "ҚТГ" техникалық-экономикалық негіздеменің жобасы әзірлеуге тендер өткізді. Тендерлік жұмыстың құны қосымша құн салығынсыз 760904450,00 теңгені құрады.

"Орталық Азия – Орталық" газ құбырының жайы не болмақ

"Орталық Азия – Орталық" торапты газ құбыры ("ОАО") Кеңес одағының республикалары арасында газ тасымалын қамтамасыз ету үшін осыдан 50 жыл бұрын салынған. Ол арқылы Түркіменстан, Қазақстан және Өзбекстаннан Ресейдің орталық өңіріне газ тасымалданған.

Бүгінде Қазақстан "ОАО" газ құбырын өзбек кен орындарынан аздаған мөлшердегі газды Ресейге тарту үшін пайдаланады. 2011 жылдан бастап түркіменнің газын Қазақстан арқылы Ресейге тасымалдау тоқтатылды.

"Уақыт өзгерді, енді республикалардың әрқайсысы тәуелсіз мемлекет және экспорттық ресурстар тасымалдауда басымдықты неге беретінін өзі  шешеді. Бүгінде Түркіменстан негізгі вектор ретінде қытай бағытын таңдады, осыдан келіп Азиялық газ құбыры пайда болды және ол жылдан-жылға қуатын үдетіп келеді", – деді abctv.kz-ке берген сұхбатында "КГК-К" АҚ-ның Қазақстан Республикасының үкіметімен байланыс жөніндегі бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин.

"Ресейге жеткізілетін түркіменнің газы жоқ деуге болады. "ОАО" газ құбыры арқылы шамамен 10 млрд шаршы метр өзбек газы тасымалданады, яғни Өзбекстан мен "Газпром" арасындағы келісім бойынша Ресейге жеткізіледі", – деп қосты ол.

Қайыргелді Қабылдиннің пікірінше, "Орталық Азия – Орталық" торабы бойынша транзитті арттыру қарастырылып отырған жоқ.

"ОАО" арқылы тасымалданатын газ мөлшерін арттыру бүгінде... осы көлемнің өзі сақталса жақсы", – деп түйіндеді топ-менеджер.

Әйгерім Сүлейменова, Құралай Әбілғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу