"Қазыбек биден қара шапаннан басқа ештеңе қалған жоқ"

3424

Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім меңгерушісі осындай мәлімдеме жасады.

"Қазыбек биден қара шапаннан басқа ештеңе қалған жоқ"

Қадір Әшкеевтің  пікірінше, қара қылды қақ жарған би бабамызды дәріптегеннің бәрі білімсіз. Оғаш ойы арқылы "атың шықпаса жер өрте" дегеннің керін қылған лауазымды тұлғаның сөзі бейнетаспаға жазылып алыныпты. Оның сөзбе-сөз айтқаны мынау: "Кейбір мамандар маған айтады, Қазыбек бидің өсиетінен  екі том жинақ шығарайық. Қалай шығарамыз, Қазыбек биден ештеңе қалмаса. Ол  кісінің  тек жоңғар ханына айтқан сөзі ғана бар. Несін айтамыз? Қалай екі том кітап шығарамыз? Түсініп тұрсыздар ма? Осыны айтып жүрген біздің мамандар білімсіз. Анализ жасай алмайды"

"Халықтан кешірім сұрап, жұмыстан кетсін!"

Алты алаштың атақты биі туралы оспадарсыз ой білдірген азаматқа көпшілік қарсы шықты. Ал әлеуметтік желі қолданушысы Айсұлтан Жақыпов: "Қаз дауысты  Қазыбек бабамыздың  төрелігін айтпағанның өзінде жоңғар мен қазақ арасы ушығып тұрған кездегі елшілік қасиеттерінің өзі бір төбе. Атақты "Жеті жарғы" заң жобасын жасауға да қатысқан осы бабамыз. Мен бидің тікелей ұрпағы емеспін. Бірақ Қазыбек би бір рудың, не бір жүздің ғана тұлғасы емес, ол қазақтың Қазыбегі. Мынадай майысқақтар сатылап өсе келе қаланың қақ ортасындағы бабамыздың ескерткішін алғызып тастаудан тайынбас. Ол енді халықтан кешірім сұрап, жұмыстан кетсін!", – деп кесімді сөз айтты.

Қалың ел ұлардай шулаған соң, мәселенің мән-жайын Қадір Әшкеевтің өзінен сұрадық. Біздің қоңырауымызға суыт жауап берген бөлім меңгерушісі: "Иә, Қазыбек туралы пікірді айтқаным рас. Менің осы пікірімнен соң жан-жақтан қаумалап алды ғой бәрі. Шынымен де Қазыбек биден  қара шапаннан басқа не қалып еді?" – деп өзімізге дүрсе қоя берді.

Біз оғаш ойдың төрелігін сұрап, қаз дауысты Қазыбек бидің энциклопедиясын жасауға атсалысқан ғалымдардың бірі, филология ғылымдарының докторы  Берік Рахимовты да сөзге тарттық. Ғалым ағамыз  мәденит басқармасының бөлім меңгерушісінен сескенді ме, болмаса биліктің бишігі тиіп кетер деді ме, әйтеуір Қадір Әшкеевті сөгуге асықпады. Керісінше зерттеуші ғалымдарға сын садағын тартты.  

"Әрине, Қазыбек бабамыздан қалған еңбектер көп. Бірақ өз деңгейінде зерттеліп жатқан жоқ. Оны әдебиетші, тарихшы ғалымдарымыз тайға таңба басқандай етіп жазып шығу керек. Себебі Қазыбек бидің айтқандары әр жерде әр түрлі жазылып жүр. Осы себепті қоғамда дау туындауы заңдылық", – деді Берік Рахимов.

Сөз арасында ол тарихи деректердің Қытай, Ресей тіпті Жапония мұрағаттарынан табылатынын жеткізді.

"Біз қазақ мал баққан елміз..."

Мақала соңында  арнайы  Қарағанды облыстық мәдениет басқармасының  бөлім меңгерушісі Қадір Әшкеев  үшін Қазыбек би туралы мәлімет  ұсынып отырмыз.

Қазыбек Келдібек ұлы  – қазақ халқының ұлы үш билерінің бірі, мемлекет қайраткері. Орта жүз Арғын , Қаракесек руынан шыққан. Заманында әділдігі мен алғырлылығы үшін Тәуке хан орта жүздің бас биі етіп сайлаған. Ол хан кеңесшілерінің бірі болған.

Абылай хан кезеңінде де мемлекет басқару ісіне жиі араласып, сыртқы-ішкі дауларды шешіп отырған.

Осы жерде Қазыбек биден қара шапаннан басқа ештеңе қалмаса, оның 14 жасында  жоңғар  қоңтайшысы Цевен Рабданға  айтқан атақты сөзі ел аузында қайдан жүр? деген заңды сұрақ туады. Сол кезде би бабамыз: "Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзасына жылқының қылын таққан елміз", –  демеп пе еді?!

Айтпақшы биыл Қазыбек бабамыздың 350 жылдығы  аталып өтіледі. Бұл атаулы датаға облыстық мәдениет басқармасының тікелей мұрындық болатынын ескерсек, айтулы шараның  өз деңгейінде ұйымдастырылатына қазірден бастап сенімімізді жоғалта бастадық.

Аяжан Ералықызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу