"Қол салғанда мол салатын" қордан елес қана қалғалы тұр

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3601

РФ қаржы министрлігі "Резервтік қордың" қаржысы таусылғанын ресми жария етті: соңғы триллион рубль былтырғы желтоқсанда федералдық бюджет тапшылығын жабуға аударылған.

"Қол салғанда мол салатын" қордан елес қана қалғалы тұр

Ведомствоның мәліметінше, 2017 жылғы желтоқсан айында "Резервтік қорда" қалдық қаржы түрінде 7,62 млрд доллар, 6,71 млрд еуро және 1,10 млрд фунт стерлинг болған. Ел бюджетінің жыртығын жамау үшін оларды қаржы министрлігі нарықта тура 1 триллион рубльге сатқан және бұл қаржы федералдық бюджет тапшылығын өтеуге толық көлемде жұмсалып кеткен.

Бұл ретте солтүстік көрші қаражатқа зәрулігі осынша болатынын күтпесе керек. Бұдан бұрын қаңтар-қараша айлары аралығында дефицит көрсеткіші тек 532,4 млрд рубльді құрайтыны жария етілген. Алайда шығындарының ең үлкен ауқымы желтоқсан айына келді де, бюджет тапшылығы үш есеге өсіп кеткен. Қаржы министрі Антон Силуановтың айтуынша, бұл көрсеткіш шамамен 1,5 триллион рубльді немесе Ресей ЖІӨ-сінің 1,6%-ын құрады.

"Нәтижесінде, желтоқсандағы операциялардан кейін резервтік қорда "нөлдік" қалдық қалыптасты. Ал алдағы 1 ақпаннан кейін бұл қор өз қызметін тоқтатады. Өткен жылғы маусым айында қабылданған шешімге сәйкес, "резервтік қор" "ұлттық әл-ауқат қорына" біріктіріледі", – деп мәлімдеді Антон Силуанов.

Осылайша, Ресейде тек "Ұлттық әл-ауқат қоры" (ҰӘҚ) ғана қалады. Бірақ оның да "қалды" деген аты ғана. Қорлық заты жоқ деуге болады. Себебі, РФ қаржы министрлігінің мәліметінше, 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша бұл қорда 3,753 триллион рубль бар. Бұл 65,15 миллиард долларға тең.

Салыстыру үшін айта кетелік, Қазақстанның "Ұлттық қорында" қазір осыған жуық қаражат қордаланған: ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов үкіметтің кешегі отырысында "2017 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша елдің қаржы саласын қолдауға едәуір қаражаты тартылғанын есепке алғанның өзінде, ұлттық қор активтері 57,6 миллиард АҚШ долларын құрады", – деп баяндады.

Бірақ біздің халқымыздың саны 18 миллион ғана. Ал солтүстік көршіде 145 миллион адам тұрады. Оның үстіне экономикасы да он есе үлкен. Тиісінше, қазақ елі ұлттық қорындағы миллиардтары арқасында талай дағдарыстан тайсалмай өте алса, ал Ресейдей дәу үшін осынша қаржы тіпті жұмырына жұқ болмайды.

Мұны РФ үкіметінің өкілдері ресми растайды.

"Резервтік қордың түгесілуі құжатталған жайт. Енді бізде бұрынғы екі қордың орнына жалғыз қор – ҰӘҚ қалады. Алайда, шынымызды айтсақ, ҰӘҚ-дан да енді тек жалғыз атауы ғана сақталады", – деп ашығын айтты РФ қаржы министрі Антон Силуанов.

Оның бұл байламына ресейлік белгілі сарапшы, қаржыгер Алексей Антонов түсініктеме бере кетті.

"Бұрын ҰӘҚ шынымен де қордың қызметін атқарды, жаңғырулар арқылы Ресейдің әлеуметтік және экономикалық ахуалын өзгертуге тиісті құрылымдық реформаларға, болашаққа бағдарланған жобаларға арналған қаржылар сонда жинақталатын. Ал қазір бұл жай резерв қана. Яғни, мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасының есептік құнының артуынан түсетін айырма түсім соған құйылады да, кейін ол бюджеттің тапшылығын қаржыландыруға жұмсалады. ҰӘҚ-ның бұдан былай реформаларға ешқандай қатысы болмайды", – деді сарапшы.

РФ орталық банкі (бізше ұлттық банк) төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Олег Вьюгин резервтік қордың таусылуының "жағымды" және "жағымсыз" жақтары барлығын айтады. Оның байламынша, мұның "жағымды жағы" сол, енді Ресей үкіметіне "көрпесіне қарай көсілуге" бейімделуден басқа ештеңе қалмайды. Тиісінше, бюджет шығындары да түсетін табысқа тәуелді етілуге тиіс. Әйтпесе, санкция жағдайында Ресей өз бюджет тапшылығын халықаралық қаржы ұйымдары қарызымен жаба алмайды: Батыс тосқауыл қойып тастаған. "Жағымсыз жағы" сол, Ресейдің басына қиын замандар, нәубетті дағдарыс туа қалса, одан өз бетінше шығу үшін бұл елдің қоры жоқ.

Экономистер мұнайдың әр бөшкесіне баға 40 доллардан төмендер болса, Ресей федерациясында бұған дейін болмаған күйзеліс басталуы ықтимал деп санайды. Ондай жағдайда, қазынасын толықтыру үшін мемлекетке рубльді үлкен девальвацияға ұшыратуға тура келеді. 

Әзірге, әлемдік қара базардағы "қара алтын" құнының жоғарғы межесі (70 долларға жуықтады) арқасында көрші ел одан аман қалып тұр. Бірақ сарапшылар ресей валютасының құнсыздануына тағы бір себеп туғанын ескертеді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, РФ-да жаңа бюджеттік қағида күшіне енді. Оған сәйкес, ресейлік Urals маркалы мұнайының базалық құны $40 болып бекітілді және егер "қара алтын" қымбаттаса, әр жыл сайын бұл мән тек 2%-ға ғана индекстеліп отырады. Осы 40 доллардан артық түскен түсімдер мемлекет резервін толықтырады және олар шетелдік валютада сақталатын болады.

Басқаша айтқанда, қаржы министрлігі мұнай компаниялары рубльмен төлеген алым-салыққа ішкі нарықта валюта сатып алып отырады. Салдарынан, доллар мен еуроға сұраныс өседі. Бұл әрине, рубльдің еңсесін езіп, оны құнсыздануға итермелемек. РФ үкіметінің дерегінше, егер ресейлік мұнай құны $60 болса, мемлекет ішкі нарықтан 2,8 триллион рубль артық түсімге валюта сатып алады. Осыған сүйене отырып, биржа мамандары биыл рубльдің девальвациясын күтіп отыр.

"Қаржылық реттеуші нарықтағы бұған дейін еркін, бос болған барлық валютаны сатып алып қоймақ. Бұл рубльдің ары қарай нығаюына "тосқауыл" болады", – дейді "eToro" компаниясының ТМД инвесторларына арналған желісінің сарапшысы Михаил Мащенко.

Ал бүгін көршінің экономикалық басылымдары "Минфин включил валютный пылесос" деген дабыл тақырыптармен шықты. Өйткені қаржы министрлігі ішкі нарықтан алып қоятын валютаның көлемі рекордтық деңгейге жететінін жариялаған.

Сонымен, РФ қаржы министрлігі 15 қаңтар күні нарыққа валюталық интервенция жасауды бастайтын болды. Алдағы дүйсенбіден бастап, 6 ақпанға дейін ведомство үкімет резервіне күн сайын 15,2 миллиард рубльге валюта сатып алып отыратынын мәлімдеді. Мұндай сұраныспен өз тарихында Ресейдің үкіметі өз нарығына ешқашан шықпаған. Бірақ иеленетін валютасын ол "ұлттық әл-ауқат қорына" аудармайды, қаржы министрлігінің қазынашылық есепшотында ұстауды жоспарлауда.  

Қаржы министрлігі биылғы қаңтар-ақпанда қанша валютаны нарықтағы өзге ойыншылардың аузынан жырып әкететінін жария етті. "Ішкі нарықта шетелдік валюта сатып алуға бағытталатын қаражаттардың жалпы көлемі осы аралықта 257,1 млрд рубльді құрайды", – делінген ведомствоның хабарламасында.

Шетелдік валютаны сатып алу операцияларын жүргізуге үкімет "Банк России"-ді тартты. Бұл қаржылық ұйым 15 қаңтар мен 6 ақпан үдерінде әр жұмыс күні сайын Мәскеу биржасының сауда алаңында шетелдік валютаны сатып алу мәмілелерін бекітіп отыратын болады. Долларлар мен еуролар осы банктегі Федералдық қазынашылық есепшотына аударылады.  

Мұның бәрін естіп, кейбір қазақстандықтар "мейлі" деп қол сілтер. Тек Ресей қор нарығы "түшкірсе", Қазақстан биржасы "қызулай бастайтынын" да есте ұстаған жөн. Сарапшылар қазақстандықтарға да бос, жинақ қаражаттарының бір бөлігін шетелдік валютада ұстауға кеңес береді.   

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу