"Маған компьютерің қажет және биткоинмен 300 доллар құн төле"

2391

ArcelorMittal-дың ірі кәсіпорындарының бірі кибершабуылға ұшырады.

"Маған компьютерің қажет және биткоинмен 300 доллар құн төле"

"АрселорМиттал Кривой Рог" кәсіпорынының өндірістік процестерді қамтамасыз ететін стратегиялық жүйелерінің барлығы қолмен реттелетін тәртіпке көшірілді.

Бұл туралы хабарлама 27 маусым күні кешкісін кәсіпорынның Facebook-тегі  парақшасында пайда болды.

"Құрметті клиенттер, әріптестер және журналистер, "АрселорМиттал Кривой Рог" ЖАҚ (АМКР) өзге коммерциялық компаниялар және Украинаның мемлекеттік секторымен қатар ауқымды вирустық шабуылға тап болды. Вирустың таралуына жол бермей, компьютерлік техниканың жұмысын қалпына келтіру үшін біз вирусқа қарсы бағдарламаларды жасайтын компаниялармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. АМКР кәсіпорынының өндірістік процестерді қамтамасыз ететін стартегиялық жүйелерінің барлығы қолмен реттелетін тәртіпке көшірілді, тиісті қауіпсіздік шаралары қабылданды. Қазір кәсіпорын штаттық тәртіпте жұмыс істеп тұр. "АрселорМиттал Кривой Рог" ЖАҚ клиенттері мен серіктестері алдындағы міндеттерін орындау үшін қолынан келгеннің барлығын жасап жатыр", – делінген хабарламада.

Пайдаланушы компанияның ресми сайтына кірмек болғанда, оны корпоративті порталға ауыстырып жіберіп отырған. Компанияның Қазақстандағы бөлімшесі "АрселорМиттал Теміртау" мұндай қатерден аман екенін компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Кибершабуылдан Лакшми Митталдың украиндық кәсіпорны ғана жапа шегіп отырған жоқ. 27 маусымда Украинаның ішкі істер министрінің кеңесшісі Антон Геращенко өзінің Facebook-тегі парақшасында мынадай мәлімдеме жасады:

"Бүгін сағат 11:00-де біздің мемлекетке қарсы күшті кибершабуыл басталды, мұнда Украина үшін түрлендірілген wannacry – cryptolocker вирусы қолданылды. Вирусы бар хат көп жағдайда пошта арқылы келген. Ол бірнеше күн тіпті бірнеше апта бұрын жіберілген. Олар шабуылға бір айдай уақыт дайындалғанын анықтап отырмыз".

Осыдан соң Антон Геращенко вирустың бағдарламалық кодында іске қосу мерзімі 27 маусым сағат 11:00 деп белгіленгенін айтты. ІІМ министрінің кеңесшісі кибершабуылдың түпкі мақсаты "Украинаның экономикасы мен қоғамдық санасын тұрақсыздандыру" деп, оның себебін Ресейден көріп күтпеген мәлімдеме жасады.

"Миллиондаған дербес компьютер пайдаланушыларының арасында қорқыныш пен үрей жайлатқан және бизнес пен мемлекеттік органдардың жұмысына тікелей материалдық шығын келтірген киберкеңістіктегі соғыс – Ресей империясының Украинаға қарсы ұйымдастырған дүбара соғыс стратегиясының бір бөлігі".

112.ua порталы бастырмалатқан шабуылға Украинаның 30 банкі, көлік секторы, оның ішінде "Борисполь" әуежайы, энергетика кәсіпорындары, БАҚ және Украина үкіметінің сайттары ұшырады. Бірақ жағдайдың мән-жайын білетін 112.ua порталы бұл шабуылды РФ-ның әрекетімен байланыстырып отырған жоқ. Оның пікірінше, "мұндай ауқымды қатердің себебі вирусқа қарсы базалардың уақытында жаңартылмауы және пошта серверлеріндегі қауіпсіздік саясатының дұрыс бапталмауында".

ESET вирустық зертханасындағылардың ойынша, "эпидемияға украиндық компанияларда, оның ішінде қаржылық ұйымдарда кеңінен қолданылатын M.E.Doc бухгалтерлік бағдарламалық жабдықтамасының кемшіліктері себеп болды. Кейбір корпоративті пайдаланушылар троян вирусын жұқтырған M.E.Doc-тың жаңартуларын жүктеп алған, осылайша Еуропа, Азия мен Америка елдерін қамтыған ауқымды шабуылдың басталуына жол ашқан".

Аталмыш проблемаға БҰҰ да алаңдап отыр.

"Жаңа вирус – бопсалаушы-вирустың мүлде жаңа түрі. Әрине, оның өзге вирустармен ұқсастықтары бар, бірақ дәл осы вирус қана жүйеге үш түрлі тәсілмен шабуыл жасайды. Даниялық Maersk кеме жүзетін компаниясының жұмысы тұралап қалғанын көріп отырмыз, оның барлық контейнерлік тасымалы бұғатталып қалды. Үндістанның порттары, ресейлік мұнай компаниялары да бұдан сақтана алмады", – деп хабарлайды tass.ru БҰҰ басқармасының киберқылмыспен күрес жөніндегі бөлім басшысы Нил Уолштың сөзіне сілтеме жасап.

27 маусымнан бастап Еуропа, Азия және Американың жүздеген компаниясы Petya.С троян-шифратор эпидемиясының құрбаны болды. ESET алыстан өлшеу жүйесінің мәліметіне сүйенсек, ESET NOD32 вирусқа қарсы өнімдер анықтаған шабуылдардың басым бөлігі Украина, Германия, Польша, Сербия, Грекия, Румыния және Ресейге қарсы бағытталып отыр.

Бопсалаушы-вирус операциялық жүйенің жүктелуіне кедергі келтіреді, компьютерлерді бұғаттап, биткоинмен 300 доллар мөлшерінде құн төлеуді талап етеді.

Әйгерім Сүлейменова, Олег И. Гусев 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу