"Москвич" пен "Жигули" жеткізбейді

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
12541

Кеңес кезеңінің брендтері утилизацияға жіберілген көліктердің көшін бастап тұр.

"Москвич" пен "Жигули" жеткізбейді

Ел тұрғындарының утилизацияға көбінесе қандай көліктерді тапсыратыны анықталды. "ӨКМ операторы" ("Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі" операторы) ЖШС баспасөз қызметінің хабарлауынша, отандастарымыз ВАЗ-2105, ВАЗ-2106, ВАЗ-2101, ГАЗ-3110, Москвич-2140 және Мазда-626 секілді көлік түрлерін жиі тапсырады екен. Ал утилизацияға жіберілген еліміздегі ең көне көлік – 1942 жылы құрастырылған "Москвич" болып шықты. Бұл көлікті Семей қаласының тұрғыны тапсырған. Ал "ең жас" автокөлік  2015 жылы құрастырылған темір тұлпар екен. Дәл мұндай көліктердің саны – үшеу. Жалпы, ел азаматтары өткізген автокөліктердің орташа жасы 25-30 жыл.

"ӨКМ операторы" ЖШС баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына сүйенсек, ескі көліктерді сатып алу бағдарламасы іске қосылған сәттен бастап, яғни 2016 жылдың қарашасынан бері қазақстандықтар пайдалану мерзімі аяқталған 47 111 автокөлікті утилизацияға тапсырған. Бағдарлама қатысушыларына төленген қаржылай өтемақының жалпы сомасы 5,98 млрд теңгені құрады.

Ескі көліктерді сатып алу бағдарламасы екі кезеңнен тұратынын көпшілік жақсы біледі. Оның алғашқы кезеңінде толық құрамдағы (комплектация) әрбір автокөлікке 150 мың теңге қаржылай өтемақы қарастырылса (толық емес құрамдағы көліктерге – 48 мың теңге), екінші кезеңде бағдарлама қатысушыларына жаңа автокөлік сатып алу үшін жеңілдік сертификаттары беріледі. 2016 жылдың 21 қарашасы мен 2017 жылдың 30 желтоқсаны аралығында "ӨКМ операторының" жинақтау бекеттері 39 мың 872 автокөлік қабылдаған.

Ал екінші кезең 2017 жылдың 26 маусымынан бастап іске қосылды. Бұл кезеңде утилизацияға жеңіл автокөліктер, жолаушылар және жүк көліктері қабылданды. Оның орнына қаржылай өтемақы емес, елімізде құрастырылған экологиялық тұрғыдан таза автокөлікті сатып алуға жеңілдік сертификаты ұсынылды. 2017 жылдың 26 маусымы мен 30 желтоқсаны аралығында 7 мың 239 жеңілдік сертификаты берілді. Олардың 5 213-і пайдаланылған. Яғни тұрғындар бір сертификатқа 2 851 отандық автокөлік, ал сертификаттарды біріктіру арқылы 2 362 жаңа көлік құралын сатып алған.           

Пайдалану мерзімі аяқталған көліктерді утилизацияға өткізіп, жеңілдік сертификатын алу бойынша Шымкент қаласы көш бастады. Шымкенттіктер 1 216 көлік құралын тапсырған. Одан кейінгі орынға Қостанай (971 автокөлік) жайғасса, үштікті Алматы (867 автокөлік) түйіндеген.  

2017 жылы "ӨКМ операторы" ЖШС облыс әкімдіктерімен бірлесіп, ескі автокөліктерді қабылдайтын жылжымалы бекетін іске қосты. Аталмыш бекет Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Ақмола және Алматы облыстарын шарлап шыққан. Ескі көліктер утилизациялау зауытына жеткізіліп, тиісті процестерден өтеді.

Еске сала кетейік, елімізде бір ғана көлік утилизациялау зауыты бар. Ол Қарағанды қаласында орналасқан.

Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, 2017 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, Қазақстанда 3,916 млн жеңіл автокөлік тіркелген. Олардың 35,9%-ның пайдалану мерзімі аяқталған. Яғни көліктердің қолданыста жүргеніне 20 жылдан асып кеткен.

Қазақстан автомобиль бизнесі қауымдастығының атқарушы директоры Владимир Герасименконың айтуынша, 2017 жылдың 11 айында елімізде 132 млрд теңгеге 16,5 мың автокөлік шығарылған. Бұл салада "Сарыарқа АвтоӨндіріс" пен "Азия Авто" компаниялары көш бастаған. Өткен жылдың 11 айында жалпы нарықтағы отандық автокөліктердің сатылымы 35,6%-ды құраған.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу