"Мұнайға байланбай, желді де ақшаға айналдырамыз"

Кенже Жомарт Кенже Жомарт
2939

60 жастағы ғалымның жобасы "Болашақтың энергиясы" атты республикалық байқауда бас жүлде алды.

"Мұнайға байланбай, желді де ақшаға айналдырамыз"

Қазақстанда 2017 жылы халықаралық ЕХРО көрмесі өтеді деген шешім осыдан төрт жыл бұрын қабылданған еді. 2012 жылдың 22 қарашасында Халықаралық көрмелер бюросына мүше 161 мемлекеттің өкілдерінің жасырын дауыс беруі кезінде Астана бельгиялық Льеж қаласын басып озып, ЕХРО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің астанасы болып таңдалды. Сонда Астананың өтінімін Халықаралық көрмелер бюросына қатысушы 103 ел қолдады, 44-і қарсы дауыс берді.

Содан бері төрт жыл өтті. Астанада 162 000 шаршы метрді алып жатқан үлкен ауданда ЕХРО көрмесі салынып жатыр. Жер ғаламшарын білдіретін шар тәрізді көрменің қақ ортасындағы нысанның аумағы – 25 000 шаршы метрден асады. Барлық халықаралық көрмелер осы шардың айналасына топтасады.

Астанада өтетін халықаралық көрменің тақырыбы – "Болашақтың энергиясы", яғни, энергияның баламалы көздеріне және "жасыл" технологияларға арналған. Көрмедегі Қазақстанның ұлттық павильонын әр тарапты қылу үшін және көрмені жалпыұлттық шараға айналдыру үшін көрмені ұйымдастырушылар әртүрлі байқау өткізіп келеді. Бүгін "Астана ЕХРО-2017" ұлттық компаниясы мен энергетика министрлігі бірге ұйымдастырған "Болашақтың энергиясы" республикалық байқауын қорытындылап, 60 жастағы ғалымның жобасын жеңімпаз деп таныды.

Марат Исекеев 60 жаста, техника ғылымдарының кандидаты. Ғалым 1989 жылы Мәскеуде диссертация қорғаған. Ал "Болашақтың энергиясы" конкурсына ғалым "Роторлы типтегі көп деңгейлі көпқабатты жел станциясы" атты жобасын ұсынған. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл жоба азынақ жел тәрізді. Яғни, ғалымның ойлап тапқан жобасы – өтпе жел тәрізді болады, соның есебінен басқа жел электр станцияларына қарағанда, 30-50 пайызға артық энергия береді екен. Ғалым бұл жобаға 3 жыл уақытын және өзінің 5 млн теңгесін жұмсаған.

Жалпы, ғалым жобаны тауға деген құмарлықтан бастады деуге болады. Марат Исекеевтің арманы – Жоңғар қақпасын бағындыру. Ал ең бастысы, ғалым Қазақстанды мұнайға тәуелділіктен арылтып, коммуналды қызметтер қатарынан "электр қуаты" жазуын мүлде жойғысы келеді екен.

"Біздің өте тамаша жеріміз – Жоңғар қақпасы деген орын бар. Ол өзінше жел дәлізі іспетті. Жоңғар қақпасында, 30 метр биіктікте немістер де, Швейцарияның ғалымдары да, Австрияның мамандары да жел электр станцияларын салғысы келген. Бірақ, олардың орнатқан құралдары бір секундқа да шыдамай, сынып қалды. Ал мен өмір бойы Жоңғар қақпасын бағындыруды армандадым. Айта кетейін, 30 метр биіктікте желдің жылдамдығы секундына 58 метрге жетеді. Дәліздің ені – 15 шақырым, ұзындығы 80 шақырым. Жоңғар қақпасы Қытаймен шекарада орналасқан, ал, Қытай бізден бір жылда сағатына 40-45 миллиард киловатт энергия жеткізіп беруді сұрап отыр. Менің есебім бойынша, біз тіпті бір жылда сағатына 200-300 млрд киловатт энергия қуатын өндіре аламыз. Яғни, мұнайға ғана байланып қалмай, желдің арқасында да табыс табуға болады", – дейді ғалым.

Бұны электр қуатына өте зәру, бірақ, инфрақұрылым тартылмаған жайлаудағы немесе қыстақтағы қарапайым малшыға түсіндіру үшін Марат Исекеевтің Қапшағай қаласында орнатқан құрылғысын мысал ретінде алайық.

"Қапшағайда бір құрылғы орнаттық. Стандартты үй, төбесі мен еденінің арасы үш метр. Мен үйге 3 метр "қалақ" орнаттым, жел секундына 8-10 метр жылдамдықпен соққанда, 10 киловатқа дейін энергия алуға болады. Яғни, аңызақ, өтпе желдің, "сквозняк"-тың эффектісі. Түк те қиын емес сияқты. Сіз екі бөлменің терезесін қатар ашып қойғанда, жел бір терезеден кіріп, екінші терезеден шығып кетеді. Бұл технология дәл осы әдіске сүйеніп жасалды", – дейді ғалым.

Марат Исекеевтің айтуынша, бұл құрылғының тағы бір артықшылығы – қымбат материалды қажет етпейді. Соған қарамастан, өте берік және жел соққан жаққа қарай бұрып қоюға болады. Жел электр станциясының құны орнатылатын ғимараттың көлемі мен желдің өтіне байланысты екен.

Ғалым бұл жобасын тегін беруге дайын, бірақ, оны жүзеге асыруға алған тарап ауыл халқы мен Қазақстандағы көпбалалы отбасыларды тегін электр қуатымен қамту керек.

"Мен және менің ұжымым бір шешімге келіп отырмыз: егер біздің мемлекет біздің технологиямен жасалған жел электр станцияларын ауылды жерлерге орнататын болса, бізге ештеңе төлемей-ақ қоюына болады. Бұл жобада менің және менің ұжымымның авторлық құқығы бар, яғни, бізден алған үкімет бізге гонорар төлеуге міндетті болар еді. Алайда, біз гонорардан бас тартып отырмыз. Бірақ (!), біз өз жобамыздың пайдасын бәріне бірдей тегін беруге келіспейміз – ауыл тұрғындары мен көпбалалы отбасылар үшін ғана. Ал, егер ірі мұнай корпорациялары бұл жобаға мүдделілік танытса, мен ірі компанияларға неге тегін беруім керек?", – дейді Марат Исекеев.

Не де болса, Қазақстан халқы мен ЕХРО-2017 көрмесіне келетін миллиондаған турист өнертапқыштың жобасын Астанада тамашалай алады. "Астана ЕХРО-2017" ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Ербол Шормановтың айтуынша, Марат Исекеевтің бұл жобасы көрмедегі Қазақстанның ұлттық павильонына қойылады.

"Болашақтың энергиясы" республикалық конкурсына еліміздің өңір-өңірінен өнертапқыштар белсенді атсалысты. Бұл бізді өте қуантып отыр. Сондай-ақ, 2017 жылы Қазақстан ЕХРО-2017 көрмесінің арқасында инновация мен болашақтың технологиялары танылатын орталыққа айналады. Әлемге отандық ғалымдардың ең озық жобаларын көрсете аламыз. Ал Марат Исекеевтің жел электр станциясы Қазақстанның ұлттық павильонында тағы 28 ғалымның жобаларымен қатар тұрады", – дейді Ербол Шорманов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу