banner

"Нұрлы жерден" әркімнің бар таласы

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4869

Көпқабатты үйлерге – Астана мен Алматы, ал жеке үйге батыстағылар құмар.  

"Нұрлы жерден" әркімнің бар таласы

Жыл басынан бері еліміздегі баспана қоры әр қазақстандыққа шаққанда шамамен 0,3 шаршы метрге ұлғайыпты.

Бұл туралы бүгін үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында жария етілді. Жиында 2017-2031 жылдарға арналған "Нұрлы жер" бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асырудың аралық қорытындылары шығарылды.

Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Склярдың айтуынша, биылғы жылдың 7 айында бүкіл Қазақстан бойынша жалпы ауданы 6,2 миллион шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға беріліпті.

"7 ай ішінде мемлекеттілігі, жеке сектордағысы бар, барлық қаржыландыру көздерінен жалпы алаңы 6,2 миллион шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Тарата айтсақ, бұл 54 мың баспана. Бұл "Нұрлы жер" бағдарламасының жылдық жоспарының 61%-ына тең. Сондай-ақ 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, көрсеткіш 8,2%-ға артып отыр", – деді вице-министр.

Көпқабатты тұрғын үйді іске қосу бойынша 1 миллион 680,2 мың шаршы метр баспананы бір өзі берген Астана көш бастап тұр. Оның ізін ала 981,6 мың шаршы метрлік көрсеткішімен Алматы қаласы орналасты. Одан кейінгі тұғырларға Маңғыстау (592,7 мың шаршы метр) және Оңтүстік Қазақстан облыстары (348,9 мың шаршы метр) көтерілді.

Ал жеке тұрғын үйді іске қосу бойынша Маңғыстау, Қызылорда, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары алда. 

Дағдарыс уақытында құрылыс секторы бизнес үшін де тартымды бола түсіпті.

"2017 жылдың 7 айында барлық қаржыландыру көздерінен тұрғын үй құрылысына 445,2 миллиард теңге қаржы құйылды. Оның тек 75,8 миллиард теңгесі ғана мемлекеттік инвестиция болып табылады. Мемлекет қажысы есебінен жалпы ауданы 541,3 мың шаршы метрді құрайтын 8 мың 829 пәтер салынды. Жыл соңына дейін қосымша 16 мың 176 пәтерді тапсыру жоспарланып отыр. Олардың жалпы көлемі 948,2 мың шаршы метр болады",– деді Роман Скляр.

"Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша әкімдіктерге 25 миллиард теңге бөлініпті. Ол қаржыға халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына арналған 6 мыңға жуық жалдамалы пәтерлердің құрылысы басталды. Олардың жартысы жыл аяғына дейін іске қосылатын болады. Жалдамалы үйлермен баспана сатып алуға мүмкіндіктері жоқ халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтары қамтамасыз етіледі. Жалдау ақысы, сатып алу құқығынсыз әлеуметтік тұрғын үйдің 1 шаршы метрі үшін шамамен 100 теңгені құрайды. 

"Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша "Жекеменшік тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасының" екінші міндеті аясында жоспарланған 60 мың жер телімінің 23,5 мыңы қазірдің өзінде инженерлік желілермен қамтамасыз етіліген. 4 облыс орталығында бірыңғай сәулет стиліндегі жеке үйлер құрылысының қанатқақты жобалары іске асырыла бастады, – деді Роман Скляр.

Осындай баспананың құны шаршы метріне 120 мың теңгені құрайды. Бұған 90%-ға дейін отандық құрылыс материалдарын пайдалану арқасында қол жеткізіліпті.

Қазақстанда енді азаматтарға тегін жер таратылмайды, оның орнына пилоттық жоба бойынша әкімдіктерде жер теліміне кезекте тұрған азаматтарға дайын үйді сатып алу құқығы беріледі. Кезекте тұрған адамдар аталған баспананы өз қаражатына сатып ала алады, немесе жылдық 5%-бен "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен" қарыз алу арқылы да иелене алады.  

Кредиттік тұрғын үй құрылысының үшінші міндеті бойынша "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" салымшылары мен әкімдікте үй кезегінде тұрғандар үшін бүгінде жоспарланған 15 мың пәтердің 6 мың 140 кредиттік пәтері салынып болыпты.

Бағдарлама аясында жеке құрылыс салушыларды қолдау жүруде. Құрылыс компаниялары субсидияланған заем алу үшін жалпы құны 50 миллиард теңге тұратын 24 жобасы – тұрғын үй кешендері бойынша банктердің қарауына өтінім жасады. Олардың қазіргі уақытта әзірге 7,4 миллиард теңгеге 2 жобасы мақұлданды.

"Еліміздің 11 өңірінде халықтың ипотекалық заемдары бойынша нарықтық ставкаларды төмендету үшін қазақстандықтарды 10 пайыздық жеңілдетілген ставкамен несиелеу басталды. Бүгінгі таңда 10 банк бағдарламаны іске асыруды жоспарлап отыр. Қазірден 3 банк, яғни "БанкЦентрКредит", "АТФБанк" және "Сбербанк" ипотеканы белсенді түрде беруде. Осы күні олар азаматтардан ипотека алу үшін 145 өтініш қабылдады",– деп атап өтті вице-министр.

Бұл ретте халық жалпы құны 1,5 миллиард теңге тұратын пәтерлерді 10 пайыздық несиемен алуға дайын отыр екен. Айта кетер жайт, субсидияланатын бұл ипотека тек жаңа салынған және салынып жатқан пәтерлерге ғана беріледі.

Астана және Алматы қалаларында несиелер 20 млн теңгеге дейінгі, өңірлерде – 15 млн теңгеге дейінгі бағадағы пәтерлерге беріледі. Еліміздің 11 өңірінде халықты жеңілдікті мөлшерлеме бойынша несиелеу жүргізіліп жатыр. 

"Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында мәселен, Алматы облысында 48 пәтерден тұратын таунхаус құрылысы жоспарланып отыр. Егіз қозыдай бір-біріне ұқсас коттедждер қалашығының жалпы аумағы 6 мың шаршы метрді құрайды. Нысандар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру, инженерлік коммуникацияларды тарту мәселелеріне облыстық әкімдік жауап береді, ал дайын үйлерді жеңілдікті несие бойынша сатып алуға осы банк көмектеседі.

"Бұл өңірде 26 000 адам жер телімдерін алу кезегінде тұр. Бұл – үй жағдайын жақсартқысы келетін ауыл тұрғындары, дәрігерлер, мұғалімдер, бюджет саласының қызметкерлері. Барлығы да жеке үйім болса, кең үйде тұрсам дейді. "Нұрлы жер" бағдарламасы мұндай мүмкіндікті ұсынып отыр. Жақын арада олар заң бойынша өздеріне тиесілі 10 сотық жерден бөлек 1 шаршы метрінің құны 120 000 теңге болатын жайлы коттеджге де ие болады", – деп түсіндірді Ләззат Ибрагимова.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу