banner

"Рахман қайнары" туристерді жыл бойы қабылдамақ

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
9675

Еліміздің шығысындағы таңдаулы туристік орталыққа апарар жолды қалпына келтіру басталды. 

"Рахман қайнары" туристерді жыл бойы қабылдамақ

Қыс түсіп, боран соқса, Шығыс Қазақстан облысындағы "Рахман қайнарына" қатынау әрдайым қиындық тудырады. Сол себепті туристік мекенге апарар жолдың кейбір бөлігі келушілердің қауіпсіздігі үшін уақытша жабылады. Осындай қауіпті аумақтың бірі – Осинов асуы. Қыстыгүні бұл жерден жүру қауіпті әрі жол-көлік қозғалысына айтарлықтай қиындық туындайды. Сондықтан аталған асудағы жол-көлік қозғалысы уақытша тоқтатылады. 

Алдағы уақытта бұл мәселе шешімін таппақ. Атап айтқанда, Өскемен – Зырян – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары бағытындағы жолды қалпына келтіру жобасы аясында жауыр боп келген мәселенің түйіні тарқамақ. Осылайша, туристер қысқы уақытта да тұмса табиғаттың тамашасына куә бола алады. Бастысы, жылдың төрт мезгілінде де демалуға жол ашылады. 
Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстарына толыққанды дайындық жүріп жатыр. Жобаны жүзеге асыру "АБК-Автодор НС" компаниясына сеніп тапсырылған. Бүгінде 56-72 шақырым учаскесінде жер қазу, тас тасу, жарылыс жұмыстары жүргізілуде. 1 700 000 текше метр жерде жарылыс жасау, 2 600 000 текше метр аумаққа топырақ төсеу жоспарланған.    

Сонымен қатар 72-88 шақырымдық учаскесінде де қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Жалпы "АБК-Автодор НС" компаниясы 28 шақырымдық жерді жаңартпақ. 

Жоба жетекшісі Айдын Майусовтың айтуынша, қос тау арасында орналасқан шатқалдағы көпір қалпына келтірілген соң, Осинов асуын айналып өту 5 шақырымға қысқармақ.

"Көпірдің ұзындығы – 175 метр, биіктігі – 45 метр. Бұл – шамамен 14 қабатты тұрғын үйдің биіктігі. Көпірдің жүйесі өте қиын. Қазір дайындық жұмыстары жүргізілуде. Келер жылы құрылысқа кірісеміз", – деді Айдын Майусов.  

Бүгінде аталған аумақта екі ауысым бойынша 350 адам еңбек етуде. Олар таңғы 8-ден кешкі 7-ге дейін және кешкі 8-ден таңғы 7-ге дейін жұмыс істейді. Топырақ төсеуге және жарылыс жасауға 120 техника жұмылдырылған.  

16 шақырымдық учаскені қалпына келтіру 2019 жылы аяқталады. 2020 жылы тау мен орман арқылы өтетін 12 шақырымдық аумақтағы жұмыстар тәмамдалады. Осылайша, "Рахман қайнарына" қатынайтын жол қысқармақ. Бастысы, келушілер үшін қауіпсіз болғалы тұр. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу