"Сергек" сенімге селкеу салмайды

5917

Бейнебақылау камералары қалаға кіреберіс жолдарды да бақылайды.

"Сергек" сенімге селкеу салмайды

Ішкі істер министрлігі үшін 2016-2017 жылдар жаңалыққа толы кезең болды. Солардың ішінде ең маңыздысы – барлық қала көшелерін бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етуі дер едік.

Мәселен былтыр 2 мың 971 патрульдік автокөліктің 80%-ы бейнетіркеуіштермен жабдықталып, 12 мың жол-патрульдік полициясы қызметкерлері арнайы бейнежетондарды пайдалана бастады. Сондай-ақ  көше қиылыстарына 2 мыңға жуық бейнебақылау камерасы қондырылды. Ал биылғы 15 қыркүйектен бастап "Сергек" атты сертификатталған сурет және бейнежазу құрылғысы қосылды.

Сақшылар алдымен Астана көшелеріне түгел орнатылатын жаңа құрылғы  арқылы жүргізушілерге жылдамдық режимін асырғаны, қоғамдық көліктің жолағымен жүргені (Bus Lane автобустық жолымен) және стоп-сызығын кесіп өту сынды заң бұзушылықтарды қарастыратын болады. Жыл соңына дейін көше қиылыстары мен қаланың сызықтық аймақтарында, сонымен қатар  ойын-сауық орталықтары, театр, спорт алаңдары, музей сынды көпшілік жиналатын жерлерде 13 мың камера іске қосылады.

Бұл камералар тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеп, түсірілген бейнематериалдар тіршілікті кешенді қамтамасыз ету жүйесі (ТКҚЖ) мен Астана қалалық ІІД жедел басқару орталығы кіретін ахуалдық орталықтың бақылауына алынады. Одан бөлек  дәл сол уақыттағы автокөліктердің нөмірлік белгілері мен жылдамдық режимдерін қосымша 10 мың камера жазып алады. Қазір оның 6 мыңы – 400 көше қиылысы мен қаланың 300 сызықтық жер телімдеріне, 4 мыңы ойын-сауық орталығы, театр, спорт алаңдары сияқты орындарға қойылуда. Ол орындардың барлығын әкімшілік полиция басқармасы мен жергілікті полиция қызметінің мамандары жіті зерттеген. Соның нәтижесінде, "ауыр апаттық жағдай мен өзге де жол-көлік оқиғаларының саны бойынша жасалған талдауды ескере отырып, сурет және бейнежазу камераларын орнату жұмыстары жүргізілуі шарт" деген тұжырым жасалып отыр.

Бұған қоса  жаңа оқу жылының басталуына орай Астана қаласының әкімдігі жұмыстарының басым бөлігі балалардың қауіпсіздігіне бағытталып, балабақшалар мен мектептерге жақын жердегі көлік қозғалысының жылдамдығы сағатына 40 шақырымға дейін шектелген. Сол бойынша жылдамдықты шектеу белгілері орнатылып, тиісті жол белгілері сызылды. Сондықтан да ондай орындар сурет және бейнежазу жүйелерінің назарына ерекше алынып отыр. Олардың орналасу картасы citycams.kz сайтына жүктелген.

"Сергекті" серпінді жоба ретінде енді қолға алдық дегенмен, жол жүру ережесінің басқа сурет және бейнежазу жүйелері елордамызда алғаш рет 2015 жылдың ақпан айында іске қосылған болатын. Мәселен  бұған дейін қаланың 11 көше қиылысында "VOCORD" аппараттар кешені мен "Red Speed" жылдамдық өлшеуіштері тұрды. Соның арқасында ол жерлер "қаланың зияткерлік көше қиылыстары" деп те аталды. Нәтижесіне келсек, 2016 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында сол  21 "VOCORD" камералары мен 83 "Red Speed" жылдамдық өлшеуіштерінің көмегімен Астанада 66 мың 410 жол жүру ережесін бұзу фактісі тіркеліп, 51 мың 493 ұйғарым шығарылды. Қазір 323 реттелетін көше қиылыстары сондай көмекші құралдармен қамтамасыз етілген. Оның 60-ы "Астана қаласында сурет және бейнежазу аппараттық-бағдарламалық кешенін құру және қолданысқа беру" атты жоба аясында жабдықталған.

Қаланың 100 сызықтық жер телімдерінің өзінде радар кешендері толығымен жұмыс істеп тұр. "Сергек" бейнебақылау, талдау және болжам жасау интеллектуалды жүйесін елордаға енгізу арқылы Астана тұрғындары мен қонақтарының өмірін қауіпсіз және жайлы жағдаймен қамтамасыз етуді  басты мақсатымыз етіп отырмыз", – дейді Астана қалалық инвестициялар және даму басқармасының басшысы Әлішер Абдықадыров.

Мәселен  алғашқы бір күнде-ақ, яғни 15 қыркүйекте сағат түнгі 00:00-ден бастап, кешкі 20:00-ге дейінгі уақыт ішінде бақылау камералары қойылған әр учаскеде 130 жол ережесін бұзу фактісі анықталған. Аз көрсеткіш емес, әрине. Астана қалалық ішкі істер департаментінің мәліметінше, осы жүйе арқылы анықталған жылдамдықты асыру дерегі үшін айыппұл төлеу түріндегі әкімшілік жаза былайша қарастырылған: сағатына 10-20 шақырым – 10 АЕК (22690 теңге); сағатына 20-40 шақырым – 15 АЕК (34035 теңге); сағатына 40 шақырымнан асатын болса, 30 АЕК (68070 теңге).

"Айыппұл мәселесіне келсек, төлеудің түрлі тәсілдері қарастырылды. Атап айтқанда, қолма-қол ақшаны екінші деңгейлі банктер немесе "Қазпошта", Kaspi және QIWI кошелек терминалдары арқылы, сонымен қатар банк картасымен egov.kz порталында тіркелу негізінде онлайн-төлем жасауға болады және HandyPay, MyPay мобильдік қосымшаларын пайдаланған тиімді, – дейді әзірлеуші компанияның директоры Әсет Ахметов.

Осы орайда еске сала кетсек, бұл жаңа жоба Астана әкімдігінің мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі арқылы іске асуда. Жалпы инвестиция көлемі 8,4 млрд теңгені құрап отыр. Жоба жекеменшік инвесторлар есебінен қаржыландырылады. Ал қала бюджетіне инвестиция құқық бұзушылардан түскен айыппұл есебінен қайтарылмақ. Астана қалалық ІІД ӘПБ әкімшілік тәжірибе бөлімі басшысының орынбасары Дархан Ташмұхамбетовтің сөзіне қарағанда, бұл ретте құқық бұзушы ретінде тек көлік жүргізушілер ғана тіркелмесе керек.

"Бейнебақылау – бұлтартпас айғақ болғандықтан, ол орнатылған орындарда ұсақ-түйек қылмыс кездеспейді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, биыл қоғамдық орындардағы қылмыс 21,1%-ға, қала көшелерінде 32,7%-ға, жол-көлік апаттарының саны 20%-ға азайды. Бейнебақылау камералары тек қаланың ішін емес, шет аймақтарды да қамтиды. Қалаға ауылдардан келетін кіреберіс жолдар түгел бақылауға алынады" – дейді ол.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу