"Шығыс"-та жаңа конвейер сынақтан өтті

Бек Темір Бек Темір
2665

Көмір кенішінде неміс индустриалды концернінің мамандары көмір өндіру көлемі мен тиімділігін арттыратын конвейер таспасының жұмысын сынады.  

"Шығыс"-та жаңа конвейер сынақтан өтті

Еуразиялық Топ (ERG) құрамындағы "Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы" АҚ  Қазақстандағы электр энергиясын өндіріп шығаратын ең ірі өндірушілердің бірі. Кәсіпорын үлесіне өндірілетін энергияның 17% және қазылатын көмірдің 20% келеді.  Қазіргі күні көмір индустриясын жаңа сатыға көтеру үшін оны жер астынан тың технологиялармен аршып алу және барынша шашау шығырмай өндіру мақсаты тұр. "Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы" АҚ ішкі коммуникациялар жөніндегі қызметінің хабарлауынша, мамандар кәсіпорында "№2 циклді-ағынды аршу кешені" жобасының бірінші кезеңі бойынша қорытынды жұмыстарды жүзеге асыруға кіріскен. Жақында мердігер ұйым ThyssenKrupp AG неміс индустриалды концернінің шеф-инженерлері №2 ЦТАК С1 конвейер таспасының бірінші сынақ топтама жұмыстарын өткізді. Атап өтерлігі аталмыш кешеннің құрылысы 2016 жылдан бастап жүргізілуде. Көмір тасымалына арналған үдерісті іске қосу кезінде қадағалауға бағытталған түрлі жүйелер, конвейерді басқару бойынша жұмыстар жүзеге асырылған, сол секілді ретке келтіру шараларының жинақтамасы пысықталған. Мұның барлығы ертеңгі күні толықтай іске қосу кезінде түрлі олқылықтардың орын алмауы үшін жасалып отыр. Мамандардың келісілген ортақ шешімімен сынақ өткізу кезінде тартылмалы көмір тасымалдау құралы алғашқы рет іске қосылып, конвейер тартылмалы құрал таспасының механизм қағидасы, сонымен бірге шеткі қосқышты реттеу, бас қосқыш секілді құрылымдар сынақтан сәтті өтті. Бүгінгі таңда мамандар көптен күткен сынақ жұмыстары табысты атқарылғанын алға тартуда.

"Шығыс" кенішінің директоры Юрий Гончаровтың сөзіне қарағанда,  С1 конвейер таспасын іске қосу – №2 ЦТАК ең бірінші және маңызды қадам. Тамыз айының соңында іске қосу кестесіне сәйкес С2 конвейері және ұсақтау құралы механизмді қолданысқа қосуды жоспарлаған. ЦТАК конвейерін қалыпқа келтіру жұмыстарымен қатарлас кешенді үзіліссіз электр энергиямен қамтамасыз ету үшін 35 кВ электр желісі құрылысы салынуда және де 35/6 кВ құрайтын модульді қосалқы станция бар. Мұның барлығы көмір өндірісіне қажетті құрылымның жоспарлы жұмыстарды уақытылы атқарылуын қамтамыз ету үшін жасалуда.

Өндірістік қуаттылығы 10 млн шаршы метрді құрайтын №2 ЦТАК бірінші кезегі өндіріс үрдісіне белгіленген жоспарға сәйкес биылғы жылдың қыркүйек айында  іске қосылмақ. Жаңа кешеннің толық өндіріс қуаты жылына – 20 млн шаршы метрді құрайды, яғни 2010 жылы қолданысқа тапсырылған №1 ЦТАК мөлшерінен екі есе жоғары. Мамандардың пікіріне сәйкес, №2 ЦТАК іске қосылғаны аршу жұмыстарының құнын төмендетеді, еңбек өнімділігін көтереді, көмір қабаттарын ашуға көмектеседі, көмір өндіру көлемін және сапасын көтереді. Бұл өз кезегінде бәсекеге қабілетті өнім қабілеттілігін қамтамасыз ететін болады.

№2 ЦТАК бірінші кезегінің салынуына 11,4 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған. Оның ішінде ұсақтау қондырғысы және С1, С2 конвейерлері бар. Биылғы күзде кәсіпорын жаңаша қарқынмен жұмыс істемек.

Бек Темір, Павлодар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу