"Тұмар" үздіктерді таңдайды

Алина Альбекова Алина Альбекова
11927

17 наурыз күні қазылар алқасы алғашқы "Тұмар" ұлттық телевизиялық байқауы сыйлығының иегерлерін анықтайтын болады.

"Тұмар" үздіктерді таңдайды

Алғашқы "Тұмар" ұлттық телевизиялық байқауы сыйлығын ақпарат және коммуникация министрлігінің қолдауымен "Қазмедиа орталығы" ЖШС жариялады. Байқаудың мақсаты сапалы отандық телевизияны таныту мен дамыту, сонымен бірге дарынды кәсіпқой мамандарды қолдау болып табылады. Байқауға тек отандық телеиндустрия саласының майталмандары ғана емес, сондай-ақ жаңадан ашылған, былтырғы жылы алғаш рет эфирге шыққан арналар да қатысты.

"Тұмар" байқауында республикалық және аймақтық компаниялар, жеке студиялар, продюсерлік орталықтар және телевизиялық контентті шығаратын медиакомпаниялар бақ сынады.

"Тұмар" байқауына 200-ден астам үміткер қатысуға тапсырыс берген. Бірақ қазылар алқасы жабық дауыс беру арқылы 12 жеңімпазды ғана таңдап алады. Аталмыш телевизиялық байқаудың жүлдесінен үміткерлердің бірі – Atameken Business. Қазақстандағы тұңғыш және әзірге жалғыз бизнес-телеарна өз жұмысын 2016 жылдың 23 мамырында интернет-портал платформасында бастады.  Ал 1 желтоқсан күні "Қазсат" ғарыш серігі арқылы эфирге шығып, кабельдік телекомпаниялардың хабар тарату кестесінен ойып орын алды. Бұл арнаның негізгі аудиториясы – кәсіпкерлер мен өз ісін ашуды армандап жүрген жандар.

"Осы жылдың мамырында құрылғанымызға енді ғана бір жыл толатындығына қарамастан, эфирдің хабар тарату кестесін 4 сағаттан 24 сағатқа дейін өсірдік. Осымен қоса, біздің  жалпы саны 65-тен асатын бағдарламамыз өз күшімізбен шығарылады. Басқа компаниялардан бағдарлама сатып алмаймыз, бағдарламаның барлығы тек өзіміздің  төл  туындыларымыз. Бұл – біздің негізгі ұстанымымыз.  Біздің тарататын хабарымыздың 60%-ы тікелей эфирде өтетінін айтып мақтана аламыз. Осы қысқа уақыт ішінде әлемнің іскери бизнес-арналары арасында лайықты орнымызды таптық, ал Қазақстанда әзірге жалғыз бизнес-арнамыз. Сондықтан ABCTV.KZ ұжымы біздің кем дегенде "Телевизиялық маусым оқиғасы" атты номинацияны алуға лайықты екенімізді айтады. Бірақ, әрине, барлығы әділ қазылардың шешіміне байланысты болмақ", – деп өз ойымен бөлісті телеарнаның бас продюсері Ғалия Идоятова.

Atameken Business телеарнасы осы қысқа уақыт ішінде Еуразиялық даму банкінің "Время говорить" ең үздік іскери бағдарлама сыйлығына иеленіп үлгерген.

Ал бұл жолы компания "Ең үздік ақпаратты сараптамалық бағдарлама" және "Ең үздік ток-шоу" номинациясынан үмітті.  Бұған себеп те жоқ емес, жексенбі күні шығатын "Рашев show"  бағдарламасы интернет желісіндегі телекөрермендер арасында кеңінен танымал. 

"Көбісі  бұл бағдарламаның отандық телеарналардың көрермендері арасында ең көп сұранысқа ие ток-шоу екенін жазған болатын. Әзірге интернетте орналастырылатын көңіл көтеретін контент элементі бар ақпараттық-сараптамалық бағдарлама форматын құрып отырған да жалғыз біз.  Әлішер Елікбаев, Ғалымжан Молданазар, Нұртас Адамбай сияқты ньюсмейкерлер "Рашев show" бағдарламасының қонақтары болды. Актерлер, рестораторлар, сән-нарығының ойыншылары тіпті банк төрағалары бағдарлама қонағы болуда", –дейді Ғалия Идоятова.

"Тұмар" байқауында жоғарыда аталған номинациялар бойынша Atameken Business-дің бәскелесі бар ма деген сауалға бас продюсер әзірге бұл саладағы жалғыз телеарна Atameken Business екенін тағы да шегелеп айтты.

"Бірақ жақында басқа бизнес-арналар да пайда болады деп ойлаймын. Оның болғаны да жақсы. Өйткені бәсекелестіктің берері көп. Кәсіби мамандар үшін жарысу маңызды, бұл даму үшін үлкен күш береді", – дейді Ғалия Идоятова.

"Әрине "Хабар", "Астана" немесе "КТК" сияқты өзге де телеарналарда өте сапалы, танымал бағдарламалар бар екенін білемін. Бірақ олар бір емес, бірнеше жыл бойына жұмыс істеп келеді. Алды 20 жыл, ал кейбірінің тіпті одан да көп жылғы тәжірибесі бар. Олардың осы жылдар ішінде өз көрермені қалыптасты. Бірақ соған қарамастан біз өз алдымызға зор мақсат қойып отырмыз", – деп нақтылады бас продюсер.

Телеарна ұжымы құрамына көптеген тәжірибелі кәсіби-медиа мамандар кірген қазылар алқасы телеарнаның туындыларына лайықты бағасын беретініне сенімді.

Алина Альбекова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу