"Ұрылар бізді әбден мазаққа айналдырды"

Кенже Жомарт Кенже Жомарт
5379

Прокуратура баукеспелермен күресу үшін бизнестің көмегіне жүгінбекші.

"Ұрылар бізді әбден мазаққа айналдырды"

Бас прокурор Жақып Асанов Қазақстандағы ұрлықшылар құқық қорғау органдарын әбден басынды дейді.

Соңғы 25 жылда Қазақстанда 2 миллионнан астам ұрлық фактісі тіркелсе, оның тең жартысынан астамы, яғни 1,5 миллион ұрлықтың кімнің қолымен жасалғаны құпия қалпында қалған. Дәл бүгінгі күні Қазақстанда тіркелетін жалпы қылмыстың 64 пайызын ұрлық құрайды екен. Бүгін заңдылықты, құқықтық тəртіпті жəне қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысына төрағалық еткен бас прокурор Жақып Асанов та сіз бен біз сияқты бұл мәліметке басын шайқады.

Жақып Асанов еліміздің құқық қорғау органдары ұрыларды ұстаудың орнына олардың мазағына айналғанын айтып, ашуға булықты.

"Ұрылар бізді, яғни құқық қорғау органдарын әбден мазаққа айналдырды. Мысалы, Атыраудағы тұрғын үйлердің бірінде 2016 жылы 21 рет ұрлық тіркеліпті. 21 рет! Ал сол үйдің бірінші қабатында полиция бөлімшесі орналасқан екен. Бұл мазақ емей немене? Бұлар бізді басынайын деді. Оларға қарсы ашық соғыс жариялау керек", – дейді бас прокурор Жақып Асанов.

Прокуратура қызметкерлері бұл "соғысқа" шындап кіріскен тәрізді. Жақып Асанов атап өткендей, оның қоластындағы қызметкерлер "ұрлық неге көбейді? Ұрыларды полиция неге қолға түсіре алмайды? Баукеспелер құқық қорғау органдарынан неге үнемі бір қадам озып кетіп жүреді?" деген ең өзекті сұрақтардың жауабын іздеген. Бас прокуратураның осыған қатысты жұмысы жайлы 2-ші департамент басшысы Құсайын Игембаев баяндады.

"Күн тəртібіндегі мəселе – еліміздегі қылмыстық ахуалға кері əсерін тигізіп жүрген өткір сұрақ. Адам үшін не маңызды? Əрине, оның жеке басының, жақындарының амандығы. Сондай-ақ, мүлкінің қауіпсіздігі. Күнделікті өмірде еңбекпен, бейнетпен бала-шағасының болашағына, оның қызық-қуанышына деп арнап жинаған дүние-мүліктің қымбат екендігі айтпаса да түсінікті. Қазақтың сəлемінің өзі "мал-жаның аман ба?" деп басталады емес пе?! Осы дүние-мүлкі ұрланса, одан асқан өкініш бар ма? Мал ашуы – жан ашуы демей ме қазақ. Бұл ұрлықтың қандай қаупі бар? Ұрлық жиі жерде елден маза қашады. Мал өспейді, кəсіп жүрмейді. Заң күшінің жұмысына күмəн келеді, сенім азаяды. Бұл – бір. Еліміздегі бүкіл қылмыстың үштен екісі ұрлық екені айтылды. Яғни, ұрлық біздің қоғамда етегін кең жайған созылмалы дертке айналды", – деді ол.

Құсайын Игембаев өз сөзінде ұрлықпен күресу үшін бизнеске ұрлық жасаған адамға салынатын айыппұлдың бір бөлігін сыйақы ретінде беру керек деген ұсыныс тастады.

"Ұрлықпен күресудің қандай тиімді тетіктері бар? Біріншіден, бейнебақылау камераларының санын арттыру керек. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда көпқабатты тұрғын үйлердің тек үш пайызы ғана бейнебақылау камералармен қамтылған екен. Бірақ мұндай камералар әрбір кіреберісте болса, біраз қылмыстың беті ашылар еді. Былтыр камералардың арқасында 1 500 қылмыс ашылған екен. Ұрлықтың санын азайту үшін мемлекеттік-жекеменшік кәсіпкерлікті дамыту да маңызды. Өзара тиімді келісім ұсына отырып, ұрлықпен күресу үшін бизнесті де тарту керек. Мысалы, Алматыда құрылған "Айфон" ЖШС Нұрсат  шағын ауданында 18 көпқабатты үйге бейнекамера орнатып, оларды онлайн-режімге қосқан. Яғни полиция да, тұрғындар да телефонынан онлайн режімде пәтерін бақылап отыра алады. Соңғы алты айда бұл шағын ауданда бірде-бір ұрлық тіркелмеген екен. Ең бастысы, тұрғындар мұндай қызметті пайдалану үшін айына небары 150 теңге жұмсайды. Яғни кәсіпкердің де, тұрғындардың да мүддесі орындалып отыр", – деген Құсайын Игембаевтың сөзін Жақып Асанов кілт бөліп жіберді.

"Сонда олар ("Айфон" ЖШС - агенттік) өз есебінен камера орнатқан, ал ол камераларды пайдаланғаны үшін тұрғындар айына небары 150 теңге төлеп отыр ма?", – деген Асановтың сұрағына қызметкері: "Ия, ол 18 үйдің әрбірінде 350 пәтер бар" деп жауап берді.

"Алты ай бойы бірде-бір ұрлық болмаған екен. Айына небары 150 теңге, күніне үш теңге..." деп қайталады бұл ақпаратқа қуанған Жақып Асанов.

"Үйлерге жаппай камера орнату жүйесін ынталандыру үшін делдалдықты пайдалануға болады. Камераның арқасында ұрлық әшкереленіп жатса, онда әкімшілік айыппұлдың белгілі бір мөлшерін камера орнатқан кәсіпкерге беруге болады", – дейді Құсайын Игембаев.

Оның айтуынша, жыл сайын мемлекет бюджетіне ұрлық жасаған адамдар орташа есеппен 40 млрд теңге айыппұл төлеп отырады екен.

Жақып Асанов бұл ұсынысты да қуана қолдайтынын айтты. Сонымен қатар, бас прокурор ұрланған бұйымдарды сататындарға қатысты жазаны күшейту керек дейді.

Қазір ұрлық жасап, оны сатқан адамдар тек жеңіл қылмыстық жазамен құтылатыны белгілі. Яғни Қылмыстық кодекстің 192 бабына сай, олар не айыппұл төлейді не әкімшілік жазаға тартылады. Бас прокуратура бұл бапқа өзгерістер енгізіп, ұрлық жасап, ол бұйымды сатқандарға орташа ауыр қылмыстық жаза тағайындау керек деген түйінге келді.

Кенже Жомарт 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу