banner

15 жылда бокстан бұлай жасып көрмеп едік

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
6243

Ташкентте бокстан ХХІХ Азия чемппионаты қазақ боксшылары үшін өте сәтсіз аяқталды.  

15 жылда бокстан бұлай жасып көрмеп едік Фото: kfb.kz

Соңғы күн... Салымыз суға кетті

"Сарықұрлық" біріншілігінің соңғы күні үш боксшымыз шаршы алаңға шығып, үшеуі де ұтылды. Біреуі әлем чемпионаты жолдамасына, екеуі Азия чемпионы атағына қол жеткізе алмай, жеңілістің кермек дәмін татты:

Әлем чемпионатының жолдамасы үшін:

49 келі: Жомарт Ержан – Корнелиус Квангу Лангу (Индонезия) – 1:4 (29:28, 28:29, 28:29, 27:30, 28:29)

Жомарт Ержан сенімді ақтай алмады. Жүлде тұрмақ, жолдама көзден бұлбұл ұшты. Енді 23 тамыздан 4 қыркүйекке дейін Гамбургте өтетін әлем чемпионатында бұл салмақта ешкімді үкілеп қоса алмаймыз.

Финал:

69 келі: Абылайхан Жүсіпов – Шахрам Гиясов (Өзбекстан) – 0:5 (27:30, 27:30, 27:30, 27:30, 27:30)

Абылайхан таң қалдырды. Жекпе-жек басталған бетте Гиясовтің пәрменді соққысын өткізіп алып, нокдаунға түсіп қалды. Гиясовтың оң қолымен маңдай тұсынан ұрған соққысына төтеп бере алмай, тәлтіректеп кетіп, қолын тіреп отыра қалды... Жас боксшымыз бұдан кейін қанша тырысқанымен, тәжірибелі қарсыласын тұқырта алмады. Дұрыс тактика қолданбағандай.

+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев – Баходир Джалолов (Өзбекстан) – 0:4 (27:29, 27:29, 27:29, 28:28, 26:30)

Қамшыбек мүлде қайран қалдырды. Осы жігітті екі рет жеңген. Әуелі 2015 жылы Болгарияда өткен халықаралық турнирдің финалында кездесіп, сұлатып салған болатын. Содан соң осы жақында ғана, яғни 18 ақпанда Талдықорғанда күмәнсіз жеңген (WSB жобасы аясындағы "Astana Arlans" және "Uzbek Tigers" командалары арасындағы кездесуде).

Ал бүгін өзінен именіп, жасқанып жүрген боксшыға есе жіберіп алды. Жеңілді деп айта алмаймыз. Бірақ ринг сыртындағы бапкерлерінің қамшылауымен ғана... алға ентелеп жүрген қарсыласының бірнеше соққысын өткізіп алды. Ал өзі жойқын соққысымен оның аптығын басып тастамады...

Өзбектерде – 9 алтын,  бізде – біреу

Сонымен Азия чемпионаты аяқталды. 10 алтынның тоғызын өзбек боксшылары жеңіп алды. Біреуі бізге бұйырды. Ташкент төрінде екі елдің боксшылары сегіз рет кездесіп, жетеуінде шаршы алаң иелері жеңіске жетті. Бізден тек Левит өз қарсыласын ұтты. Екеуара бейресми есеп – 1:7.

Азия чемпионатында 2002 жылдан бері мұндай сәтсіздікке ұшырап көрген жоқ едік. Сол жылы Малайзияның Серембан қаласында өткен ХХІ құрлық біріншілігінде мүлде алтынсыз қалып, бір күміс, төрт қола жүлдені қанағат тұтқанбыз. Енді міне, 15 жылдан кейін Ташкентте тауымыз шағылып отыр.

Жалпы, боксшыларымыз Азия чемпионатына 1994 жылдан бері қатысып келеді. Әлгінде өзіміз айтып өткен, 2002 жылды есепке алмағанда, кемі екі, әйтпесе 3-7 алтын еншілеп жүргенбіз. Мәселен, 2013 жылы жеті, ал осыдан екі жыл бұрын бес алтын медаль олжалағанбыз. Азияның маңдай алды үздігі едік...

Кім кінәлі, кім кінәлі...

Өзбекстан боксшыларымен кездесулерге атүсті тоқталар болсақ, екі салмақтағы (әсіресе, 52 келідегі) жігіттеріміз жеңілген жоқ сияқты. Бірақ төрешілердің шешімі басқаша болды. Бір жағынан, бар кінәні рингті айнала отырған қазыларға аудара сала алмаймыз. Біле білсек, Азия бокс федерациясының президенті – қазақ, Серік Қонақбаев. Яғни "төрешілер көпе-көрнеу қиянат жасады" деп, байбалам салуымыз қисынсыз секілді.

Негізі, жеңілістеріміздің себебін өзімізден іздегеніміз дұрыс сияқты. Неге біздің боксшыларымыз Ташкент шаршы алаңына шыққанда, білгендерінен жаңылды? Қиқу салған жергілікті жанкүйерлердің мысы басып кетті ме, әлде психологиялық тұрғыда мұндай жағдайға дайын болмай шықты ма?

Жалпы, Өзбекстан астанасына барған боксшыларымыздың спорттық баптары қандай деңгейде болды? Олардың кейбіреулері үшінші раундта титықтап қалғандай болып көрінген де сияқты. Ал қайсыбіреулері жұдырығын кезеніп, оңтайлы сәтті күтіп жүріп алғандай-да. Тізе берсек, біз түсінбеген тұстары көп...

Отандық федерация мен жаттықтырушылар құрамы мұның бәрін аяқсыз қалдырмай, егжей-тегжей саралап, нақты шешімдер қабылдайды деп сенеміз. Өзбек рингіндегі өзегімізді өртеген жеңілістерімізді “жабулы қазан” күйінде қалдыруға болмайды. Боксшыларымыз Ташкенттегі сәтсіздігімізден сабақ алып, алдағы әлем чемпионатында ел намысын абыроймен қорғайды деп үміттенеміз.             

Азия чемпионатының жүлдегерлері

Алтын

Василий Левит (91 келі);

Күміс

Абылайхан Жүсіпов (69 келі),

Ерік Әлжанов (81 келі),

Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі);

Қола

Азамат Исақұлов (52 келі),

Қайрат Ералиев (56 келі),

Бекдәулет Ибрагимов (64 келі),

Әбілхан Аманқұл (75 келі),  

Басқа салмақтардағы Азия чемпиондары, Өзбекстан бокшылары:

Хасанбой Дусматов (49 келі),

Жасур Латипов (52 келі),

Муроджон Ахмадалиев (56 келі),

Елнұр Әбдірайымов (60 келі, ұлты – қазақ),

Икболжон Холдаров (64 келі),

Шахрам Гиясов (69 келі),

Исраил Мадримов (75 келі),

Бектемир Меликузиев (81 келі),

Баходир Джалолов (+91 келі)

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу