17 отбасы қоныс тойын тойлады

5618

Алматы облысы Шамалған ауылының тұрмысы төмен отбасылары баспанаға ие болды.

17 отбасы қоныс тойын тойлады

Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылдық округының халқы дән риза. Себебі осы ауылдың баспанаға мұқтаж отбасылары күтпеген жерден қуанышқа бөленді. Жерлестеріне қолұшын беріп, демеушілік жасап жүрген Қарасай ауданының құрметті азаматы, меценат Болат Назарбаев тағы бір қайырымдылық шараға мұрындық болды.

Бүгін әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін салып берген 20 үйдің 17-сі пайдалануға берілді. Оның құрылысына 124,5 млн теңге жұмсалған. Одан бөлек 35 млн теңге инженерлік коммуникация жұмыстарына көзделсе, нәтижесінде 75 үйге су құбыры тартылды.

Салтанатты шараны ашқан Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бұл игілікті шара елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласындағы "Туған жер" бағдарламасы аясында жүзеге асып отырғанын айта келе, бүгінде облыс төңірегінде халықтың әл-ауқатын жақсартуға қатысты ауқымды жұмыстар атқарылып жатқандығын тілге тиек етті. "Соңғы кезде "Нұрлы жол" бағдарламасының арқасында көпқабатты тұрғын үйлер салынып, баспанасыздардың қатары азайып жатыр" деген әкім кілт тапсыру рәсімін демеушінің өзіне табыстады. "Менің кілтті тапсыруға қақым жоқ. Үйді салып берген азаматтардың өздері тапсырсын" деді ол.

Күтпеген жерден баспанаға ие болған тұрғынның бірі – 7 баланың анасы Бақыт Иманғалиева. Ол атақонысына 2010 жылы келген. Содан бері шиеттей бала-шағамен пәтер жалдап келген жалғызбасты ананың арманы бүгін орындалды. 6 бөлмелі үйін көруге асыққан көпбалалы ананың қуанышында шек жоқ. Тіпті, үйдің іші жиһазбен жабдықталған.

Баспаналы болған 17 отбасы ешқандай кезекке тұрмаған. Олардың тізімі жергілікті әкімдік арқылы алынған. Ал екі үйдің иесі ғана – баспана кезегіне тұрған мүмкіндігі шектеулі отбасы.

Бір айта кетерлігі, Болат Назарбаев өзінің елге жасаған қайырымдылық шараларын көпшілікке жария ете бермейді екен. 2010 жылы болған Қызылағаштағы оқиғадан кейін де өз қаржысына 20 үй салып бергенін жергілікті жұрт айтып жүр. 

Бұлбұл Болат 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу