2017 жылғы зейнетақы мен жәрдемақының мөлшері

69325

Бірінші, екінші және үшінші бала туғанда – 71270 теңге, төртінші және одан көп бала туғанда  – 118783 теңге төленеді.

2017 жылғы зейнетақы мен жәрдемақының мөлшері

Халық әлеуметтік төлемдердің сәл де болса көбейгеніне қуанады. Осы ретте abctv.kz тілшісі жаңа жылдың басынан бастап төленетін әлеуметтік төлемдердің 9%-ға көтерілгендегі жаңа көрсеткішін тізбектеп шықты.

Мемлекет зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерін қайта есептеуді желтоқсан айында аяқтады. Жаңа жылдың басынан бастап ел азаматтарына жаңа мөлшермен төлеуді бастап кетті. Республикалық бюджетпен базалық көрсеткіштер бекітілді. Сонымен 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2269 теңге болды. Ең аз зейнетақы – 28148, күнкөріс минимумы – 24459, базалық зейнетақы төлемі – 12802, жалақының ең аз мөлшері 24459 теңге болып белгіленді. Жаңадан тағайындалатын зейнетақы мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары кіріс – 93029 теңге.

2017 жылғы зейнетақы мен жәрдемақының жаңа мөлшеріне келсек, бірінші, екінші және үшінші бала туғанда – 71270 теңге, төртінші және одан көп туған балаға – 118783 теңге төленеді. Егер егіз бала дүниеге келсе, бір жолғы жәрдемақы әр балаға жеке төленеді және оның мөлшері туу кезегіне байланысты беріледі.

"Бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне берілетін жәрдемақы мөлшері де артты. Бірінші балаға – 13070 теңге, екінші балаға – 15452 теңге, үшінші балаға – 17812 теңге, ал төртінші және одан да көп балаға 20195 теңгеден тағайындалды. Бала күтіміне берілетін бұл жәрдемақылар жұмыс істемейтін анасына немесе әкесіне республикалық бюджет қаражатынан төленеді. Ал бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айрылу жағдайына қарай ай сайынғы әлеуметтік төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Оның мөлшері әйелдердің орташа айлық кірісінің 40%-ы. Мүгедек-баланы тәрбиелеуші ата-анасына, қамқоршысына, тәрбиелеушісіне 25682 теңгеден төленеді, ол отбасының кірісіне қарамастан тағайындалады", – дейді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік емес АҚ Астана қаласы бойынша филиалы – "Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы" департаменті директорының орынбасары Гаухар Мұханбетжанова.

Оның айтуынша, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны төлеу үш топқа бөлінеді. Жалпы аурулар бойынша, әскери қызметте жарақат алғандар және мемлекеттік орган қызметкерлеріне арнайы тағайындалады.

Мәселен кәсiби аурудан мүгедек болғандар мен бала кезінен мүгедектерге қатысты былайша тағайындалады. 1-топ мүгедегіне – 43 538 теңге, 2-топ мүгедегіне – 33999 теңге, 3-топ мүгедегіне – 23970 теңге, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға – 32042 теңге, бала кезінен 1-топ мүгедегіне – 43538 теңге, бала кезінен 2-топ мүгедегіне – 35466 теңге, бала кезінен 3 топ мүгедегіне – 27884 теңге.

Елімізде әскери қызмет кезінде, азаматтық немесе әскери мақсаттағы ядролық нысандардағы апаттың зардабын жою салдарынан мүгедек болып қалған адамдар бар. Олардың 1-топтағы мүгедегі – 51609 теңге, 2-топ мүгедегі – 41581 теңге, 3-топ мүгедегі 32042 теңге алады.

Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары мен бұрынғы Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң қызметкерлерi арасынан шыққан 1-топ мүгедегіне – 67018 теңге, 2 топ мүгедегіне – 47696 теңге және 3 топ мүгедегіне 32042 теңге тағайындалған.

Сонымен қатар, "Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы" департаментінің маманы Тимур Оспановтан асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы мөлшері туралы сұрап білдік.

"Еңбекке жарамсыз бір мүшесі болғанда – 21035, екеу болғанда – 36444, үшеу болғанда – 45250, төртеу болғанда – 47940 теңге төленеді. Бесеу болғанда – 49652 теңгеден отбасының барлық еңбекке жарамсыз мүшесіне беріледі. Отбасының еңбекке жарамсыз алты және одан да көп мүшесі болғанда әрбір мүшесіне арналған жәрдемақының мөлшері 51609 теңге", – дейді ол.

Маманның айтуынша, бұған қоса жерлеуге берілетін жәрдемақының арнаулы мемлекеттік жәрдемақы секілді бірнеше түрі бар. Сол сияқты Кеңес одағының батырлары, үшінші дәрежелі Еңбек даңқы орденінің иегерлері, "Қазақстанның ғарышкер-ұшкышы" мәртебесі атағына ие болғандарға – 314552 теңге тағайындалған.

Тағы бір айта кетерлігі, президент тапсырмасын орындау үшін 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР 2005 жылдың 28 маусымындағы "Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы" заңына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бала туғанда берілетін жәрдемақы мөлшерін 20% көтеру көзделіп отыр.

Осы ретте денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап төртінші бала туғанда берілетін жөргекпұл 118 мың теңге болса, шілде айында 142947 теңге болатынын айтты. "Бұл жерде шілде айына дейін туғандар мүмкіндігі болса, құжат рәсімдеуге асықпағаны жөн. Яғни 1 шілдеде жаңа заң күшіне енгенде құжатын кешіктіріп тапсыруға болады. Ол ешқандай заң бұзушылық болып саналмайды", – деген еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу