banner

60 млн теңге желге ұшқалы тұр

Клара Ларина Клара Ларина
3513

"ҚазАгроҚаржы" АҚ менеджерлерінің немқұрайлығы "Ордабасы Құс" ЖШС-ны кеңейтуге бөлінген мемлекеттік қаржыны тәркілеуге себеп болуы мүмкін.

60 млн теңге желге ұшқалы тұр

Орталық Азия бойынша күркетауық өсіретін жалғыз кәсіпорын - "Ордабасы Құс" ЖШС-ның жарты жылға созылған мәселесі ­- ОҚО кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі кеңестің соңғы отырысында талқыланды.  

Бюджет инвестициясын тәркілеу тарихы

Құс кешенінің жылдық қуатын қазіргі 10 мың тоннадан 20 мың тоннаға дейін  өсіруге мүмкіндік беретін ЖШС-ның жүгері өңдеп кептіретін 20 мың тонналық астық қоймасын құру жөніндегі инвестициялық жобасының іске аспай қалу қаупі бар.

Жасалған келісімге  сәйкес, инвестжобаны қаржыландырушы "ҚазАгроҚаржы" АҚ жабдықты сатып алып, оларға лизингке беруі керек болатын. Алайда берілуге тиіс жабдықтың жартысын "ОГЕМ" ЖШС-ның уақытша сақтау қоймасына қойып, оны уақытша сақтау мерзімі біткенге дейін, яғни 2016 жылдың 4 қыркүйегіне дейін рәсімдемеген және бұл мерзімді ұзартпаған.

Ақыр соңында Шымкенттің  әкімшілік соты 2016 жылдың 11 қазанында "ҚазАгроҚаржы" АҚ-ны әкімшілік жауапкершілікке тартып, 100 АЕК көлемінде 106 050 теңге әкімшілік айыппұл салған (бұл айыппұл төленген-автор еск.). Айыппұл салып қана қоймай, 60 млн теңге тұратын тауарды мемлекетке пайда ретінде тәркілеуге шешім шығарған.

ЖШС-ның сондай-ақ өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен "Атамекен" КҰП-тың әр түрлі жергілікті және республикалық органдарға жазған аппеляциялық шағымдары мен хаттары әзірге оң нәтиже бермей тұр.

Бюджеттің ақшасына сатып алынған тауарды мемлекеттің пайдасына тәркілеу туралы облыстық соттың шешімі әлі өзгерген жоқ. КҰП - тың көлік прокуратурасы мен бас прокуратураға жазған өтінішінен де жақсы хабар болмады.

Тап осы уақытта ҚР Парламенті сенатының жеті депутаты "Ордабасы Құс" ЖШС-ны қолдап, мамыр айында бас прокуратураға өтініш жолдаған.

Сонымен қатар Қазақстан кәсіпкерлері құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовтың қабылдауында болған. Бизнес-омбудсмен қолдау көрсетуге уәде беріп, тауарды тәркілеу түріндегі қосымша әкімшілік жазалауды жоюға көмек сұрап, ҚР Бас прокурорының атына хат жолдаған.

Әзірге жауап жоқ. Ал жабдық уақытша сақтау қоймасында тұр.

60 миллионның жабдығы қаншаға сатылады?

"Тәркіленген тауар тіпті металл сынығының бағасымен да өтпейді, өйткені ол "Ордабасы Құс" компаниясынан басқа ешкімге керек емес.  Жабдық кешеннің бір бөлшегі, сондықтан оны жеке қолдану мүмкін емес. "ҚазАгроҚаржы" АҚ  (ҚАҚ) – квазимемлекеттік кәсіпорын, жадбықты сатып алуға қаражатты Ұлттық қордан бөлген болатын. Сонда бюджеттің 60 млн ақшасы құр босқа  желге ұшқаны ма? Бұл жабдықты қаншаға сататынын да білмеймін. Егер голландық әдіспен сататын болса, онда 6 млн теңгеге кетеді", - деп ашуланды ОҚО ӨКП директорының орынбасары Ғазиз Натбаев.

 Ешкімге қажеті жоқ жабдықтың жартысын тәркілеп, содан кейін оны металл сынығы ретінде сатып, мемлекетке табыс әкелу  ақылға сиымсыз деп есептейді ОҚО Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет кеңесі төрағасының орынбасары, "Лекс-Сервис" адвокаттық кеңсесінің басшысы Мелес Сейтжанов.

Ірі бюджеттік қаражатты жоғалтумен қатар мұндай қадам құс кешенінің жұмысына кері әсерін тигізеді. Мұның салдары қандай болатынын ОҚО КП кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі бөлімнің сарапшысы Маржан Сарыбаева атап көрсетіп: "Ордабасы Құс" ЖШС-де орын алған жағдай салдарынан инвестициялық жобаны іске асыру мерзімі  кешіктіріліп отыр. Кәсіпорында барлығы жөнделіп, дайындалып, жобаны іске қосу үшін жабдықтың соңғы бөлігін былтырғы жылдың күзінен бері күтіп отыр. Осылайша, олар  өндірістің жоспарланған қуатын кеңейтуге шыға алмауда.  Ал бұл Қазақстандағы күркетауық етін өндірумен айналысатын жалғыз кәсіпорынның жұмыс істеуіне және қазақтандық АӨК-нің бұл бағытын дамытуға зиянын тигізеді. Тіпті жаңа жабдыққа тапсырыс бергеннің өзінде бұған үлкен қаражат пен уақыт кетеді.

Сонымен бірге әлеуметтік жағы да маңызды. ЖШС жаңа жобаны іске қосу үшін кадрларды дайындап, жұмысқа алған. Енді оларды қысқартуға мәжбүр. Одан әрі оларды жұмыспен қамту мәселесі туындайды, өйткені қысқарып қалған жұмыскерлер ауыл тұрғындары. Олар енді жұмыс іздеп Шымкентке және басқа да ауылдық жерлерге қарай ағылады, өйткені оларға ауылда басқа жұмыс жоқ", - деді.  

Жабдықтың жайы кімге батады?

Компания өкілі айтылған мәселелердің қиындық тудыратыны рас екенін мойындап, мәселені шешуге көмек сұрады, алайда әзірге еш нәтиже болмай тұр.

Тараптар "ҚазАгроҚаржы" АҚ-ның еш әрекет етпей, селқостық танытып отыруына наразылық білдірді. Мәселені алқа талқылауына шығарудың да  бірден бір  себебі осы болатын. ҚАҚ тауардың уақытша сақтау мерзімін ұзартуға мүмкіндігі бола тұра оны істемегендігі туралы ақпардың айтылуы отқа май құйғандай, мәселені одан әрі ушықтыра түсті.

"Осы мәселе туындағаннан бері қалтасынан бір тиын шықпаса да тек "Ордабасы Құс" компаниясының басшысы жүгіріп жүр,- деді Ғазиз Натбаев. – Ол инвестжобаның іске асуына қызығушылық танытып отыр. Ал тауардың иесі болып табылатын ҚАҚ тарапынан белсенділік жоқ. Не ауыл шаруашылық министрлігіне, не үкіметке, болмаса бас кеңсеге өтініш түспеген. Соған қарағанда оларға бәрібір сияқты".

"Сіздер құрылтайшыларға, бас ұйымға неге хабар бермейсіздер? Бюджеттің ақшасын қайтарып алуға неге тырыспайсыздар?!" - деп сұрады ол.

 "Егер олар қарап отырып, 60 млн теңгені жоғалтатын болса, онда мұның бір себебі бар шығар, соны қарастыру керек. Яғни мемлекеттің ақшасының босқа кетіп жатқанына жаны ашымайды деген сөз. Бір күн кешіктіргенге осынша ақшадан қалай айырылып қалуға болады? Егер толық жабдық болса ғой, кейін сатып жібересің. Ал бұл жерде барлығы металл сынығына кеткелі тұр. Мен бұл жағдайды түсіне алмаймын. Мүмкін  біреу әдейі істеп отырған шығар?" - деді кеңес мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Өмірзақ Мелдеханов.

Егер әңгіме мемлекеттің ақшасы емес, өз ақшасы туралы болса, мұндай жағдай болмас еді, - дейді кеңес мүшесі, кәсіпкер Владимир Накисбаев. "ҚАҚ келісімшарт шартын орындаған жоқ. Мәселені осы жерден бастау керек. Бұл мәсені ең бірінші олар көтеру керек еді. Бұдан неге кәсіпкер зардап шегуі керек? "Ордабасы Құс" компаниясы тиімділікті жіберіп қойғаны туралы арыз беруі керек", - деді ол.

Отырысқа қатысқан "ҚазАгроҚаржы" АҚ филиалының заңгер-кеңесшісі Ольга Иванова: "ҚАҚ қолдан келгеннің бәрін істеді. Соттың бірінші инстанциясына, облыстық сотқа шағымдандық, Бас  прокуратураға өтініш жаздық,  енді жауабын күтіп отырмыз", - деп босқа қарап отырмағандарына  сендіруге тырысты.

Алайда заңгер-кеңесші  төленген әкімшілік айыппұлды тағайындаудың заңсыз екенін және құқық бұзушылық болғаны туралы фактіні  мойындады. Ол бұл  кешіктіруге осы іске жауапты адамның облыстың бір ауданында іссапарда болғаны себеп болғанын айтты.

Ол кінәлі адамға тәртіптік жаза қолданылғанын, осы іс толығымен шешілгеннен кейін соңғы шара қолданылатынын айтты.   

Тәркілеу керек пе, жоқ па?

Филиалдың заңгер-кеңесшісі сотта  жабдықтың не үшін қажет және оның ерекшелігі неде екені түсіндіріп, әкімшілік құқық бұзушылықтың болғанын мойындап  және бұның бірінші рет орын алып отырғанын ескеріп, жеңіл шара қодануды сұрағанын айтты. Алайда сот олардың дәлелдерін есепке алмай, әкімшілік айыппұл мен мүлікті тәркілеу санкциясын қолданған.

"Тәркілеу немесе тәркілемеу туралы шешім сотпен белгіленеді. Мұндай жағдайда ресейлік сот 10 күнге мұрсат беріп, осы уақыт ішінде тек әкімшілік айыппұл төлетіп, мүлікті тәркілемейді. Егер тағы да қайталайтын болсаң, онда мұндай жеңілдік болмайды.

Ал біздің заңда мұндай мерзім қарастырылмаған. Өзімнің барлық заңгерлік базамды қарап шықтым, бірақ сотпен белгіленген тәркілеуден құтылудың жолы жоқ", - деді Ольга Иванова.

Бұл жағдай заңнаманың да жетіспейтін тұстарын көрсетіп отырғанын кеңес мүшелерлі бірауздан мойындады.  

"ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 541-бабына сәйкес, тауарды тәркілеу жазалаудың міндетті түрі болып табылмайды. Өйткені осы баптың санкциясында тауарды тәркілемей-ақ құқықтық жауапкершілікке тартуға болатыны көрсетілген. Қоймадағы тауарды рәсімдеуді кешіктіруден айтарлықтай шығын болмаған. Ал тауарды тәркілеу, керісінше, үлкен зиян келтіреді", - деді сарапшы Маржан Сарыбаева.

ӨКП директорының орынбасары Ғазиз Натбаев осындай істерді қарастыруда соттардың жүйесіз тәжірбиесіне тоқталды. Оның айтуынша, оңтүстік қазақстандық екі кәсіпорын - "Қаз Хансоль" және  "KarlscronaLCAB" ЖШС-да осыған ұқсас  жағдай болған. Алайда облыстық сот жабдықты тәркілеу түріндегі қосымша әкімшілік жазалауды алып тастаған.

"Біреулерге тәркілеу шарасы қоданылады, біреулерге қолданылмайды. Еліміздің әр өңіріндегі осыған ұқсақ сот тәжірибесін сараптап, жинақтап, "Атамекен" КҰП алдына мәселе ретінде шығарып, шешімін сұрау керек".

Сонымен бірге қарарға бұл мәселе бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне жазылған хатқа бастамашылық ету туралы ӨКП-і кәсіпкерлердің ұлттық палатасына өтініш жасауы керек деген  ұсыныс енгізілді.

"Бұл мәселенің барлығы өңірлік деңгейде шешілмейді. Оны тек Астанада ғана шешуге болады. Қазақстандағы кәсіпкерлік ортаны дамыту үшін инвестициялық жобаны сақтап қалу мақсатында кез келген мемлекеттік орган заңмен және басқа нормативтік-құқықтық актімен қарастырылған барлық шараны қолдануы керек", ­ - деді Мелес Сейтжанов.

Гүлназ Ермағанбетова, Клара Ларина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу