Адамдар далада қалмайды

Облыс әкімі 8 отбасыға үй сатып әперуге уәде берді. 

Адамдар далада қалмайды

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов табиғи апаттың салдарына қатысты брифинг өткізіп, 10 наурызда басталған тасқын кезінде 229 үйге су кіргенін мәлімдеді.

Әкімнің сөзінше, Аягөз қаласында -189, Өскеменде - 24, Ұлан ауданында - 5, Глубокое ауданында - 8, Зайсан ауданында - 2, Күршім ауданында - 1 үй суға батқан. Бұған 193 аула мен 110 саяжай қосылған. Қарғын судан Зырян, Катонқарағай, Тарбағатай, Шемонайха аудандары мен Риддер қаласы жапа шеккен.

"Аягөз болашақ" қорына облыстық "Парыз" қорынан 50 млн теңге аудардық. Үйі құлаған 8 отбасыға дереу үй сатып алып береміз. Осы сөзімнен кейін Аягөзде үй бағасы қымбаттамайды деп үміттенемін. Екі күн бұрын мұнда 15 үй сатылады деген ақпарат болған. Сол кездегі баға өзгермейді деп сенемін. Қымбаттап кеткен күннің өзінде адамдарды далаға тастамаймыз. Кеше Аягөздің жағдайымен таныстым. Апат Аягөз халқын біріктіре түсіпті. Елдің береке-бірлігі қиын сәтте сыр берген жоқ. Үйін су шайып кеткен адамдармен де сөйлестім. Ең бастысы, адамдардың ертеңге деген сенімі жоғалмаған. Біз сол сенімді ақтаймыз", –  деді Даниал Ахметов.

Облыс басшысының пікірінше, Аягөздегі жағдай қайталанбас үшін  мамандар табиғи жағдайды әуеден бақылап, мониторинг жүргізетін болады. Қазір 6 тікұшақ әуеге көтеріліп, тиісті ақпаратты штабқа жеткізіп жүр.  

Сөз арасында Даниал Ахметов Ұлан ауданының Мамай батыр ауылына жаңа көпір салынатынын растады.

"Бұрынғы көпірдің асты темір, беті ағаш болатын. Оның орнына темір-бетон материалдан ені әлдеқайда кең жаңа көпір саламыз", – деді аймақ басшысы.

Базар буырқанды
13 наурызда қатты еріген қар Тарбағатай ауданындағы Базар өзенін арнасынан асырып жіберді. Су Сәтпаев ауылдық округіне қарасты Көктүбек елдімекеніне жайылды.

"Барлық күш үйлерді қорғауға жұмсалды. Осының өзінде 4 үйдің ауласын су алды. Оқиға орнында 35 адам, 5 техника жұмыс істеді", – деген ақпарат таратты облыстық төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі.

Осы күні Шемонайха ауданының Верх-Уба ауылында да төрт үйдің ауласын су басқан. Мұнда да тиісті қызмет өкілдері құтақару жұмысымен айналысқан.

Жоғалғандар табылды
Глубокое ауданының Сержиха өзенінен өте алмаған жеті адам аман-есен табылды. Олар үш күн бойы омартада түнепті. Өзен суы көтеріліп, кері қайта алмай қалған топты туыстары іздестірген. Аумақта ұялы байланыс болмағандықтан, қиындыққа тап болғандар ешкімге хабарласа алмаған.  Құтқарушылар оқиға орнына әмбебап техникамен барып, адамдарды Тарханка ауылына жеткізген. Олардың ешқайсына  медициналық көмек  қажет болмаған.

"Құтқарушылардың ескертуіне қарамастан, адамдар сапарға шығуын қоймай отыр", – деп мәлімдеме жасады төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері.

Жылу жиналып жатыр
Облыстық мешіт ұйымдастырған "Шығыстың асары" акциясы еліміздің барлық мұсылмандарын қарғын судан зардап шеккен жерлестерімізге көмек қолын созуға үндеуде. Бүгінгі таңда Өскемендегі 4 мешітке адамдар жылу жинап жатыр.

"Бұл бастамаға барлық мешіттер қолдау көрсетуде. Қордай, Шиелі, Тараз, Қарағанды, Астана, Алматы, Қызылорда мешіттерінің өкілдері хабарласып, банктегі есешотқа қаржы аударуда. Заттай келіп жатқан көмек те бар. Қомақты көмек жиналғанда үлестіру жұмысын бастаймыз", – деді Халифа Алтай мешітінің найб-имамы Дәулет Қабидолдин. Ал қоғам белсенділері мен кәсіподақ өкілдері республика көлемінде "Тасқын-2018"  акциясын қолға алды. Әзірге бұл топ 10 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жинап үлгерді.  

Өңірлер арасында аягөздіктер жолдаған үндеуге Атырау облысы ең бірінші болып жауап қатты. Атырау облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Роллан Құспанның айтуынша, гуманитарлық көмек 19 наурызға дейін жиналады, содан кейін Шығыс Қазақстан облысына жөнелтіледі.

"Біздің еріктілер су тасқыны болған жерлерге барып, көмек көрсетуге бел буып отыр", – деді Роллан Құспан.

Айтпақшы Атырау облысы әкімдігі аппараты мен басқармаларының өкілдері су тасқынынан зардап шеккендерге қаржылай көмек жинап жатыр. Олар мемлекеттік қызметшілердің бір күндік еңбекақысын арнайы есепшотқа аудармақ.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу