АХҚО Еуразиялық кеңістіктің экономикасына сенеді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
1980

Басты мақсаттың бірі – ТМД мен ЕАЭО елдеріндегі дәулеттілердің қаржысын тарту.

АХҚО Еуразиялық кеңістіктің экономикасына сенеді

Астана Халықаралық Қаржы Орталығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, орталық қызметінің негізгі бағыты – капитал нарығын дамыту, активтерді, дәулетті жеке тұлғалардың әл-ауқатын басқару, исламдық қаржы сонымен қатар жаңа қаржы технологиялары.

Капитал нарығы

Алдымен елдегі капитал нарығын дамыту мақсатында қаржы орталығы әлемдік деңгейдегі ірі биржалық орталықтарымен әріптестік құра отырып, Астанада қор нарығын құруды көздейді. Әзірге Қазақстандағы жалғыз Қазақстандық қор биржасының (KASE) тек елдің ірі стратегиялық маңызды активтерімен сауда жасайтынын және ондағы нарыққа мемлекеттің тікелей араласатынын есепке алсақ, Астана қаржы орталығының шетелдік ірі бизнес үшін әкімшілік және бәсекелестік жағынан тым тартымды бола қоймайтыны анық. Бұл тұрғыда, экономиканың негізгі қозғаушы күші саналатын бизнестің біздің қаржы орталыққа келіп сауда жасауы үшін жеке меншік брокерлік компаниялардың ашылуына жағдай жасаудың қажеттілігі анық байқалады.

Екіншіден, 2018 жылдан бастап жұмыс істейді деп жоспарланған қаржы орталығында бастапқыда "Самұрық-Қазынаға" тиесілі компаниялардың ғана саудаға шығарылуына мүмкіндік бар. Оның өзінде алдымен мұнай-газ саласындағы кәсіпорындарға басымдық берілмек. "Самұрық-Қазына" компанияларының мемлекет активі екенін, жекешелендіру жұмыстарының тым бәсең жүруі де қаржы орталығы іске кіріскен кезде бірден сауда қызып кетпейтінін көрсетсе керек.

Активтерді басқару

Халықаралық қаржы орталығының екінші басым бағыты – активтерді басқару.

Астана халықаралық қаржы орталығы тек Қазақстанда ғана емес, сонымен де тұтас өңірде активтер мен капиталдарды басқару нарығын дамытуға ықпал етеді. Астананың қазіргі күннің өзінде өңірлік қаржы орталығын қалыптастыруға ықпал ететін нақты артықшылықтары бар. Бұл артықшылықтарға басқаруға қолжетімді ақша қаражатының айтарлықтай көлемінің, қолайлы салық климатының болуы, экономикалық және саяси тұрақтылық жатады. Активтерді басқару жөніндегі жетекші әлемдік компаниялар орталыққа тартылып жатыр, осылайша толыққанды қаржы орталығын қалыптастыру үшін қажетті тиісті қаржы инфрақұрылымы жасалуда", – деп жазады баспасөз қызметі.

Дегенмен, бұл әзірге жоспар ғана. Қор нарығы қайнау үшін нақты экономика керек. Мемлекеттің тірегі мықты болмайынша, "сабын көпірігі" делінетін құнды қағаздар нарығы ел экономикасы үшін қауіпті. Бұл тұрғыда қаржы нарығына кіреміз деп дайын отырған компанияларды анықтап алу керек. Әзірге АХҚО басшылығы нақты қандай компаниялардың келе жатқаны туралы ақпаратпен бөлісе алмай отыр.

Исламдық қаржы жүйесі

Исламдық қаржы нарығын қалыптастыру мәселесіне келер болсақ, бірнеше күн бұрын Астанада өткен конференцияда исламдық банк саласының мамандары Астанаға келіп жұмыс істеуге дайын отырғанын мәлім етті. Олар үшін Астана Еуразиялық кеңістікке ашылған есік болмақ. Өйткені, шарада айтылғандай, Қазақстан қазіргі таңда ТМД елдері ішінде заманауи исламдық қаржы заңнамасын қабылдаған жалғыз мемлекет. Бұл тұрғыда, әу бастан Дубай Халықаралық Қаржы Орталығы моделімен қолға алынған Астана орталығы мұсылман қаржыгерлерге қолайлы жағдай жасай алуға тиіс.

Бүгін ғана БАӘ-ге жасан сапары барысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Дубай Халықаралық қаржы орталығының басшылығымен кездесіп, Дубайдағы тәжірибемен танысты. Онда Нұрсұлтан Назарбаев Астана халықаралық қаржы орталығының жұмысын ұйымдастыру барысында біздің еліміз Біріккен Араб Әмірліктерінің тәжірибесін зерттеп, қолданып отырғанын атап өтіп, орталықтың жұмысын одан әрі тиімді жүргізу мақсатымен бірқатар шаралар іске асырылғаны туралы сөз болды.

Жеке тұлғалардың дәулетін басқару

Астанада Қаржы Орталығын құрудағы басты мақсаттың бірі ТМД мен ЕАЭО елдеріндегі дәулетті адамдардың қаржысын тарту екені белгілі. Тіпті, қаржы орталығы туралы әңгіме басталған кезде елбасының өзі Астананың тек қана қаржы орталығы емес, сонымен қатар  Ресей мен жалпы ТМД елдерінің ірі кәсіпкерлері үшін оффшорлық аймақ болатынын айтып қалған.

Жалпы, АХҚО-ның Мәскеуде іске аспай қалған қаржы орталығының орнын толтыру үшін қолға алынған іс екенін де айтатындар бар. Қалай болғанда да, Астана қаржы орталығы Лондонда жасырынып жатқан қазақ кәсіпкерлерінің дәулетін елге тартудың бір құралына айналдыру жоспарда бар әрі бұл жоспардың жүзеге асырылуына қатысты оптимистік болжам да жоқ емес. Өйткені, Астана халықаралық қаржы орталығының өзі ағылшынның заңымен жұмыс істейтінін білеміз. Қазақстанның ұлттық заңнамасы мұнда жүрмейді. Шетелдік компаниялардың жұмыс істеуіне ыңғайлы болу үшін тағы да сол Дубайдың үлгісімен қаржы орталықтың ортақ заңын англо-саксондық болсын деген шешім қабылданған. 

Жасыл қаржы

АХҚО-ның ендігі бір бағыты – жасыл қаржы құру. ЭКСПО-ның "мұрагері" болатын қаржы орталығы айтулы көрмеден қалған технологияны нақты бизнеске бұруға ниетті. Бұл тұрғыда Сингапур халықаралық қаржы орталығының тәжірибесі үлгі болмақ.

Мемлекет басшысының бұл жолғы БАӘ сапарының мемлекеттік сапар деп аталмауы бұл жолғы кездесуге белгілі бір деңгейде құпиялық ұялатады. Оның үстіне биыл қаңтар айында ғана  Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл елге мемлекеттік сапармен барғаны есімізде. Онда мемлекет басшылары деңгейіндегі кездесуде екіжақты бірнеше құжатқа қол қойылған. Арасында Астана-Дубай қаржы орталықтары арасында өзара түсіністік туралы меморандум да бар.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу